Әлемге, соның ішінде елімізге үлкен қауіп-қатер төніп тұрған сын сағатта халқымыздың амандығы үшін қатардан табылуға, қызмет етуге қашанда дайынбыз. Тосыннан келген індеттің іргемізді сөгіп, берекемізді қашырмас үшін бәріміз жұдырықтай жұмылып, елдігіміз бен бірлігіміздің жарқын үлгісін көрсетуіміз керек.
Бүгінде ақ халатты абзал жандар – дәрігерлер мен медицина қызметкерлері аяқтарынан тік тұрып, халықтың денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп жатыр. Оларға деген құрметіміз бұрынғыдан да арта түсті.
Бұған қоса күн-түн демей, патрульге шығып, қала, ауыл-аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген, шекараларды кірпік қақпай күзетіп тұрған қаншама отандастарымыз бар. Осынау қысылтаяң шақта біз де бей-жай қалмай, өз үлесімізді қосып, Отанға қызмет етуіміз қажет.
Өзім Өскемен қаласындағы мектепте Алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беремін. Қазір мектебіміз сақтық шараларын күшейтіп, қашықтан оқытуға көшті. Мен де оқушыларыммен үнемі байланыс орнатып, хал-жағдайларын біліп, қазіргі күрделі кезеңде елге сүйіспеншіліктің, халыққа қамқорлықтың қаншалықты құнды екенін түсіндіруге тырысамын. «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының жетекшісі ретінде балалардың Отан алдындағы жауапкершілігін арттыруға қолымнан келгенше жұмыс істеп жүрмін. Сондықтан елдігіміз сыналатын тұста өнеге көрсетіп, өзім де сапқа тұруға сақадай саймын.
Саят ҚАЛИЖАНОВ,
«Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының жетекшісі