Өнер • 04 Сәуір, 2020

«Карантиндегі жұлдыз» жалғасын табады

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Карантин кезінде Мәдениет және спорт министрлігі ерекше белсенді жұмыс істеп отырғанын айтап айтқан жөн. Министр Ақтоты Райымқұлованың сөзіне сүйенсек, бір аптаның ішінде ғана министрліктің қолдауымен 600-ге жуық іс-шара онлайн өткізілген екен. Министр бұл жұмыстың алдағы уақытта да жалғасатынын атап айтты.

«Карантиндегі жұлдыз» жалғасын табады

Бұл шараға еліміздегі барлық театрлар, кітапханалар, концерт залдары мен өзге де өнер ошақтары атсалысып отыр. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы ерекше көзге түсіп жүргенін атап айтқан жөн. Консерватория ұстаздары бірінен бірі жалғап, түрлі челлендж жасап қана қоймай, тұтас онлайн концерттер де ұйымдастырды. Соның ішінде күні кеше туғанына 95 жыл толған күйші, композитор, дирижер, КСРО халық артисі, Қазақстанның Халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевті еске алу шараларына ерекше орын берілді. Консерватория ректоры Арман Жүдебаев бастаған ұжым Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын ойнап, Құрманғазы оркестрінің концертін көпшілікке ұсынды.

Осы шаралардың ішіндегі көпшілік көңілінен шығып, көрерменін баураған жобаның бірі – «Карантиндегі жұлдыз». Елімізге белгілі өнер жұлдыздарының онлайн концертін мыңдаған адам тамашалап, жылы лебіздерін білдіруде. Өнер жұлдыздары ән салып, күй шертіп қана қоймай, көрерменді мазалаған сауалдарға да жауап беруде.

Мәдениет және спорт министрлігінің бұл жобасына «Қазақтелеком» АҚ қолдау білдірді. YouTube желісіндегі онлайн концерт ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақконцерттің ютуб парақшаларында жарияланады. Онлайн концерттің форматы әртүрлі. Онда фольклор да, эстрада да, классикалық және аспаптық концерттер де бар.

Жобаны алғашқы болып Жұбаныш Жексенұлы бастады. Жұбаныш ансамбльдің сүйемелдеуімен ғана емес, домбырамен де ән салды. «Өкінбе сен», «Мұхида шайбан», «Нұрикамал», «Ойламаңдар, жігіттер» сынды әндерді шырқаған Жұбаныштың онлайн концертін 55 мыңға жуық адам тамашалапты.

«Карантиндегі жұлдыз» концертіне Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваның ерекше дайындықпен келгенін атап өткен орынды. Композитор Еркін Ынтыбаев пен өзінің ұлы Әли Оқаповтың сүйемелдеуімен екі сағатқа жуық ән салған Роза Рымбаеваның концертін бір ғана ютуб желісінен 77 мыңнан астам көрермен тамашалапты. Кілең лирикалық, махаббат әндерін шырқаған Роза Қуанышқызы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» әндерінен тартып, Шәмші Қалдаяқов, Сейдолла Бәйтерековтің әндерін әуелетті. Арасында әдемі әңгімемен тұздықтап отырды.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев пен Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатының директоры Нұркен Әшіровтің күй тартысы біраз жұрттың арқасын қоздырса, олармен бірге өнер көрсеткен дәстүрлі әнші, Дәнеш Рақышевтің шәкірті Нұржан Жанпейісовтің әндері жүрек қылын шертіп жатты.

Сәкен Майғазиев, Ғаділбек Жанай, Айқын Төлепберген, Ninety one тобы жалғаған концерт алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.