Республикалық кәсіпкерлікті қолдау орталығының директоры Дмитрий Казанцев Президенттің тапсырмасы бизнестің барлық түрлерінің жүгін жеңілдету керектігін айтып өтті. Оның түсіндіруінше, Қазақстанда төтенше жағдай мен коронавирустың әсерін тигізбейтін бірде-бір қызмет түрі қалған жоқ.
Төтенше жағдай кезінде бизнесті қолдау үшін үкіметтің қабылдауы қажет шаралар әлі де бар. Үш жыл бойы салық төлеуден босатылған бизнес түрлеріне жеке кәсіпкерлер ғана емес, сонымен бірге жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер де енуі керек. Сонымен қатар, ол төтенше жағдайдан кейін экономиканы қалпына келтіру үшін қазақстандықтарға әлеуметтік төлемдерді жоғарылату қажет екенін айтты.
«Үкіметке төтенше жағдай жойылғаннан кейін не болатынын қазірден бастап ойлану керек. Түсіну керек. Әлеуметтің төлем қабілеті төмен болып қалса, бизнестің құны көк тиын болып қалады. Бұл құбылыс, құстың қос қанаты сияқты. Оны бір-бірінен бөліп қарауға болмайды» деп атап өтті Д. Казанцев.
«Ел тірегі» кәсіпкерлер мен өнеркәсіп одағы іскерлік кеңесінің мүшесі Тимур Жаркенов жалға берушілер мен жалданушылар арасындағы мәселеге де назар аудару қажеттігін айтып өтті. «Жекеменшік мектептер қазір онлайн жүйеге көшкен. Балалар да, ұстаздар да үйлерінде. Мектеп орналасқан ғимараттардың иелері аренда ақысын талап етіп отыр. Арендаторлар мұның себебін салық төлеу қажеттігімен түсіндіреді. Осы мәселені уақытша болса да біріздендіретін кез келді» дейді Тимур Жаркенов.
Тимур Жаркенов бұл жағдай онсыз да қиын кезде бизнеске қысым жасап отырғанын айтып өтті. Жалға берушілер салық ауыртпалығын кәсіпкерлермен бірге көтергісі келетіні түсінікті. Кәсіпкерлер болса қазір жұмыс жүрмей жатқан кезде жал ақысын төлеу қарыздарын еселеп көбейтетінін айтады. «Құзырлы орындар осы мәселені заң жолымен реттеп алмаса, жағдай қиындап кетеді» дейді Тимур Жаркенов.