Аймақтар • 04 Сәуір, 2020

Қарағанды: жедел орталықтың жұмысы қызып тұр

70 реткөрсетілді

Қарағанды облысында төтенше жағдай және карантин кезіндегі өңірдің жағдайы туралы барлық ақпарат тоғыстырылатын «Жедел әрекет ету орталығы» құрылғанын өткен жолы хабарлаған болатынбыз. 

Бүгінгі күнде бұл жаңа құрылымның жұмысы қыз-қыз қайнап тұр. Кейінгі бір тәуліктің өзінде жедел орталықтың желісін мыңнан астам телефон қоңырауы кернеген. Облыс тұрғындарынан келіп түскен бұл қоңырауларды саралар болсақ, мынадай жағдаят көз алдына жайылады. Тұрғындар көбіне үш жағдай туралы сұрап-білуге тырысады екен: олар – коронавирус бойынша қазіргі ахуал, әлеуметтік қолдау іс-шараларының жай-жапсары және карантин аумағында діттеген жерге қалай жетудің жайы.

Орталыққа басына неше түрлі проблема түскен тұрғындар хабарласуда. Мәселен, саяжай қоғамдастығындағы күзетшілердің азық-түлігі таусылған, өздері ол жерден шыға алмай отыр. Ал жас кезінен арбаға таңылған мүгедек карантиндік шектеудің салдарынан қажетті дәрі-дәрмегіне қол жеткізе алмай отыр екен. Міне, жедел жәрдем ету орталығы осы және басқа да қиын-қыстау  жағдайларға тап болған тұрғындарға шама-шарқынша көмек қолын созып  жатыр.

Мысалы, Теміртау қаласында тұратын бір мүгедек жан өзіне қажетті дәрі-дәрмекті тек Қарағандыдағы дәріханадан алып жүрген. Оның үстіне ол жерде өзі міндетті түрде болуы керек екен. «Облыс орталығындағы емханаға тіркерленгенмін. Таксиді блок-бекеттен өткізбейді. Не істеу керек?», деп хабарласқан ол. Орталық қызметкерлері мәселені жедел түрде шешті. Мүмкіндігі шектеулі жан полиция қызметкерлері бастаған көлікпен барып, қажетті дәрі-дәрмегіне қол жеткізді.

Саяжай қоғамдастығының бірінде төрт күзетші кезекті ауысым бітсе де, бір жетідей уақыт ешқайда шыға алмай отырғандарын, бүгінде жейтін тамақтарының таусылғанын айтып орталыққа хабарласқан.

Бұл мәселе де оң шешімін тапты. Күзетшілерге азық-түлік жеткізіліп, оларды тұрғылықты жерлеріне апарып салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Қарағандыдағы «Жедел әрекет ету орталығы»  күн-түн демей, үзіліссіз жұмыс істейді. Оны өңірлік жедел штабтың орталығы десе де болады. Жаңа құрылымның жұмысына коронавируспен күреске жұмылдырылған барлық құрылымдар мен қызметтердің, атап айтқанда, полиция, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік (СЭҚ), әскери, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық басқармалар мен департаменттердің қызметкерлері ат салысады. Облыста болып жатқан барлық ақпарат осы орталыққа келіп түседі.

 

 

Қарағанды облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Жолдыбайдағы жол жөнделмей тұр

Аймақтар • Бүгін, 09:49

Гаджетті жиі сүрткен де зиян

Технология • Бүгін, 07:48

Ла Лига 8 маусымда басталады

Футбол • Бүгін, 07:33

Күнгей мен көлеңке

Руханият • Бүгін, 07:05

Пәкістанда ұшақ құлады

Әлем • Бүгін, 07:05

Ет экспорттайтын елде ет қымбат...

Экономика • Бүгін, 06:50

Бір әулеттің тағдыры

Тарих • Бүгін, 06:42

Ең табысты теннисші

Теннис • Бүгін, 06:35

Ұқсас жаңалықтар