– Инфекциялық бөлімшеде 6 дәрігер-инфекционист, 3 реаниматолог бар. Бәрінің де тәжірибесі мол. Қазір 9 дәрігер өз міндетін күні-түні атқаруда. Аурухана әкімшілігі хирургия және терапия бөлімшелерін босатып, демалыс бөлмесі ретінде жасақтап берді. Қазір біздің дәрігерлер, медбикелер мен лаборанттар, тазалықшылар үшін қолайлы жағдай жасалды. Олар тәулігіне 6 рет тамақтанады. Тәулігіне бірнеше рет жуынады, киімдерін ауыстырады, – дейді аурухана директорының орынбасары.
Оның айтуынша, инфекциялық бөлімді үш аумаққа бөлуге болады. Біріншісі – таза аумақ. Дәл осы жерде дәрігерлер науқастарға бармас бұрын арнайы киім киеді. Соның ішінде хирургиялық шалбар, қорғаныш костюмі, көзілдірік, респиратор, екі данадан бір реттік медициналық қолғап, резеңке аяқ киім, бахила бар. Науқастар жатқан бөлім аумағына кіргеннен мұның бірде-бірін шешуге болмайды. Демек, су ішу де, тіпті дәретханаға бару да мүмкін емес. Екіншісі – науқастар ем алып жатқан аумақ. Мұнда дәрігерлер науқастарға ем жүргізеді. Олардың жағдайын тексеріп, дене қызуын, қатерлі дерттің белгілерін бақылайды. Содан соң ғана таза аймаққа шығады. Сол кезде медициналық қызметкерлер киген арнайы киім жойылады. Өздері жуынып, беті-қолын өңдеуден өткізеді. Мұның бәрі тазалық аймағында жүргізіледі. Үшіншісі – жұмыс істеу аймағы. Бұл жерде әр науқастың қызуы, жалпы жағдайы туралы мәліметтер электронды журналға жазылады. Өзге аймақтардағы әріптестерімен бейнебайланыс арқылы кеңеседі. Дәл осылай ауысым сайын қайталанады. Демалыс аймағындағы жатын бөлмелері қажетті жиһазбен жабдықталған.
– Алғашқы күні оңай болған жоқ. Өйткені медициналық қызметкерлердің ешқайсысы бұрын дәл осындай қауіпті инфекция жұқтырғандармен тікелей жұмыс істемеген. Бәрімізде де қорқыныш болды. Кейбірі көз жасына ерік берді. Инфекциялық бөлімде арнайы киіммен жүру де қиындық тудырды. Ыстық, қапырық ауада жүргендейсің. Әр сәт сайын «инфекция жұға ма?» деген алаңдаушылық болатыны рас. Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы біздің ауруханаға тәжірибелі екі психологты жіберді. Олар медициналық қызметкерлермен, науқастармен әңгімелесіп, арнайы жұмыс жүргізді. Біздің ұжым 27 наурыздан бері жаңа режіммен, жаңа ырғақпен жұмыс істеуге бейімделді. Қазір жұмысымыз қалыпқа түсті, – дейді Надя Ерғалиева.
Оның пікірінше, дәрігерлер мен медбикелердің, лаборанттар мен тазалықшылардың ауруханадан тысқа шықпағанына аптадан асты. Әрине отбасы жылуын, балаларын сағынғаны даусыз. Алайда, ешқайсысы шағым айтпаған. Бәрі де ақ халаттай аппақ абыройына дақ түсірмей, науқастардың өмірін сақтап қалуға жұмылып отыр.
– Біз әзірге инфекциялық стационардан тыс аумаққа шыға алмаймыз. Өйткені қауіпті дертке шалдыққандармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Атырауда індеттің алғашқы оқиғасы тіркелген күннен бері осындамыз. Туыстарымызбен телефон арқылы байланыстамыз, – дейді №2 облыстық аурухана директорының орынбасары Надя Ерғалиева.
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ
Атырау облысы