Өнер • 04 Сәуір, 2020

Театрлар да жаңа жағдайға бейімделе бастады

200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

COVID-2019 бүкіл дүниежүзін қусырып, «бір тарының қауызына сыйдырғандай» күйде. Әлемнің 200-ден астам елінде бір миллионнан астам адам жұқпалы дертке шалдықты. Індет медицина мамандары мен жедел құтқару қызметіне ғана емес, жалпы көпшілікке ауыр тиіп отыр. Соның ішінде мәдениет ошақтары да бар.

Театрлар да жаңа жағдайға бейімделе бастады

Ауру тарай бастағаннан-ақ әлем елдері кинотеатрлар мен театрларды, концерт және көрме залдарын жапты. Мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Көптеген театр тығырыққа тірелді. Дегенмен, аз уақыт ес жиып алғаннан кейін көпшілік тығырықтан шығудың жолын іздестіре бастады. Театрлар онлайн форматқа көшті.

Әлемнің бірқатар елінде онлайн трансляцияның өзіне жұрт көптеп билет сатып алып жатыр екен. Кей театрлар, тіпті, әдеттегі орын санынан да көп билет сатып жатқан көрінеді. Кинотеатрлар да жаңа заманға бейімделуге тырысуда. Шоулар мен комедия театрлары да Интернеттің мүмкіндігін пайдаланып, креатив идеяларға баруда. Бұл жағынан біздің еліміздің театрлары да қалыс қалып отырған жоқ.

Қасиетті қарашаңырақ – М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры да онлайн жұмысқа көшті. Спектакльдерді онлайн көрсетуге көшкен театр ұжымы мұнымен де шектелмей, онлайн сырласу сағаттарын қолға алып отыр. Фейсбук және Инстаграм әлеуметтік желілерін пайдалана отырып, Live форматында тікелей эфирде сұхбаттар да ұйымдастыра бастады. Алғашқы сырласу кешінің қонағы театр актері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды болды. «Өнерім – өмірім» атты сырласу сағатында актер көрерменнің сауалдарына жауап берді.

Тағы бір сырласу сағаты Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылды. Кеш қонағы – актер, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов. Театр сахнасында ұлы ақынды сомдап жүрген Болат Әбділманов да көрерменнің көкейіндегі сауалдарға жауап берді.

Әуезов театры алдағы күндері де осындай мағыналы да мазмұнды кештерімен қуантпақ. Театр актерлерімен тікелей эфирде тілдескісі келген көрермен әкемтеатрдың әлеуметтік желідегі парақшаларын қадағалап жүргені жөн.

 

 

АЛМАТЫ