Ендігі мәселе, ел тұрғындарының саналылық танытып, Президенттің мәлімдемесіне үн қоса білуінде, сондай-ақ әр азаматтың қиын кезеңнен аман-есен өтуге өзінің үлесін қосуға деген ұмтылысында.
Жасыратын несі бар, қазір елімізде атышулы індет өршіп барады. Жұқтырғандар саны күн санап өсуде. Жиырма шақты күннің ішінде ғана елімізде вирусты Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің көптеген аймағында 600-ден астам отандасымыздың жұқтырғаны анықталып отыр. Алты адам көз жұмды. Қысқасы, бауырлар, ел басына тағдыр талқысы түскен сын сағатқа дөп келіп отырмыз.
Бұл дерт жалғыз біз ғана емес, тұтас адамзат баласын алаңдатып отыр. Қытайдан бастау алған COVID-19 вирусы жаңа жылдан бері, әсіресе соңғы екі айдың жүзінде әлемнің көптеген еліне таралып, бүгінге дейін 70 мыңнан астам адамның жанын жалмап кетті. Соңғы деректерге қарағанда, дәл қазір ҚХР аталған дерттің екінші толқынына дөп келіп отыр.
Дегенмен, Қазақ елінің дәтке қуат етерлігі, аты жаман дерттің көрші елдерде дыңғыры шыға бастаған күннен бастап Президент Қ.Тоқаев сақтық шараларын күшейту жұмыстарына баса мән беріп, билік бұтақтары мен ел тұрғындарына дабыл қағып, қатерлі дертпен күресудің дайындық жұмысына ерте бастан кірісті. Атап айтқанда, вирус ошағы болған ҚХР-мен шекара ақпан айының басында-ақ жабылды. Сақтану, алдын алу, емдеу істерінің дайындығы күн ілгері жасалды. Азық-түліктің, дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры жасақталумен бірге, емханаларымыздан мыңдаған орын әзірленді. Медицина, денсаулық сақтау саласы мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері алдын ала әзірлік жұмыстарына кірісіп кетті. Осының арқасында наурыз айының ортасына дейін Қазақстан жер бетіндегі «жасыл аймақ – жұмақ мекен» болып келді. Алайда біздің еліміз де жердің бетін өзге жұртпен бірге ортақ мекендеп отырғандықтан, қалай сақтанса да маңайында қаулап өріп, саулап төгіліп жатқан, тез таралатын, жылдам жұғатын дерттен аулақ бола алмады. Аты жаман дерт ақыры қазақ жеріне де келді. Президент Жарлығымен елде карантин жарияланды. Нұр-Сұлтан мен Алматы, Шымкент қалалары оқшауланды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев телеарна арқылы тұтас ел халқына қайта-қайта үндеу жариялап, жалпы халықтан және үкіметтен сақтық шараларын босаңсытпауды талап етті.
Өкінішке қарай бұл мәселеге біздің көптеген отандасымыздың әлі де болса жеткілікті мән бермей отырғанын несін жасырайық. Адам шығыны көп болған Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Иран, АҚШ, т.б. елдердің жағдайына назар аударсақ, бұл елдердің о баста аталған дертке баса мән бермегенін, керісінше, тым жүрдім-бардым, өте бейжай қарағанын аңғару қиын емес. Сондықтан, қадірлі ағайындар, еліміз бен жеріміздің тағдыры үшін, сіз бен біздің және ұрпағыңыздың амандық-саулығы үшін ел басшылары жан ұшырып, шыр-пыр болып жатқанда, немкеттілікпен жүргендердікі сыпайылап айтқанда санасыздық, түптеп келгенде қылмыс! Кейбір елдерде ондай тәртіп бұзушылар өте ауыр қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Сондықтан ұлт басына осындай қиын сынақ түсіп тұрғанда өзіміз сайлаған мемлекет басшысының уәжі мен талабына құлақ асып, тәртіпке саналы түрде бойұсынып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, дерт-дербезді аман-есен еңсеруді ойлайық, ағайын!
Ақын Сабыр Адай «Әр қазақ менің жалғызым» деп жырлағандай, ат төбеліндей ғана, бір шөкім жұртпыз! Балшықтан қазақ жасай алмай ділгір болып отырған аз-ақ халықпыз!
Осындайда бірімізге-біріміз көмектесіп, бірімізге-біріміз жанкүйер болып, жұдырықтай жұмылып қиындықпен бірге күресейік бауырлар! Күрестің ең тиімді әрі төте жолы – үйден шықпау!
Әулетіміздің, отбасымыздың, ұрпағымыздың, ата-анамыздың, өзіміздің – ел-жұртымыздың амандық-саулығы үшін, тәртіпке саналы бағынып, үйде отырайық бауырлар!
Құдай да «сақтансаң-сақтайды».
«Біз біргеміз! Біз үйдеміз!» деген сөз ұранымыз болсын, ағайын!
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
ақын, аудармашы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері