Өнер • 09 Сәуір, 2020

«Астана Операның» онлайн-терапиясы

163 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тұма кеңістікті тұмшалаған эпидемиядан құлазыған көңілді сейілту үшін бүкіл әлемнің сахна саңлақтары онлайн-концерттер өткізуде. Психолог-мамандар мұндай жобалардың пайдалы жақтарын ескертіп, челлендждер ұйымдастыруға, музыкалық шығармаларды тыңдап, тамашалауға, өзін өзі дамытумен айналысуға кеңес беруде. Өзге қазақстандық әртістерімен қатар, «Астана Опера» театрының ұжымы да классикалық өнерді сүйетін көпшілікке онлайн-концерт ұсынды.

«Астана Операның» онлайн-терапиясы

Игі бастаманың мақсаты – әлеу­меттік желілер арқылы отандық опера өнері жауһарларымен таныстыру, адамзат­ты алаңдатқан жағымсыз жайттан бір сәт те болсын көңілдерін аулап, өнер­дің кәусар бұлағымен сусындату. Қазақстандық әртістер Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп ұйым­дастырылған шығармашылық эстафетаны бір-біріне жолдап, «Бірге еңсе­реміз», «Біз біргеміз» жобалары аясын­­да карантиндегі уақытты тиімді өткізуге кеңес беруде.

– Өнер атаулы тек адам үшін қызмет етеді. Ата-бабаларымыздан қалған асыл қазынамыз арқылы біз жақсы мен жаманды, ізгілік пен зұлымдықты, қуаныш пен қайғыны өнермен өрнектеудің небір асыл үлгілерін сақтап келдік. Музыка – жалған нәрсеге шыдай алмайтын ең мәнерлі тілдердің бірі, ол – мәңгі. Биыл 175 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан ұлы Абайдың аккордтары мен философиялық ой-тол­ғамдары бір мәрте шырқалғаннан-ақ халықтың жүрегіне ұялайтын композицияны дүниеге әкел­ді. «Көзімнің қарасы» әні адам жа­нының тереңіне бойлап, тыңдаған сайын өмірді жаңаша түйсінуге, әсерлі әлемге жетелейді. Әлеу­меттік желідегі парақшамда отандастарымды қолдауға бағытталған бейнеролик жариялаймын. Еліміз бен тұтастай әлем үшін осынау қиын-қыс­тау кезеңде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қорының лауреаттары мен Қор жанындағы Мәдениет жөніндегі кеңес мүшелері қазақ классикасының жауһарларын орындайды. Тек бұл жолы қойылым опера сахнасында емес, карантин режімінде үйден ұсынылады. Себебі өнерде – шека­ра жоқ. Біз бірлес­кен­де ғана бә­рін жеңе­міз, – дейді Қазақ­стан­ның еңбек сіңір­ген қайраткері, «Ас­тана Опера» мем­­лекет­тік опера және ба­лет театры опе­ра труп­пасының меңге­­рушісі Азамат Жыл­тыркөзов.

Баритон әнші П.И.Чайковскийдің «Дон Жуанның сере­надасын» шырқап, эстафетаны опера це­хындағы өз әріптес­теріне жолдады, өзі болса мұны ҚазҰӨУ студенттері Әлихан және Омар­хан Омарғазиндерден қабыл­даған болатын. «Құрмет» орденінің иегері, театрдың жетекші солисі Ай­зада Қапонова тың­­дарман назарына И.Штраустың «Жар­қанат» опереттасынан Адельдің шумақ­тарын ұсынды. Опера әншісінен челленджді белгілі әртістер – Талғат Мұса­баев, Расул Жар­мағамбетов, Ай­гүл Қосанова қабыл­дамақ. Майра Мұ­хамедқызы, Жұпар Ғабдуллина, Дина Хамзина және де басқа әртістер өз оқыр­мандарымен бел­сенді қарым-қатынас жасауда.

Опера дивасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы «Қазақ­те­лекомның» «YouTube» арнасынан ті­келей эфир арқылы Live форматындағы жеке концертін берді.

Концерт бағдарламасында қазақтың халық әндері, Абай Құнанбайұлының туындылары, танымал италиандық және классикалық орыс романстары бар.

Еске сала кететін жайт, Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, Live форматында «Ка­ран­тиндегі жұлдыз» жаңа жобасын іске қосқан болатын.