Қазақстан • 12 Сәуір, 2020

АШМ өңірлердің егіс науқанына дайындығын пысықтады

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігінде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және оны өткізу мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Бейнеконференция байланысы арқылы оған облыс әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

АШМ өңірлердің егіс науқанына дайындығын пысықтады

Кеңесте егіс алқаптарын, ауыл шаруашылығы техникасын, тұқым мен тыңайтқыштарды дайындау, сондай-ақ фермерлердің жанар жағармаймен қамтамасыз етілуі және көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру барысы талқыланды.  

Жиын барысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне облыстағы егін науқанына қатысты жағдайды ашық айтуға және министрлікке нақты ақпарат беруге шақырды.

 «Бізге ақпаратты дұрыс беріңіздер, ертең әр цифр үшін жауап бересіздер, өңірлердің жағдайын ашық айтыңыздар, біз біліп отырайық», - деп атап өтті С.Омаров.

Сонымен қатар, іс-шара барысында аграрилер қазіргі төтенше жағдай кезінде егіске жұмылдырылған адамдар мен техниканың еркін қозғалуы туралы мәселені көтерді. ҚР АШМ жергілікті атқарушы органдарға фермерлерді қажетті рұқсатнамалармен мүмкіндігінше жылдам қамтамасыз етуді талап етті.

Бұған дейін хабарланғандай, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн гектар жерге егу жоспарланып отыр.

Бұл ретте, егіс алқаптарын әртараптандыру және рентабельділігі жоғары дақылдарды өндіруге көшу шеңберінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар көлемі азаяды, ал майлы, көкөніс-бақша және жем-шөп алқаптары айтарлықтай ұлғаяды.

Қазіргі уақытта егіс науқаны еліміздің оңтүстік өңірлерінде - Жамбыл, Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында белсенді жүргізілуде.