Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының өкілдері еркін экономикалық аймақ құру керек деген идеяның пісіп-жетілгенін айтып отыр. Сала мамандары бізден қозы-көш алға озып кеткен Белоруссия мен Қырғызстанның тәжірибесін әбден зерттепті. «Еркін экономикалық аймақ құрсақ, салық жеңілдіктеріне қатысты біраз мәселенің түйіні тарқатылады» дейді Л. Худова.
Жеңіл өнеркәсіптің табысын 900 миллиард теңгеге дейін қалай арттыруға болады?
Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары айналымға қаражаттың аздығынан, өндірісті жаңғырту мен қайта құрылымдауға арналған инвестиция деңгейінің төмендігінен дамымай отыр. Екінші деңгейдегі банктер бизнестен түскен өтінімдерді қараған кезде кепіл мүлкін өте төмен мөлшерлеме бойынша бағалайтындықтан, көпшілігі төмен пайызбен несие ала алмайды. Келешектегі келісімшарттарды кепіл мүлкі ретінде қарастырмайды. Несиеге қол жеткендері тауарларын айналымға шығармай жатып, несиесін төлеуге кіріседі. Қазір саланың жылдың табысы шамамен 45 миллиард теңгені құрайды. ЖІӨ құрылымындағы үлесі – 0,2%, ал отандық кәсіпорындар тұтынушылық нарықтағы үлесі – 7% . Бұл сала маңыздылығы жағынан тамақ өнеркәсібінен кейін екінші орында. Қазіргідей төтенше жағдайда мемлекет үшін халықты азық-түлікпен ғана емес, киім-кешекпен де қамтамасыз ету маңызды болып қалды. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша, бағасы 300 млн АҚШ долларының импорт тауарлары елге жеткен. 80 пайызы Қытайдың, 13 пайызы қырғыздың, 2 пайызы өзбектің, қалғаны өзіміздің үлесімізде.
Біздің елде банк қайда болса, бизнес сонда
Балалық шағы КСРО кезінде өткен біздің толқын «Партия қайда болса, жеңіс сонда» деп басталатын әнді әлі ұмытқан жоқ. Соны сәл бұрмалап жіберсек, инвестор мен банк қайда болса, бизнес сонда болар еді. Бірақ банктің де, инвестордың да бизнесті шекесінен шертіп жүріп таңдайтынын жеңіл өнеркәсіптен байқауға болады.
Бір ғана Алматы қаласына жеткізілетін импорттық киім-кешектер жергілікті кәсіпорындар шығаратын өнімдерден 18 есе асып түсті. «Экономикалық экспансияға төтеп беру үшін жеңіл өнеркәсіптің үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Қазақстанда осындай еркін экономикалық аймақтар ашылса, банктер біз алдына бармай-ақ инвестиция салуға, өндірісті дамытуға мүдделі болып, жыл сайын сайын мультимиллионерлерді шығаруға болар еді. Біздің елде банк қайда болса, бизнес сонда» дейді Любовь Худова бізбен әңгімесінде.
Үкімет жеңіл өнеркәсіпке көңіл бөлмей отыр деп айтуға ғана оңай. Бұл саланың назардан тыс қалған кезі болған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ЖІӨ құрылымындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі бүгінде 15,8%-дан 0,2%-ға дейін төмендеді. Мұның себебін сарапшылар ашық нарыққа дайындықсыз шығуымызбен түсіндіреді: Технологиясы кеңестік технологияның шекпенінен шыға қоймаған біздің өндірісті маркетингі бар, пиары мен менеджменті бар шетелдік, тіпті қытайлық өнеркәсіппен салыстыру ат пен ғарыш кемесін жарыстырып қоюмен бірдей еді. Алғашқы жылдардан бастап бәсекеге дайын болмай шыққаны белгілі болып, өндіріс ошақтарының 80 пайызы жабылды. КСРО кезінде алып өндіріс кешені болып келген Алматы мақта комбинаты күні бүгінге дейін шығар-шықпас жанымен сүйретіліп келе жатыр.
Үкімет күні бүгінге дейін негізгі сала деп танымаса да, бұл саланың үлкен әлеуетке ие екені әр жерлерде білініп-ақ тұрды. Бүгінгі таңда Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі шикізатты алғашқы өңдеумен қатар, дайын өнім шығарумен айналысады. Бұл фактор саланың етек-жеңін кеңге жайған күрделі өріс екенін айқындап тұр: 20-дан астам кіші сектордың басын қосып, өнеркәсіп үш топтан тұрады. Тоқыма-мата, тігін, және аяқ киім. Жеңіл өнеркәсіп құрылымындағы ең үлкен үлесті тоқыма бұйымдары (36,6%) және тігін бұйымдары (35,2%) алады. Алайда, саладағы кәсіпорындардың 96% ұсақ тігін фабрикалары немесе әуесқой тігіншілердің студиясы ретінде жұмыс істейді. Бұл мүмкіндіктің шашыраңқы екенін байқатады. 1071 кәсіпорынның тек 40-ы ірі және орта кәсіпорындар. Олардың орташа қуаттылығы шамамен 26% құрайды, ал қызметкерлер саны 12,7 мың адам немесе бір кәсіпорында орташа есеппен 12 қызметкер.
Жеңіл өнеркәсіптің 30 кәсіпорны өз өнімдерін экспорттайды
Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің шамамен 10% экспортталады. Бұл ретте экспорттық жеткізілімді 30 кәсіпорын жүзеге асырады. Олардың өнімдері негізінен Қытай, Ресей, Қырғызстан, Италия, Литва, Өзбекстан нарықтарына бағытталған. 2019 жылдың соңында экспорт көлемі 20 мың доллардан асты. Өнімнің негізгі топтары сіңдірілген мақта талшығы, тоқыма материалдары.
Мамандар бұл саланың дамуына кедергі келтіретін төрт себеп білгілі дейді. Санасақ – біріншіден, өндірістің қымбаттығы. Кейбір кәсіпорындардағы жабдықтардың 80 пайызы тозған. Өндіріс шығындарының құны 50%, ал еңбек өнімділігі дамыған елдердегі көрсеткіштің 15%-20% дейін жетеді. Соған қарамастан, өндірген тауар бағасы импортталатын тауарлардың бағасынан 15 пайызға қымбат. Екіншіден, жабдықты жаңарту коэффициенті жылына 3%-4% құрайды. Бұл таза табыстың емес, банк несиесі есебінен жүзеге асырылады. Үшіншіден, инвестициялық тартымдылығы нашар, себебі айналымда басы артық қаржы жоқ, көлеңкелі импорттың үлесі басым. Қазақстан экспортқа қарағанда 17 есе көп өнім импорттайды. Электронды сауданың өсуіне байланысты шетелден тауарлар жеткізетін интернет-дүкендер саны көбейді. Отандық өнімдерді саудаға шығаруға мүдделі отандық электронды платформа қалыптаспай, мәселені шешу мүмкін емес. Төртіншіден, салаға инвестициялар қажет, өйткені қаржылық ресурстардың жетіспеуінен басқа, жаңа технологиялар, инновациялық шешімдер мен бизнес-процестер қажет. Бұл мәселеде Қазақстанның артықшылығы бар – жаңа жобаларды мемлекеттің кепілдігімен қаржы институттары арқылы қаржыландыру Үкіметтің бақылауында тұр. Соңғы бірер жылда ғана «Еуразиялық даму» банкі, «Қазақстанның Даму банкі», «Еуропалық қайта құру және даму банкі», «Астана халықаралық қаржы» орталығы, «BCC Invest», «KazakhExport», «Kazyna Capital Management», «Даму» қоры жеңіл өнеркәсіп саласының негізгі инвесторлары атана бастады.
Өзбектің мүмкіндігі ойландыра бастады
Мақта-мата өнімдерінен бұйымдар дайындайтын 728 кәсіпорын «Өзбекстанда жасалған» маркісімен өнімдерін әлемнің 50 еліне экспорттай бастағанын өзбек басылымдарының бәрі жарыса жазып жатыр. Қазақстан жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басшысы Любовь Худова осыдан біраз жыл бұрын мақта өсірсе де, дайын бұйым шығаратын бірде-бір кәсіпорны болмаған Өзбекстанның бұл қадамын реформаторлық шешімге теңеп, жеңіл индустриясындағы өзгерістердің біздің елге мультипликативтік әсері жайлы шындап ойлану қажеттігін айта бастады.
Деректерді сөйлетсек, Өзбекстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тек 7 пайыз ғана мақта талшығын қайта өңдейтін. Қазір бұл көрсеткіш 55 пайыздан асып кетіпті. Өзбекстанда ішкі нарыққа шикізат өткізген азаматтарға 15 пайызға дейін салықтық жеңілдік қарастырылған. Любовь Худова Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар корпоративті салықтан босатылғанын, Ұлыбритания, Германия, Швейцария, Сингапур, Оңтүстік Корея, Үндістан мен Түркия сиқты елдер өзбектердің жеңіл өнеркәсіп саласына инвестиция салып үлгергенін айтты. 2016-2019 жылдары Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіптің ІЖӨ-дегі үлесі 2,7 пайызға, тауар көлемі 15 пайызға артыпты. 2019 жылы құны 918 млн АҚШ долларына бағаланған 77 ірі жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде тоқыма өнімдерінің үлесі 3 есе, тоқыма трикотаж өнімдері 1,5 есе өсуі мүмкін.
«Өзбек нарығы оянса, қытай, қырғыз жеңіл өнеркәсібін біздің нарықтан ығыстырып шығаруы мүмкін. Ол елден келген тауарлар арзандығымен тұтынушылардың назарын аудара бастады. Себебі нарықтың орта қолды сегменті үшін бағасы қолжетімді. Өзбек басылымдары 2020 жылға қарай елдегі дайын өнімдердің үлесі 70 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін айтып жатыр, – дейді Любовь Худова.
Өзбек басылымдарында Ресеймен арадағы экспорты 2016-2019 жылдары 20 есеге дейін өсіп, 3 млрд АҚШ долларына дейін жеткенін айтады. «Узчармсаноат» қауымдастығының басшысы Сардор Өмірзақов жақында Mir24.tv журналистерімен кездесуде ТМД елдерінің Өзбекстан үшін маңызды эспорттық нарық болып қалатынын, алдағы бес жылда жеңіл өнеркәсіп тауарларының экспорты 20 есеге дейін өсетінін, шикізаттық емес, дайын өнімдерді экспорттауға ниетті екенін айтқан. Өзбек жеңіл өнеркәсібі қазақ нарығына көз тігіп отырғанын байқау қиын болмай қалды.
Қырғыз да қыр асып кетіпті
Бұл елде жылына 190 миллион доллардың өнімі өндіріліп, оның басым бөлігі Қазақстан мен Ресейге тасымалданады екен. Ел ішінде «қырғыздағы жеңіл өнеркәсіп секторының 40 пайызы ресейліктердің, 30 пайызы қазақстандықтардың иелігінде» деген пікір бар. Қырғыз реэкспорты туралы мәселе – экономистер мен Үкіметтің экономикалық блогы бірлесіп отырып талқылауы тиіс жеке тақырып. Бірақ көз көріп тұрған жайттарды айтпасақ, тағы болмайды. Біздікі тек айтылған ойды қаперге алып жүрсін деген ниет қана. Қазақ қызы Самал Еслямова Канн фестивалінде «Көрермен көзайымы» жүлдесімен марапатталып жатқан кезде оның иығына жамылған оюлы-зерлі ұлттық нақышта киім тігетін дизайнерлеріміздің бірінің қолынан шыққан киім ғой деп дәмеленіп қалғанымыз әлі естен шыққан жоқ Естеріңізде болса, әлеуметтік жіледе кейбір ақынжанды бауырларымыз «шапаныңды тіккен қолдан айналдым» деп аспандатып әкеткен. Самалжанның үстіне жамылып шыққан қазақы күртеше біздің емес, қырғыз дизайнері Фарзана Шаршембаеваның қолынан шыққанын кейін білгенде, қуанышымыз су сепкендей басылған. Қызғаныштан емес, Канн фестивалінде үкідей үлбіреп тұрған қызымызды өзіміз киіндіре алмағанға. Кейіннен қырғыз басылымдарында жарияланған ақпарат көздерінен Фарзананы тек Қырғызстанда емес, әлемге танылған дизайнер екенін білдік. Тіпті АҚШ-тың атақты модельері Донна Каранның да Фарзана тіккен күртешемен түскен суретін көріп қалдық.
Қазақта талант жетеді
Спорт әлемінде Геннадий Головкиннің алтын жергі, оюлы шапанына назар аудармайтын тірі пенде жоқ. 2015 жылы Генаға жаңа шапан тігіп берген қазақстандық дизайнер Бағдат Айнақұлова журналистермен кездескен кезде шапанды дайындауға 15 күн кеткенін, эскиздердің үш нұсқасы ұсынылғанын, ал тапсырыс беруші олардың біреуіне тоқталғанын айтыпты. Оны дайындау кезде әлем чемпионымен кездесіп, дене пішімін өлшеп алуға мүмкіндік болмаған. Тек бойының ұзындығы мен қолдың кең жайылған сәттегі өлшемі туралы деректер ғана болған.
«Бұл шапан музейлер үшін емес, әлем чемпионы үшін дайындалды. Оны көрген адамға алыстан қазақстандық азамат екенін ұқтырғым келді. Зер салған адам Головкиннің логотипімен бірге дала қызғалдағының суретін байқауға болады» дейді ол журналистермен кездескен кезде.
Димаштың Жапонияға сапары киген күртешесіндегі қазақтың оюы әлемнің назарын аударды. Сол кезде саясаттанушы Ерлан Саиров кейінірек әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақтың мәдени брендін халықаралық дәрежеде ынталандыру осындай нақты қадамдардан басталатынан айтыпты. «Енді Димаштан кейін қазақтың ою-өрнегімен киім тігуді шет елдің көптеген ірі мода орталығы дәстүрге айналдыруы ықтимал. Мәдени бренд дегеніміз осы. Бұл тенденцияны біздің, отандық жеңіл өнеркәсібі өзіне оңтайлы пайдаланса, өте жақсы болмақ. Әйтпесе, қытайлықтар қазақтың ою-өрнегімен киім тігудің майталманы болып алып, ою-өрнекті меншіктеп алуы да мүмкін. Біздің ұлттық бренд құрылымдарына қазақтың ою-өрнегін халықаралық дәрежеде меншіктеу мәселесін шұғыл қарастыруы қажет. Бұл бүгінде «қып-қызыл» қаржының көзі» деп жазған. Кейінірек жеңіл өнеркәсіп саласы өнімдеріне лайықты жарнама жасау керектігіне тоқталған Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева табысты компаниялар үнемі танымал әрі атақты адамдарды өздерінің өнімдерін насихаттауға тартуы керектігін, елде отандық өнердің, эстраданың және спорттың жұлдыздары баршылық екенін айтқан.
«Егер де Димаш Құдайберген тек отандық фабриканың аяқ киімімен сахнаға шықса, отандық өндірушілердің киімдерін кисе, оңтайлы нәтиже болатыны анық. Мұнымен қоса, бізде осы саладағы спорттық өнімді жарнамалауға қауқарлы спортшылар аз емес. Осы шараларға уақыт пен қаржы бөлу керек. Бұл тұрғыда өнер әрі спорт жұлдыздары өздерінің үлесін қосуға дайын деп ойлаймын» деген еді Дариға Назарбаева.
Әзірге жеңіл өнеркәсіпте, түрен түспеген тақырыптар да, иірімдер де жетерлік. Белгілісі мүмкіндігімізді жұмылдырсақ, тек жеңіл өнеркәсіп саласынан-ақ жыл сайын мультимиллионерлерді шығаруға болар еді. Мәселенің түйіні мүмкіндікті кімнің қалай пайдалана алатындығына тәуелді болып тұр.
Алматы