Карантин карантинмен, дегенмен мұның да өзіндік қызығы мен шыжығы қатар жүреді екен. Өмір бар жерде осылай болуы заңды да. Сары уайымға салынбай, ер көңілдің сабырын жоғалтып алмасақ, бұл сынақ та көрген түстей өте шығар!
Әкім коронавируспен ауырды ма?
Күні кеше WhatsApp желісінде облыстағы Бұқар жырау ауданының әкімі «Жаман тұмау» жұқтырыпты» деген аудиожазба желдей гулеп тарап кетті. Арқа жұрты бұл ақпаратты естіп, абдырап қалған-ды. Әкім де ауырады-ау екен деп емес, бұл індеттің алдында әркімнің де әлсіз екенін ойлап уайымдаған болар...
Көп ұзамай бұл ақпараттың жалған екені белгілі болды. Тәртіп сақшылары желіде қауесет таратып, жұрттың үрейін ұшырған 40 жастағы әйелді оп-оңай тауып алды. Күдікті кінәсін мойнына алып, эфирде екі етегі жасқа толып, аудан әкімінен, барша жұрттан кешірім сұрады.
Бұл оқиғаның Бұқар жырау ауданының әкіміне оңай тимегені анық. Коронавируспен күрес, одан кейін көктемгі су тасқыны деп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып жүрген әкімнің шашын мына оспадар қылық тіпті де ағартып жіберген шығар...
Жалпы, қылмыстың мұндай түріне, атап айтқанда, телекоммуникация желілерін пайдаланып, қасақана жалған ақпарат таратқанға жаза қатаң – жеті жылға дейін сотталып кету түкке де тұрмайтын шаруа.
Abadan «картоп жарды»
Жастардың сөздік қорында «картоп жарды» деген заманауи жаргон бар. Жағдайға байланысты сәл-пәл құбылып тұрғанымен, түпкі мағынасы күлкіге қарық қылды дегенге келеді.
Қарағандыда Abadan деген аралас жекпе-жек шеберлерін шыңдайтын клуб бар. Міне, осы ұжымдағы білекті де, жүректі жігіттер кеше 600-ге тарта адамға картоп таратты. Клуб президенті Нұрлан Қалтаев бұл акцияның BigTayGroup компаниясының қолдауымен іске асқанын айтты. Картоп – компаниянікі, бәсе дейміз, үнемі демеуші іздеп жүретін спортшыларға 8 тонна картоп сатып алатын ақша қайдан келсін?
Дегенмен, Abadan-ның басшысының осындайда жол тауып, жұрт көзіне жақсы жағынан жарқ етіп көріне білетін өнеріне дән риза боласың. Диванды сықырлатып, сары уайымға салынып жата бергенше, осылайша ебін тауып, мұқтаж жандарға ең құрығанда бір дорбадан картоп үлестірсең, бұл да ортақ іске қосқан аз да болса үлесің ғой. Abadan шынында да жақсы мағынасында «картоп жарды» кеше.
Ресейліктің риза болуы
Қарағандыдағы қарт ата-анасына сонау Петербордан баласы қонаққа келіпті. Негізі, біздің елге төтенше жағдай жарияланғанға дейін жеткен екен. Содан, күнде қонақ, сайран салып жүргенінде, жаңа көші-қон ережелеріне сай келу туралы ескертуді үш күн мерзім ішінде тіркетуді есінен шығарып алған ғой.
Ал Теміртауда жүргенінде, екі қала карантинге жабылған да, қыдырымпаз сабаз үшін облыс орталығына жетіп алудың өзі мұңға айналған.
Петерборлықтың басындағы бұл жағдайдан хабардар болған облыстағы «Жедел әрекет ету орталығы» көмек қолын созды. Ресей азаматының елімізде болуы заңдастырылып, оған санитарлық блок-бекеттен өтуге рұқсат берілді. Осы оқиғаның куәсі болғандар күліп айтады: айыппұлдан да құтылған ресейліктің риза болғаны сонша, иегі кемсеңдеп, жылап та алыпты...
Карантин біткеннен кейін әлгі қонақ еш кедергісіз өзінің сүйікті Санкт-Петербургіне орала алады.
Қарағанды облысы