Әлем • 06 Сәуір, 2020

Мұнай үшін тартыс

357 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Путин АҚШ президентіне қарымта соққы беру үшін Иран мен Венесуэланы құрбандыққа шалды. Ал америкалық демократтар Мәскеуге мүмкіндік беруі ықтимал.

Мұнай үшін тартыс

 

Дональд Трамп пен Владимир Путин арасындағы бақталастық – дәуіріміздегі баға­сы берілмеген геосаяси жаңалық болуы әбден мүмкін. Америкалық де­мо­­краттардың көбі президент Трамп әлі күнге дейін Путиннің қолшоқпары еке­ніне сеніп жүргенде, Кремль қымбат әрі тәуекелге толы стратегия қабылдады. Ресей өзінің байырғы серіктестері Вене­суэ­ла мен Иранды құрбандыққа шалып, Трамп әкімшілігінің әлемдік энергетика нарығын өзгертіп, Мәскеудің ықпалын бәсеңдетуге арнаған қадамына қарсы жүріс жасады.

Сауд Арабиясы мұнай бағасын ар­зан­датпау мақсатында ортақ келі­сім­­ге Мәскеудің көзін жеткізуге ты­рыс­қан. Кремль тарапы бағаны реттеу жөніндегі Эр-Риядтың ұсынысын қа­был­дамағаннан кейін, Сауд Арабиясы мұ­найға сұраныстың төмендеуіне қара­мас­­тан, өндіріс көлемін арттыратынын мә­лімдеді. Өз кезегінде Сауд Ара­бия­сы бағаны құлдырату арқылы ОПЕК ұсынған келісім аясында Ресейдің өнді­ріс көлемін азайтуынан үміттенген се­кіл­ді.

Путиннің жауабы Сауд Арабиясы мен әлемдегі мұнай магнаттарын таң­ғал­дырды. Ресей өндіріс көлемін көбей­те­тінін мәлімдеді. Содан бері мұнайдың бағасы барреліне 20 долларға дейін құл­­дырады. Ресейдің мемлекеттік бюд­же­тінің 40 пайызын мұнайдан түскен түсім құрайтынын ескерсек, бұл – үлкен құрбандық.

Әйтсе де бұл стратегияның саяси да, экономикалық та кері әсері бар. Мәскеудің басты серіктестері саналатын Иран мен Венесуэла мұнай экспортына мейлінше тәуелді, сондықтан оның бағасының құлдырауы аталған елдердің экономикасына ауыр соққы болып тиеді. Екі мемлекет онсыз да табысының күрт азаюы­­­нан зиян шегіп отыр. Венесуэладағы мемлекеттік мұнай компанияларындағы жемқорлық пен тиімсіз басқарудың салдарынан өндіріс көлемі кейінгі екі жылда үш есе азайды.

Иран 1979 жылғы революцияға дейін күніне 5,5 миллион баррель мұнай экспорттаса, қазіргі таңда оның көлемі 2,3 миллион баррельден 250 мың баррельге дейін азайды. Сондықтан Венесуэла да, Иран да мұнайды қара нарықта арзан бағамен жеңілдік арқылы сатуға мәжбүр.

АҚШ-тың санкциясы, коронавирус эпидемиясы және экономикасы құл­ды­ра­ған қиын тұста Мәскеу Иранның ту сыр­тынан пышақ салғандай болды.

Неліктен Кремль осындай тәуекелге барып, шығынға батып отыр? Амери­ка­дағы мұнай мен газ өндірісінің артуы Ресей билігіне, тіпті Путин өктемдігінің тұ­рақ­тылығына тікелей қатер төндіреді. Трамп ел тізгінін қолға ұстағалы АҚШ өз артықшылығын тиімді пайдаланып келеді. Ол тақталы мұнайды жарнамалап қана қоймай, Германияға тікелей апаратын екінші бағыт – «Солтүстік ағын-2» газ құбырына санкция салып, Ресейдің жоспарына тосқауыл қойды. Сонымен қатар Трамп әкімшілігі мұнай мен газды өндіру және тасымалдау, сұйытылған газ терминалдары мен құбырын салу жөніндегі заң жобасын әзірлеп жатыр.

ОПЕК елдері және Ресейде өндіріс көлемін азайтуға қатысты Сауд Ара­бия­сының стратегиясы бағаның өсімін қамтамасыз еткен. Бірақ бағаның жо­­ға­­ры­лауы америкалық тақтатас мұнайы­­ны­ң артуына әкелді.

Путин баға арқылы соғыс ашу аме­ри­­­­калық тақтатас мұнайы өндірісіне кері әсер етуінен үміттенеді. Өйткені Ресейде оны өндіру шығыны әлдеқайда арзан. Тақтатас нарығы қарызға бата бастады. Егер кіріс азая берсе, қазіргі көптеген компания банкротқа ұшырайды. Ал инвесторлар мұнай саласына жоламайды.

Қазіргі таңда Ресей басымдыққа ие секілді. Техастың мұнайшылары Техас темір жолы комиссиясынан өнеркәсіп өндірісінің шегін бекітуді сұрамақ. Ал Трамп бұған дейінгі арзан мұнай туралы айтқанын естен шығарып, Пу­тин­ді мұнай нарығын ретке келтіруге ша­қыр­ды.

Аме­рика маңызды отандық өнер­кә­сіпті шетел­дік державадан қорғау үшін не істеуі керек? Трамп Пу­тин­нің қолшоқпары деп ойлайтын демо­крат­тар­дың жауабы анық. Егер Мәскеу АҚШ-тың тақтатас мұнайы индустрия­сын қиратса, Америкаға да, әлемге де қызмет етеді. Трамп әкімшілігі ұсын­ған АҚШ-тағы мұнай өндірісін жетіл­ді­ру мақсатында 77 миллион баррель мұнайды құны 3 миллиард доллар болатын Стратегиялық мұнай резервіне жіберу бастамасы экономиканы жандандыру үшін бөлінген 2 триллион долларлық жобаға енген жоқ. Өйткені демократтар мұны алпауыт мұнай компанияларына көмек деп есептейді.

Тақтатас мұнайына қарсылар АҚШ-тың сыртқы саясатындағы энергетика саласының орны туралы мұқият ойлан­уы қажет. Тақтатас мұнайын өндіру кезінде кездесетін климаттың өзгеруі және басқа да экологияға қатысты мәселелерге алаңдау маңызды, бірақ америкалық энергетика саласының геосаяси маңызын да ұмытпаған жөн. Бізге Иран, Ресей және Сауд Арабиясы нарыққа әсер етіп, өз ыңғайына бұрып, жаһандық ахуалды қалыптастыруда мұнай байлығын қолданатын әлем керек пе? Мүддесі біздің мүддемізге қарсы келетін Таяу Шығыстағы мұнай өндірушілеріне әрдайым байлаулы болып қалғымыз келе ме?

Егер Демократиялық партияның тақтатас мұнайы жөніндегі ұстанымы Д.Трамппен күресте Путинге зор мүмкіндік берсе, қызық сонда болар еді.

 

Уолтер Рассел Мид,

Wall street journal