Тарих • 10 Сәуір, 2020

Ғасырдан да ұзақ күн

725 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 15 сәуірдегі «Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығы­ның тәжік-ауған учаскесіндегі сыртқы шека­расын қорғауды күшейту туралы» Қаулысына сәйкес жауынгерлік міндеттерін орындау кезінде өшпес ер­лік­тің үлгісін көр­сеткен Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұланның әскери қыз­метшілері туралы қалам тербеу бүгінгі жас ұрпақ үшін де, ертеңгі Отан қорғаушылар үшін де қажет.

Ғасырдан да ұзақ күн

90-жылдардың басында Кеңес Одағына қарайтын елдер­дің тәуелсіздік алып, егемен­ді мем­лекет құра бастаған алғаш­қы жылдары оңайға түскен жоқ. Кеңес Одағының ыдырауы, әсі­ре­се, тәжік еліне ауыр ти­ді, тә­уелсіздік алған бойда бас­тал­­ған азаматтық соғыс мың­да­ған жазықсыз адамның өмірін қиды. Таулы аймақта орна­лас­қан елдің арғы бетінде ұзақ­қа со­зылған соғыс өрті басыл­ма­ған Ауғанстан тұрды. Тәжік-ауған шекарасы арқылы есірткі мен қарудың тоқтаусыз өтуі Тәжікстанға ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағындағы елдердің де қауіпсіздігіне қатер төндірді. Екі мыңнан астам шақырымға созылған шекараны күзету Тәжікстан мемлекеті үшін орындалмас міндет болатын.

Шұғыл түрде Ұжымдық қауіп­­сіздікті қамтамасыз ете­тін бір­­лескен күш қажеттілігі туды. Тә­уелсіз Мемлекеттер Дос­тас­ты­ғы елдері басшыларының ше­шімімен шекараның тәжік-ауған учаскесін қорғайтын күш құрылды. Ресей Федерациясы 201-ші мотоатқыштар дивизия­сын жіберсе, Қырғызстан мен Өзбекстан да өз әскери бөлім­ше­лерін аттандырды. Қазақ­стан­ның жеке құрама атқыш­тар батальоны Қарулы Күш­те­ріміздің, Шекара қызметінің және Ішкі әс­кер бөлімшелерінен жасақ­тал­ды.

Еліміздің Ұлттық ұланы Тә­жік­стандағы Таулы Бадахшан же­ріндегі өздеріне тапсырылған шекара бөлігін күзету міндетін абыроймен атқара білді.

1995 жылы көктемде Қазақ­стан Республикасы бұ­рын­ғы Ішкі әскерлер, бүгінгі Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік мақсатта қызмет атқару барысында нағыз шайқасқа түсті.
7 сәуір күні Пшихавр шатқалында Қазақстан Ішкі әскерінің жетінші құ­рама ротасы содырлардың тұт­қиылдан жасаған шабуылы­нан от пен оқтың құрсауына түсіп қалды. Жаудың күші басым бол­ған ұр­ыс­та 17 әскери қыз­метші оқ­қа ұшып, 33-і жараланды. Ауған жа­ғынан шабуыл жасаған со­дыр­лар бір сағаттың ішінде Тә­­жікстан аумағына өтіп кетуді жос­­­парлаған еді. Алайда, қа­зақ­с­­тандық жауын­герлер жойқын той­­тарыс беріп, бес сағаттық қа­­ру­­­лы қақтығыстан кейін шабуыл­­­­шы­лар кері шегінуге мәж­бүр бол­ды. 

Ерлік ұмытылмайды. Бірақ оның құны да тым қымбат. 1995-тің көктемінде ерлік көрсеткен жетінші ротаның 17 сарбазы мәңгілік жас қалпында қалды.

Тұң­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лы­ғымен 17 сарбаздың бесеуіне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, он екісіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі, сондай-ақ батыр боз­дақтың бәріне Ресей тарапынан да «За отличие в службе» меда­лі қаза болған соң берілді.

Жақында тәжік-ауған арда­ге­рі Досымхан Жахановпен шекарада болған шайқас туралы әңгі­ме­лес­кен болатынбыз.

Кейіпкеріміз Жамбыл облысы Талас ауданының Сейілбек ауы­лында дүниеге келген. 1994 жылы 10 маусымда әскер қата­ры­на шақырылып, азаматтық борышын Шымкент қаласындағы ІІМ Ішкі әскерлерінің 5485 әскери бөлімінде атқарады. 1995 жылы 3 наурызда Тәжікстан еліне аттанады. Арада бір ай өткенде 7 сәуірде Пшихавр шатқалында содырлардың шабуылына тап болады.

– Атақты жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» деген шығармасы бар емес пе?! Сол күн біз үшін шынында да ғасырдан ұзақ болды. Шабуылға тап боламыз деп ешкім ойламаса керек. Биікте бекініп алған содырлар біздің колонаны атқылады. Жа­уынгерлердің ержүректілігі мен командирлердің қайсар­лы­ғы­ның арқасында көп жауынгер аман қалды. Солардың бірі менмін, – дейді Досымхан.

1995 жылдың күзінде туған ауылына оралған кейіпкеріміз өз мек­тебіне жұмысқа орналысады. Мек­­тептің шаруашылық саласын дөңгелетеді. Мектеп дирек­то­рының шаруашылық жұмысы бойынша орынбасары қызметін атқарады. Қазіргі кезде ауылдың мәдениет үйінің әдіскері болып қызметін жемісті жалғастыруда.

– Араға 25 жыл салып көп нәрсені қайта ойлануға болады. Бұл оқиға бізді толықтай өзгертті. Өмірдің қандай қымбат екенін түсіндік. Ерлік тек жеңіс емес, ерлік – өнеге. Оны ұмыт­пай, ұлықтау қажет. Ерлік есте сақталса, ұмытылмайды. Ұлт­тық ұлан басшылығына алғысымыз шексіз. 7 сәуірде әскери бө­лім­дер­де қаза тапқан­дарды еске алу шаралары өтеді. Өткен жылы «Қазбат» көркем фильмін және телесериалын түсірді. Ардагер ре­тінде атал­ған фильмдер көңі­лім­нен шықты, – деп өз ойымен бө­лісті Досымхан.

Бүгінде кейіпкеріміз төрт бала­ның әкесі. Ұлттық ұланның тәр­бие жұмысына өз үлесін қосуда. Өйткені өмір көрген аза­маттың жас ұрпаққа үйретері көп.

Иә, ұрпақтар ауысады. Әсі­ре­се, әскердегі жауынгерлік мін­дет­ті орындаудың мерзімі тым қысқа. Жыл сайын әскер орнына әскер келеді. Өзгермейтін бір ғана нәрсе бар, ол – жауынгерлік мін­детті орындауға адалдық, ер­лік дәстүрі!..

 

Дарын Сейтов,

капитан