Қазақстан • 01 Сәуір, 2020

Қазақстанда МӘМС жүйесі шілдеден бастап толық жұмыс істейді

289 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қазақстандағы медициналық көмек жүйесіне (МӘМС) қатыспайтын азаматтарға қызмет көрсету үшін ішкі резервтерден 20 млрд  теңге бөледі», деп хабарлады осы қордың басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.

Қазақстанда МӘМС жүйесі шілдеден бастап толық жұмыс істейді

Оның айтуынша, әрбір азамат медициналық қызмет алуға құқылы. Ол ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толығымен жұмыс істеуі керек екенін еске салды. Бірақ, коронавирустың таралуына байланысты төтенше жағдайдың енгізілуін ескере отырып, ел Президентінің тапсырмасы бойынша түпкілікті көшу 1 сәуірден 1 шілдеге ауыстырылды.

Әлеуметтік мәртебеге және сақтандыру мәртебесіне қарамастан, әрбір азамат сақтандырылған болып саналады. Бұл оған медициналық көмек пен әлеуметтік сақтандырудың кепілдендірілген көлемі аясында медициналық қызмет алуға мүмкіндік береді.

Қор басшысының айтуынша, бөлінген қаржы қосымша 2,5 миллион қазақстандыққа сақтандыру компанияларының көмегімен тегін емделуге мүмкіндік береді.

«Келесі тоқсанда бұл сан ұлғаюы мүмкін»,  деді Жұмағұлов.

Бүгін осы жаңалыққа қатысты шұғыл онлайн жиын өткізген сақтандыру компанияларының мүшелері саланың алға жылжуына мүмкіндік беретін басым бағыттарды белгілеп алу қажеттігін, басымдық денсаулықты сақтандыру саласына бөліну қажеттігін айтты. Себебі бұл мәселе талай жылдан бері айтылып келе жатқанымен, оның мүмкіндігін қолданғандар аз болатын.

Сақтандыру саласының өкілі Г. Ысқақованың түсіндіруінше, денсаулықты сақтандыру алдағы уақытта саланың локомотивіне айналуы әбден мүмкін екен. «Осы күнге дейін денсаулығын сақтандырғысы келетіндердің үлес салмағы 2 пайызға дейін жетпейтін» деп айтып өтті ол.

Сондай-ақ Г. Ысқақованың түсіндіруінше,   МӘМС-ке қатыспайтын азаматтарға қызмет көрсету үшін ішкі резервтерден 20 млрд бөлгені дұрыс шешім. Себебі денсаулық саласын сақтандыру мәселесі сөз болғанда, басын ашып алуы тиіс мәселелер қордаланып қалған болатын. Мұның ең өзектісі клиенттің сақтандыру саласы бойынша емханаларды таңдау мүмкіндігі. Күні кешеге дейін сақтандыру саласы бойынша тегін қызмет мемлекеттік бюджетке қарайтын мекемелерде ғана көрсетіледі деген түсінік қалыптасты. Ал ондағы жалақының аздығынан, білікті мамандардың ақылы емханаларға ауысып кеткені жасырын емес. Ал ақылы емханалар күні кешеге дейін денсаулықты сақтандыру саласы бойынша ұстанымдарын ашық айтпай келген. Олар бұл ұстанымдарын «сақтандырылушының жеке есебінде жиналатын қаржы көлемі тым аз,  біз мұндай қаржымен жұмыс істесек, шығынға батамыз» деп түсіндіріп келген.

«Ендігі мәселе мемлекеттен бөлінген қаржының қандай жолдармен бөлінетіндігіне байланысты. Мемлекеттің қаржысына иек артпай, бұл салаға инвесторлар тартып, солардың бөлген қаржысымен емдеу қызметін халыққа бірдей қол жетімді етудің мүмкіндіктерін қарастыру керек. Мемлекет мұны екі-үш жыл бақылауға алса, келесі бес-жылдықтарда компаниялар қор жинап, халық жеке шотындағы қаржысын көбейтіп алады. Біз осы арқылы ғана МӘМС арқылы көрсетілетін медициналық қызмет түрлерінің санын көбейте аламыз» дейді  Г. Ысқақова.  

Г. Ысқақованың түсіндіруінше, елдегі кейбір қалталы азаматтар өзінің денсаулығын шетелдік сақтандыру компаниялына сақтандыруға басымдық беретінін де айтып өтті. Қазір, Қазақстанда, орта есепппен 5-6 елдің сақтандыру компаниядлары өздерінің қызметін онлайн түрінде ұсына бастады. Олардың көбейіп кеткені соншалықты, кей кезде оның қызметіне күмән  тудыра бастаған.

«1 шілдегі дейін сақтандыру сегментін қайда тіркелгені белгісіз шетелдік компаниялардан тазарту керек. Жалпы, халықтың денсаулығын сақтандыру саласы мемлекеттің бақылауында болуы тиіс деп ойлаймын. Мемлекет бұл саланы бақылауда ұстау арқылы компаниялардың жұмысын бақылай алады. Бұл ретте өздерін сақтандыру компанияларымыз деп таныстыратын алаяқ компаниялардың халықтың сеніміне кіріп, жер соқтырып кетуіне болмайды. Халықтың денсаулығын сақтандыруға бөлген қаржысы бір орталыққа түсіп, содан кейін келісім шартқа отырған емханасына бөліну керек. Сол кезде ғана қазақстандықтардың бәрі отандық компанияларға басымдық береді» деп сөзін түйіндеді Г. Ысқақова.      

Еске сала кетейік, коронавирус Қазақстанда 13 наурызда анықталған болатын.

16 наурыз күні сағат 8:00-ден бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстанда Төтенше жағдай жарияланды.

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин енгізілді.

1 сәуірде Қазақстанда 369 адам коронавирус жұқтырған, 25-і сауығып, үшеуі қайтыс болған.