Елорда • 02 Сәуір, 2020

Дәрігерлерге алғыс білдірді

2341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда коронавирустан сауығып шыққан азаматтардың саны 16-ға жетсе, жалпы Қазақстан бойынша 27 адамға жетіп отыр. Дәрігерлердің бақылауымен стационарда болған пациенттер медициналық қызметкерлерге кәсіби қызметі мен көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс айтты.

Дәрігерлерге алғыс білдірді

«Мен карантинде 14 күн болдым. Бүгін соңғы күнім, барлық медициналық қызметкерлерге, дәрігерлерге алғыс білдіремін. Олар бізге қамқор бола білді. Тамақтары өте дәмді. Ел тұрғындарына айтарым: карантинді елемеуге болмайды. Аса жауапкершілікпен қараңыз! Күш-қуатымыз-бірлікте!» деді стационарда жатқан пациент.

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін стационардан шыққан пациенттер тағы 14 күн бойы үй карантинінде болады.

«Мен шетелден ұшып келдім, мені карантинге жатқызды. COVID-19 сараптамасының нәтижесі теріс болып шықты. Карантинде барлық жағдай жасалды, өте ыңғайлы болды. Дәрігерлер жағдайымды күніге тексеріп, менің  температурам мен дене қысымымды өлшеп жатыр. Күніне бес рет дәмді тамақ береді. Еліміздіюе осындай дәрігерлер мен медбикелер бар екеніне өте қуаныштымын» деп тағы бір емделуші медицина қызметкерлеріне өз алғысын білдірді.

Коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлері сыйақы алды. Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы бекітілген үстеме ақы белгілеу туралы шешімді бекітті.

Төлемдер коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша 3 айдың ішінде жүргізіледі:

«Қауіптілігі аса жоғары» — реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстеме ақы 20 ең төменгі жалақыны құрайды (Жалақының ең төменгi мөлшерi (ЖТМ), 850 мың теңге).

«Қауіптілігі жоғары» – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстеме ақы 10 ЖТМ (425 мың теңге) құрайды. 

 «Қауіптілігі орташа» – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және т. б. Үстеме ақы 5 ЖТМ (212,5 мың теңге) құрайды.