Таным • 10 Сәуір, 2020

Көркемдік сарапшысы

594 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мен Бекенді – Бекен Ыбырайымды ең алғаш рет сыртынан Қазақстан Жазушылар одағы бас кеңсесінің фойесінде көрген болатынмын. Құдай қаласа, міне, биыл көктемде жетпіс дейтін жетелі аға жастың қырқасына көтерілгелі отырған республикамызға кеңінен мәлім әдебиет сыншысы, прозашы, филология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық Ш.Айтматов атындағы академияның академигі Бекен Бекмұратұлында ол кезде, әрине жоғарыда аталған айбынынан ат үркетін атақтардың бірі де жоқ еді, ол бар болғаны өзінің барша үміті мен арманын болашағына арқалатқан отыз жастағы жас әдебиет сыншысы-тын.

Көркемдік сарапшысы

Егер ұмытпасам, Бекең ол кезде республикалық «Қазақ әдебиеті» газе­тін­­де қызмет істеп жүрді-ау деймін, өйт­кені осы басылымда оның жаңадан жарық көріп жатқан әдеби кітаптар мен жи­нақтар туралы рецензиялары мен сын мақа­лалары жиі жарияланып тұратын.

Қазір өткенге көз салсам, Бекеңмен жиі, қоян-қолтық араласуым 2001 жылдың күзін­де басталған екен. Мен сол жылдың қыркүйегінде «Білім» баспасындағы бас редактор деп аталатын қызметімді тапсырып, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Әлеу­мет­тік-гуманитарлық пәндер кафедра­сына оқытушылық қызметке ауыстым. Шамамен отыз бес-қырық шақты бі­лік­ті педагогикалық кадрлардың басы қо­­сыл­ған әжептәуір ұжым. Солардың іші­нен алғаш келгенде, ең алдымен өзім бұрыннан біраз таныс-біліс болып қалған Бекеңнің бейнесі көзіме жылы ұшырай кетті. Сөйтсем Бекен осы кафедра­да былтырдан бері қазақ әдебиетінің тари­хы­нан студенттерге лекция оқиды екен, академияға биыл түскен топтардың саны біразға өскендіктен, ол пәннің са­ға­ты көбейіп, енді мен де жұмысқа қа­был­да­нып жатыр екенмін.

Бір-екі аптадан кейін байқасам, кафе­д­­ра­да көркем әдебиеттен сабақ бере­тін тағы бір оқытушы бар болып шық­ты, ол – академиядағы орыс топтарына қазақ әдебиеті және әлем әдебиеті пән­де­рінен сабақ беретін белгілі жазушы, атақты «Ақ Жайық» романының авторы Хамза Есенжановтың ұлы, филология ғы­лым­да­ры­­­­ның кандидаты, доцент Әлихан Хамза­ұлы Есенжанов екен. Ол да жас жағынан біз­бен шамалас азамат еді.

«Ба­лықшы балықшыны алыстан таниды» демекші, әрине, енді Бекен, Әлихан, мен – үшеуміздің жұмыстан тыс кездерде бастарымыз жиі қосы­ла­тын болып алды, бір-біріміздің ашық сабақтарымызға кіре­міз, түскі асқа бірге барамыз, кинотеатрлар мен драма театр­ларында анда-санда көр­се­ті­лімі болатын кинофильмдер мен спектакль­­дердің премьера­ла­ры­на қа­ты­сып, кейі­нірек оларды ака­де­мия­­ның кино, театр факультеттерінің сту­дент­те­рі­мен, оқы­тушыларымен бірге қосылып тал­­қы­­­­лай­­мыз.

Бірде Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында өтіп жатқан дөңгелек үстелдің сырттан келген қонағы, белгілі әдебиеттанушы ғалымдардың бірі, талантты жазушыларымыздың бірі марқұм Сайын Мұратбековтің «Басында Үшқа­раның» атты хикаятын жан-жақты талдай келіп:

– Жалпы, Сайын жатық жазатын, сөз саптасы қарапайым жазушы, бірақ шығармаларында үлкен бір идеялық, философиялық концепциялары жоқ «бытовик» қаламгер ғой, – деп салды.

Бізге аталған шешеннің бұл пікірі онша ұнай қойған жоқ, сондықтан «мына кісі не деп тұр?» дегендей қатар отырған екі-үш кісі бір-бірімізге таңырқай қарадық. Бұндайда, қызбалау мінезді Бекен орнынан бірінші болып атып тұруға тиісті еді. Бұл жолы да солай болды. Ол орнынан маңғазданып тұрып жатып:

– Мен сіздің бұл пікіріңізбен мүлде келіспеймін, – деді әлгі әріптесіне қабағын түйе көз салып. – Бізде сонау Кеңес Ода­ғы кезіндегі социалистік реа­лизм зама­нынан қалған осындай бір жаман ғадет бар, шығармадан өмір шындығын із­деу­дің орнына бас салып қайдағы бір озық идеялар мен болмыстың ақиқатына үш қай­наса сорпасы қосылмайтын ойдан шы­ға­рылған жасанды бір философиялық концепциялар іздейтін. «Бытовик» жазушы дейсіз, сонда суреткер адамзаттың тұрмысын жазбағанда нені жазу керек? Ал енді сол адамзаттың бәрі шетінен философ, моралист, не айбынынан ат үркетін батыр немесе атақты хан, би емес қой. Сіздер осы кезге дейін мек­теп­тегі бүкіл әдебиет оқулығын өздеріңіздің осындай әсіреидеяшыл, әсіре­концепцияшыл, әсіреморальшыл, тырнақшаға алып айтқандағы көркем шығармалармен бітеп тастадыңыздар, жас ұрпағымыздың көркемдік талғамын жөргегінде тұншықтырып. Сонда егер сіздің жаңағы пікіріңізге сүйенсек, әлем мойындаған А.П.Чеховтың «Ванькасы» мен «Степі» де, Бейімбеттің «Қара баласы» мен «Айранбайы» да, Ә.Кекілбайұлының «Ең бақытты күні» мен «Көлденең көк аттысы» да, Ш.Мұртазаның «41-жылғы келіншегі» де жай әшейін «бытовой» шығармалар болып қалды ғой.

Осыны айтты да, Бекен қолын бір сілтеп, орнына қайта отырды. Оған әлгі әдебиеттанушының қандай уәж қайтарғаны қазір менің анық есімде жоқ, есімде қалғаны ол әріптесіміздің де қызыл кеңірдек болып өзінің әлгі пікірін біраз дәлелдеп баққаны ғана.

Негізі өмірдің кез келген саласын­да белгілі бір жетістіктерге жеткен тұлға­лар­дың қай-қайсысының да өмір­баянына көз салсақ, олардың бар­лы­ғының да өзі таңдап алған кәсіп пен өнердің, ғылымның көзсіз фанаттары болғанына көз жеткіземіз. Бекен Ыбырайым да сондай өзі барлық саналы өмірін арнаған көркем әдебиет деп аталатын бекзат өнердің айнымас жанашыры, фанаты және соны жасаушылардың бірі. Оған Халықаралық Алаш сыйлығының лауреа­ты Бекен Бекмұратұлының қаламынан туған «Таң шапағы» атты өлеңдер жинағы (1977 жыл) мен «Жаз күндері» (1984 ж.), Араша (1989 ж.), «Саян» (1992 ж.), «Аспандағы саяхат» (2019 ж.) атты әңгімелер мен повестер, ертегілер жинақтары, сонымен қатар «Көркемдік көкжиегі» (1981 ж.), «Ой мен сөз» (1985 ж.), «Сырлы әлем» (1997 ж.), «Қасым Аманжолов» (2007 ж.), т.б. деп аталатын әдеби сын мен зерттеу кітаптары, монографиялары куә.

Бір айта кететін жай, Бекен соңғы жылдары балаларға арналған әңгімелер мен ертегілерді, повестерді өндіріп жазып жүр. Солардың бірі – оның «Аспандағы саяхат» деп аталатын ертегі хикаяты 2018 жылы республикалық «Алтын қалам» әдеби конкурсының «Балаларға арналған үздік көркем шығарма» аталымы бойынша бас жүлдесін жеңіп алды. Бұл шығармасында замандас әріптесіміз өзінің балалар өмірі мен психологиясын жақсы білетінін, олардың жан дүниесінің қандай нәрселерді қажетсінетінін дәл аңғара алатындығын және ең бастысы дүниенің шындығын көркем образдар арқылы көре білу қасиетіне ие екенін байқатады. Сірә, Бекен мұндай білгірлік пен байқампаздықты соңғы кездері өзінің немерелерінен біраз үйренгенге ұқсайды. Енді сөзіміз дәлелді болуы үшін сол туындыдан бір мысал келтіре кетейік: «Бұйығып үйшікте жатқан күшік Таймастың іші пысып кетті. Содан соң тымпыңдап аулаға шықты. Ешкім жоқ. Көлбеңдеп өзіне ілесіп ізінен қалмай қойған көлеңкесін тырнағымен тартып көрді. Бірақ көлеңке шәниіп жатқан қалпынан өзгермеді. Әрі-бері жүгіріп еді, соңынан қалмай қойды. Көлеңкесінен озғысы келіп, қанша тыртаңдаса да, құтыла алмады».

Осындағы Таймас күшіктің тым­пың­дап аулаға шыққаны, өзінен бір елі қал­май қойған көлеңкесін тырнағымен тартып көргені, көлеңкесінен озғысы келіп жүгіргені – бәрі-бәрі әрі сондай табиғи әрі бала психологиясына, оның дүниетанымына сондай сай. Бейне кіш­кентай оқырман өзін кітап оқып отыр­ғандай емес, мултьфильм тамашалап отырғандай күй кешетіндей етіп жазылған. Себебі аталған әдеби мәтін жанды картина мен образдылыққа толы. Және осы кішкентай үзіндіде балғын оқырманды жалықтырмай, алға қарай жетелеп алып кететін жанды динамика да бар. Меніңше, қазіргі заманғы балалар әдебиетіне біздің мектептеріміздегі әдебиеттік оқу кітаптарын жаулап алған әсіре­морализм мен кішкентай оқыр­ман­­н­ың ішін пыстыратын арзанқол ақыл­дар­дан, әсіреидеяшылықтардан тұратын «шығармалардан» гөрі осындай әрі қара­пайым, әрі шынайы туындылар керек-ақ. Өйткені көркем әдебиеттің әлем та­ны­ған шебері А.П.Чехов айтпақшы, көр­кем­дік дегеніміздің өзі ең алдымен осы табиғилық, шынайылық емес пе?!. Ал әйгілі «Анна Каренинаның» авторы данышпан Л.Н.Толстой болса, бұл хақында: «Қарапайым жаза білу – жазушылық шеберліктің ең жоғары шыңы» дейді екен. Біз бұл шеберлерден асырып ештеңе айта қоймаспыз, сондықтан біз­дің айта алатынымыз тек прозашы Б.Ыбы­райым­ның соңғы жылдары дүниеге келген шығармаларында жазушылық шебер­лік­тің жоғарыда атап өтілген негізгі контур­ла­рының оның бұрынғы туындыларына қарағанда әлдеқайда айқындала түскені ғана.

Сонымен осы бір әдеби эссемізді қоры­тындылай келе, әріптес досымызға не десек екен? Шамасы «Қадірлі Беке, сен жетпіс дейтін жетелі жасыңа шаршамай, шалдықпай әдемі жетіп отырсың, себебі денең бұрынғыша тіп-тік, кербездене дудырап тұратын шашыңның бұйрасы да әзірше онша сұйыла қойған жоқ, баяғыда Мұса замандасымыздың аузының суын құртатын «походкаң» да сол бұрынғы қаз-қалпында, сондықтан өзіңе тән батылдықпен, қажырлылықпен Жаратушымыз бәрімізге бір-ақ рет беретін бұл пәниді жасампаздықпен көркейте түс, сонымен бірге өзің саналы түрде ғұмырыңды арнаған әдебиет деп аталатын өнердің де әсемдігін қайсарлықпен қорғай бер, өйткені Ф.М.Достоевский айтпақшы, мына дүниені бір құтқарса, осы көркемдік пен сұлулық құтқарады емес пе» дегеніміз жөн болар.

 

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, драматург, филология ғылымдарының докторы