Жартылай орта салмақта күш сынасып жүрген айтулы спортшы кезінде FN Global нұқсасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Кичигиннің осы спорт түрін серік еткеніне жеті жылдан асты. Сол аралықта 29 кездесу өткізген ол 23 рет жеңіске жетті. Әр жылдары Алаш Праид, One FC және RCC жарыстарында бақ сынады. Соңғы рет 2019 жылдың 14 желтоқсанында Ресейде өткен турнирде бразилиялық Клебер Соузаны екінші раундта «қылқындыру» әдісімен ұтты.
Естеріңізге сала кетейік, АСА промоушенінде Қазақстанның бірқатар өрендері өнер көрсетуде. Солардың төртеуі «ТОП-10» спортшылар қатарында. Атап айтсақ, жартылай ауыр салмақ дәрежесінде Евгений Егембердиев пен Асылжан Бақытжанұлы төртінші және бесінші орындарды иеленуде. Жеңіл салмақтағы Артем Резников алтыншы орынды еншілеуде. Ал жартылай жеңіл салмақтағы Нұрсұлтан Қасымханов үздік ондықты қортындылап тұр. Бұл спортшылардың барлығы да Алматыда іргетасы қаланған «Алаш Прайд» клубының мүшелері.