«Биылғы аталып өтілетін Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына арналған шаралар тізіміне кірмей қалған бір шаруа бар секілді. Ол – өз заманында ақынға зор ықпалы болған орыс демократы Евгений Петрович Михаэлистің зиратының жайы», деп бастапты Сәкен дос өзінің жазбасын.
Одан әрі автор Михаэлистің өміртарихынан біршама ақпарат береді де, өзінің айтпақ ойын былайша түйіндейді:
«1905 жылғы «Семипалатинский листок» газетіндегі «Абай Кунанбаев» деген мақаласында Әлихан Бөкейханов: «Абай өзінің өмірінің соңғы сәтіне дейін Михаэлисті ерекше ілтипатпен еске ала отырып: «Дүниеге көзімді ашқанға үлкен себепкер болған кісі – Михаэлис», деп өзінің оған борыштар екендігін білдіреді», дейді.
1882 жылы Михаэлис қызмет бабымен Өскеменге ауысып, өмірінің соңына дейін жергілікті қазба байлық пен ауа райын зерттеумен шұғылданды, гидрогеологиялық мәселелерді қарастырды. 1913 жылы 2 желтоқсанда қайтыс болған. Өскемен қаласында жерленген. Зираты Согра кентінде болуы керек. Аяулы ұстазымыз Қ.Бітібаева солай дейтін. Оқушы кезімізде апармақшы да болды. Қалай да барылмай қалған болатын.
Биылғы шаралар аясында Е.П.Михаэлистің зиратын тауып алып, күту, жөндеу жұмыстарын жүргізсе, дұрыс іс болар еді».
Сәкен мырза өте орынды мәселені көтеріп отыр. Әлбетте, адамзаттың алыбы деп жүрген Абайымызға игі ықпал еткен адамға деген құрмет оның зиратын жөндеумен ғана шектелмесе керек-ті. Тереңірек қазып, кеңірек қаузасақ деген тілек туады осындайда. Яғни, ұлық ақынымыздың көкірек көзіне ілім-білімнің нұрын дарытқан ұстаздың ұлықталуы жоғары деңгейде жүргізілуі тиіс. Бұл дегеніңіз, Евгений Михаэлис есімінің лайықты түрде құрметтелуі мен мәңгі есте сақталуына қызмет ету – Абай қалдырған мол мұраның қызығын көріп жүрген біздер үшін үлкен сын деген сөз.
Таяуда қазіргі қазақ буржуазиясының бірегей өкілі, Қарағандыдағы Nәtige деп аталатын қабырғалы кәсіпорынның құрылтайшысы Ерлан Әшіммен сұхбат барысында жоғарыда айтылған әңгімемен сабақтас ойды құлағымыз шалған. «Біз, – деген сонда Ерлан мырза, – Адольф Янушкевичтің қадірін білмей жүрміз. Біз оған Абайдай ғұламаға ғұмыр сыйлаған Құнанбайдың болмысын хатқа түсіріп кеткені үшін де сый-құрметпен қарауымыз керек. Қарағандыдағы атауларын ауызбен айтудың өзі ұят көп көшелердің бірін неге осы Янушкевичтің есімімен атамасқа?».
Қарадан шығып хан болған Құнанбай Өскенбайұлының ақыл-парасатына, ділмарлығына тәнті болған Адольф Янушкевич өзінің күнделігінде: «…Оның алды ертелі-кеш адамнан босаған емес. Қыр қазақтары ақыл-кеңес сұрап, арыз айтып толассыз келіп жатады. Оның басы даланың күллі заң-жоралғыларын жазып алған машина сияқты, таң атқаннан түнде көзі ұйқыға кеткенге дейін тоқтаусыз сөйлеумен болады…», деп жазбап па еді? Бұл дегеніңіз тарихы ауызша тараған біздің халық үшін құнды құжат емес пе?!
Шынында да, Құнанбайдай даланың дара тұлғасын ғана емес, сол замандағы қазақ қоғамының бет-бейнесін тасқа қашап жазғандай хатқа түсіріп кеткен поляк халқының ақынжанды ұлы, революционер, саяхатшы Адольф Янушкевич құрметтің қандайына болсын лайықты.
Құнанбай демекші, қарағандылық этнограф-жазушы Төрехан Майбас тағы сол facebook парақшасында мынадай пікір қалдырыпты.
«Абайды Семейдің аясынан шығармай-ақ қойдық қой.
Семейдің əуежайын Абай атымен атапты. Бəрекелді делік.
Осы қуанышты хабарға жаным семіре қойған жоқ. Елімізде əуежайы бар басқа қалалар жоқ па? Алматының əуежайы сұранып тұр еді ғой.
Ал Семей əуежайын атау керек болса ҚҰНАНБАЙ дайын тұр емес пе еді?!
Ресейде Володия атындағы шəрілер жетеді. Ульяновск деген қала да бар.
Келер жолы да шатыспайықшы.
Құнанбайға да бір атауды қияйықшы», деп толғайды қаламгер.
Ойды ой қуады. Құнанбай демекші, былтыр Қарқаралы қаласында сол кездегі аудан әкімі Халел Мақсұтов Құнанбай қажы мен бала Абайға ескерткіш соқтырғанда, рухымыздың селт етіп бас көтергені рас еді. Қаласына патшаның зәрлі заманының өзінде мешіт салдыртып, халқының санасына имандылықтың дәнін сіңірген қажыны Қарқаралы жұрты арада 1,5 ғасырдан астам уақыт өткенде төбесіне көтерді. Бұл – исі қазақ баласының адасып жүріп тапқан талайлы шындығы еді.
Орыс халқы адамзаттың ақыны Александр Пушкинге қатысы бар қандай да бір жәдігерді майда-шүйделігіне қарамай құрметтің төріне шығарады. Сол себепті де, Пушкиннің сәби кезіндегі күтушісі, одан кейінгі мұғалімі, ат айдаушысы бізге таныс, жақын және әлемге әйгілі. Бізге де дәл осындай ықтияттылық керек-ау.
Абайдың тереңіне сүңгіп, болмысын таныған сайын түкті де білмейтінімізді ұға түсетініміз заңды. Өйткені, тапқанымыздан бөлек тығулы жатқан қазына қаншама деген ой бізді осындай күйге түсуге итермелеп отырады, тіпті мәжбүр етеді.
Әңгімені түйіндер болсақ, Абайдай алыбымыздың айналасындағы хакімге шынашақтай да болса шарапаты тиген жандарға деген құрмет пен ілтипат ірі және кесек болуы керек. Айта берсе, тізе түссе бұл тізім созыла беруі мүмкін: Янушкевич, Михаэлис... Абайдың алғаш жинағын шығару жолында татардың Қазанына қилы сапар шеккен Кәкітайға қол ұшын берген қамқор жандар, Әбіш-Әбдірахманның Петербордағы Михайлов артиллерия училищесінде оқыған кезінде ниеттес-тілектес болғандар мен дос-жаран. Осы және өзге ұлттың бізге әлі де болса беймәлім өкілдерінің өміртарихын зерттеп, халыққа таныту, олардың әрқайсына еңбегіне қарай ескерткіш соғып, есімдерін бүгінгі күн биігінен ұлықтау – Абайтану ғылымына қосылған сүбелі үлестің бір парасы болар еді. Биылғы мерейтойда осыған баса мән берілсе екен деп тілейсің. «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық», деген осындай-ақ болар.
Қарағанды облысы
Ескерту: facebook парақшаларындағы жазбалардың орфографиялық ерекшеліктері сақталды.