Әлем • 08 Сәуір, 2020

«Талибан» келіссөзден бас тартты

473 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Талибан» ұйымы Ауғанстан үкіметімен мәмілеге келе алмай, тұтқындарды алмасу жөніндегі келіссөзден бас тартатынын хабарлады. Бұл қадам АҚШ пен «Талибан» арасындағы келісімге сызат түсіруі мүмкін.

«Талибан» келіссөзден бас тартты

«Талибан» өкілі Сухайл Ша­хин­нің айтуынша, ұйым­ның арнайы тобы алдағы келіссөздерге қатыспайды. Мұның себебін Ауғанстан үкіметінің тұтқын­дарды босатуға ықыласы жоқ екенімен түсіндіреді.

«Біздің арнайы тобымыз ертең­нен бастап тиісті тараптар­мен болатын нәтижесіз кезде­суге қа­тыспайды», деп жазды С.Шахин туиттердегі парақшасына.

Естеріңізде болса, биылғы ақ­панда АҚШ пен «Талибан» қоз­ғалысы өзара мәмілеге келіп, бірқатар міндеттер алған-тұғын. Соған сәйкес, Ауғанстан үкі­меті 5 мыңға жуық «Талибан» ұйы­мының мүшесін, ал қарулы топ тарапы 1000 адамды босатуы тиіс болатын.

Сонымен қатар келісімде АҚШ-тың және халықаралық қарулы күштердің Ауғанстан аумағынан шығарылатыны айтылған-ды. Мұның өтемі ретінде «Талибан» өңірдегі қауіп­сіздікті қамтамасыз етуі тиіс. Бұл құжат 18 жылға созылған соғыстың аяқталуға таяп қалғанын байқатқандай көрінген. Әйтсе де, екіжақты келісімге қарама-қайшы келетін мәселелер әлі де өте көп екен.

Тұтқындарды алмасу тарап­тардың бір-біріне деген сенімін күшейтіп, келісімге адал екенін көрсетуге тиіс еді. Осылайша, «Талибан» ұйымының өкілдері мен Ауғанстан үкіметінің мүше­лері өткен аптада Кабулда кездес­кен болатын.

Осы орайда, Ауғанстан үкі­метінің де өз айтары бар. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз хатшысы Джавид Файсалдың сөзіне қарағанда, «Талибан» тарапы келісімді пайдаланып, буынсыз жерден пышақ ұрып отырған көрінеді.

Ал ел үкіметі тарапынан ке­ліс­­­сөздерге қатысып жүр­ген Матин Бектің айтуынша, «Талибан» ұйымы тұтқындағы 15 ко­ман­­дирін босатуды сұраған. Олар­дың бәрі қозғалыстың белді мүшесі саналады.

«Біз азаматтарымызды өлтір­ген­дерді босата алмаймыз. Олар­дың қайтадан майданға оралып, қанды қырғын салуына мүмкіндік бермейміз», деді М.Бек журналистермен өткен баспасөз жиынында. Оның келтірген деректеріне сай, Ауғанстан үкіметі 400-ге жуық «Талибан» мүшесін босатуға әзір. Биліктің пікірінше, олардан келетін қауіп аз. Сонымен қатар жасы 50-ден асқан, денсаулығы сыр берген 100 мүшесін де бостандыққа шығармақ. Бірақ «Талибан»  бұл ұсынысты қабылдамай отыр.

Осы орайда айта кеткен жөн. Қазақстан Ауғанстандағы ахуал­ды жақсартып, өңірде тұрақ­тылық пен бейбітшілік орнатуға мүдделі. Екі ел арасындағы ын­тымақтастық жолға қойылған. Қазақстан ауған студенттерінің білім алуына көмектесіп келеді.

Сондай-ақ 2017-2018 жыл­­дары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне тұрақты емес мүше болып сай­ланған кезде де Қазақ­стан тара­пы Ауғанстан мәсе­лесін естен шы­ғарған жоқ. Мәсе­лен, Ауғанстан/Талибан коми­тетіне, ИЛИМ/Әл-Каида коми­тетіне және Сомали/Эритрея Санк­циялық комитетіне төраға­лық ету тапсырылып, еліміз аталған міндетті абыроймен атқарып шықты.

Қазақстан тарапы Орталық Азия және Ауғанстанды бейбіт­шілік, ынтымақтастық және қауіпсіздіктің үлгісіне айналдыруды көздейді әрі осы мақсатта жұмыс істеп келеді.