Күйші «Біз біргеміз» атты жаңа туындысында осындай сын-сағаттан тек ұлт болып біріккенде, барлық карантин талаптарын бір қолдың саусағындай жұмыла орындағанда, бір-бірімізге демеу болғанда ғана аман-есен өте алатынымызды айтқысы келеді.
– Төтенше жағдай жариялау оңай емес, оған қоса қазір кейбір адамдар карантин талаптарын сақтамай, үйде отыра алмай, балаларымен үйге сыймай жүр. Бірақ оптимист адам негативтен де позитив көре алады. Сондықтан осы күйімдегі әдемі иірімдер арқылы әр нәрсенің қайыры барын, кез келген қиындықтан сабақ алуға болатынын және адам қаласа, әрқашан уақытты пайдалы өткізуге идея таба алатынын жеткізгім келді, – дейді композитор-домбырашы. Оның айтуынша, еліміздің әр өңіріндегі музыка мұғалімдері шәкірттеріне жаңа туындыны үйрету үшін күйдің нотасын, автордың тартқан үлгісін жолдауды өтініпті.