Бизнес • 08 Сәуір, 2020

Кәсіпкерлер тілегі ескерілді

193 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент кәсіпкерлердің барлық тілегіне жауап берді. Мемлекет басшысы біздің өтінішімізге құлақ асқанын көрдік. Енді Президент тарапынан берілген тапсырмалардың сапалы орындалғанын күтеміз. Меніңше, бұл тапсырмалардың жүзеге асырылуын бақылауға алуға бизнес те қатысады.

Кәсіпкерлер тілегі ескерілді

Жалпы, төтенше жағдай режімінде кәсіпкерлер тап болған басты проблема – шарттық міндеттемелердің бұзылуы, жалдау ақысы, еңбекақы төлеу, коммуналдық қызметтер және тағы басқалары. Кәсіпорын басшылары қызметкерлерін белгісіз уақытқа ақысыз демалысқа жіберуге, жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр болып отыр. Елімізде шағын және орта бизнес секторында 3 миллионнан астам адам жұмыс істей­тін­ін ескерсек, қанша адам жұмыссыз қалуы мүмкін екенін ойлаудың өзі қиын.

Президенттің мәлімдемесінде ай­тыл­ған мәселелерге қарап отырып, мемлекет бизнестің осы тектес проблемала­рына қатысты жедел әрі жан-жақты жауап берді деп санаймыз. Барлық са­лық­тар бойынша мерзімін ұзарту, несие­лер бойынша демалыс, мемлекетке тиесілі үй-жайларды жалдау бойынша демалыс берілді. Осылайша, мемлекет бизнестің қолда бар қаражатын жалақы төлеуге жұмсауы үшін жағдай жасады. Көптеген адам қазіргі шектеулер кезінде жалақысын алды.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағ­дар­ламасы бойынша салалық шектеулер айтарлықтай кеңейтілгені өте орын­ды болды. Енді оны сауда және қоғам­дық тамақтандыру саласы да пайдала­на алады. Айталық, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің басым бөлігі осы бағдарламаға қатысып, 6 % жеңілдікпен қаржыландыруға қол жеткізе алады. Бір кәсіпкерге арналған кредиттік қол­дау көлемі 7 миллиард теңгеге дейін артты.

Қазіргі таңда бизнеске нақты қолдау көрсетілуде. Мәселен, шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық және басқа да төлемдерді төлеу мерзімін ұзар­ту қарастырылды. Атап айтқанда, бұл са­лық пен төлемдердің бес түрін: жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты, мін­дет­ті зейнетақы жарналарын, міндет­ті медициналық сақтандыру және әлеу­меттік аударымдарды қамтиды. Көптеген скептик аударымдардың басым бөлігі қызметкерлер төлеуі тиіс төлемдер деген пікірде. Іс жүзінде барлық қызметкер қолына алатын жалақыны ғана ойлайды және олар бизнес төлеп жатқан салықтарға көңіл де бөлмейді. Сондықтан төтенше жағдай кезінде ағымдағы айналымнан қаражат алуды барынша азайту өте маңызды. Әсіресе әңгіме жалақының 32%-ына қатысты болса.

Президент тапсырмасы бойынша, са­лықтық есептерді тапсыру кейінге қал­дырылып, салықты төлемегені үшін өсім­пұлды есептеу де тоқтатылды. Бірақ ста­тистикалық есептер бойынша, кейінге қалдыру ұсынылмады. Қызметі тоқ­тап тұрған ұсақ кәсіпорындар үшін есеп­тілікті уақытында тапсыру мүмкін емес! Осы мәселеге қатысты мен Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары Ә.Смайы­ловқа хат жолдадым. Бұл хатта ста­тис­тикалық есептілікті тапсыруды кейінге қалдыруды, яғни бүкіл Қазақстан бо­йынша төтенше жағдай аяқталғанға дейін тоқтата тұруды сұрадым. Жақын арада жауап беріледі деп күтіп отырмыз.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жат­қан қолдау шараларына қарамастан, биз­неске бір қалыпты жұмыс қарқынын сақтап қалу оңай емес. Бүгінгі таңда «Ата­мекен» ҰКП-ның  жедел штабына кәсіпкерлерден 15 мыңнан астам өтініш түсті.

Әзірге ел экономикасы шеккен зардапты бағалауға әлі ерте, өйткені пандемия аяқталған жоқ. Бүгін біз екі жағымсыз жағдайды байқап отырмыз: коронавирус және мұнай бағасының төмендеуі. Эко­номикаға осы екі фактордың қысымы бірден түсті.

Сонымен қатар 20% девальвация болды. Өздеріңіз білесіздер, еліміз импортқа барынша тәуелді. Экономиканың им­портқа тәуелді салаларына осы факторлар әсер етеді. Олардың импортпен байланыс­ты шығындары шамамен 20%-ға өседі.

Қазақстан үшін көп нәрсе шикізат нарығындағы бағаға байланысты. Деген­мен, біз пандемиядан кейін экономикада айтарлықтай төмендеу орын алады деген болжам жасап отырмыз.

 

Рустам ЖҮРСІНОВ,

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл