Аймақтар • 03 Сәуір, 2020

Төтенше жағдай тәртібі: Жалған ақпарат таратуда WhatsApp топ бастап тұр

681 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір әлеуметтік желі қолданушылары үшін  шынайы хабар мен жалған ақпараттың аражігін ажырату қиындап кеткені рас. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде мұндай дәйесіз сөз жылдам таралып жатқаны өкінішті. Өйткені, соңғы күндерде коронавирус  инфекциясының таралуына қатысты желдей ескен жалған ақпарат тәртіп сақшыларын ғана емес, дәрігерлерді де әбігерге салып бітті.

Төтенше жағдай тәртібі: Жалған ақпарат таратуда WhatsApp  топ бастап тұр

Жалпы, жалған ақпаратты жылдам тарататын желілер арасында WhatsApp топ бастап тұр екен. Орынсыз қалжың мен тұрпайы әзілдің соңы тұтас ауылды дүрліктірген жағдай жиі қайталанып жатқаны жасырын емес. Ал қазіргідей карантин уақытында жұқпалы індеттің таралуы мен науқастарға қатысты дәлелденбеген ақпарат таратып, бөлісу тіпті ауыр қылмыс болып саналады. Дәл осы жағдай Алматы облысында бірнеше мәрте қайталанды. Әуелгіде Қапшағай қаласында қызмет ететін дәрігер коронавирустың таралуы жайында әзілдеймін деп опық жеген болатын. Өткенде Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласынан індет ошағының анықталғаны жайында жазба жариялаған автор да ұсталып, айыпты болды. Жақында ғана Жамбыл ауданына қарасты Үмбетәлі ауылының 31 жастағы тұрғыны WhatsApp арқылы хабар таратып, өңірдегі Қайназар мен Ұзынағаш ауылдарында екі адамның коронавирус жұқтырғаны туралы жалған ақпаратжолдап жіберген. Өкінішке қарай, бұл ақпараттар дәргерлердің жұмысына кәдімгідей кедергі келтіреді екен. Өйткені, індет жайлы тараған қандай да болмасын хабар бірінші кезекте тексеріледі. Ақпаратта айтылған мекенге арнайы бригада барып, жағдайды сараптап, індет ошағының бар-жоғын нақтылап отырады. Ал мұның қаншалықты қолайсыздық әкеліп, тосын шығынға батыратынын бағамдай беріңіз...

Қазір облыстың барлық ауданындағы орталық ауруханалардың жанынан коронавирусқа қатысты жарияланған жалған ақпаратты анықтайтын жедел топ құрылған. Бұл топ қандай бір хабар тараған жерді жедел анықтап, індет белгісі байқала қалған жағдайда алдын алу шараларын жасайды екен.

- Коронавирус туралы қандай да болсын жария болған ақпаратты жедел әрі мұқият тексеруге міндеттіміз. Бірақ, жалған ақпарат дәрігерлердің жұмысына айтарлықтай кедергі келтіреді. Өйткені, ел арасында денсаулық сақтау саласына қатысты қандай да бір әңгіме шыққан жағдайда, біз оны тексеріп, оның қайдан шыққанын анықтап білуіміз керек. Ол біздің осыған дейін атқарап тастаған жұмысымызды қайта қарап, тексеруге мәжбүрлейді. Яғни, біз мамандардың басым бөлігін осы жұмысқа тартамыз да, дәрігерлер атқаруы тиіс негізгі жұмыстар кейінгі қалады. Сондықтан азаматтардың тек тексерілген, ресми анықталған ақпараттарға ғана жүгінгені жөн болар еді, - дейді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.

Айтпақшы, өтірік-расы анықталмаған кез-келген хабарды көпшілікке тарату, қоғамдық ортада дүрбелең туғызып қана қоймай, заң алдындағы жауап беруге мәжбүр етеді. Мысалға, төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат тарату фактісі Қылмыстық кодекстің 274-бабының 4-бөлігі бойынша жазаланады. Яғни, жеке тұлғаның жалған ақпарат таратқан анықталса, оған үш жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге құқын шектеу немесе бас бостандығынан айыруға дейін үкім кесіледі.