Мінекиіңіз. Міндет айқын қойылған. Мақсат пен мұрат парасат биігінен пайымдалған. Бағалай білмегіміз абзал, бүкіл байтағымызда ұлы Абайға ұлы бетбұрыс басталғандай болып тұрыпты. Тіпті полициялық мекемелерге дейін Абайға арналаған шаралар өткізіп жатыпты. Қуанасың. Қолдайсың. Шүкіршілік. Ұзағынан сүйіндіргей. Деп тілейсің. Алайда қазекем атүстілікке алданып, науқангершілікті малданып кетпесе болғаны да. Данышпаныңыз Он алтыншы қара сөзінде бүй деген: «Қазақ құлшылығым Құдайға лайықты болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды қылып, жығылып тұрса болғаны...» Абайға бетбұрыс, Абайдың мұраларын меңгеруге бағытталған шаралар, атқарылар тірліктер қайран қара шал меңзегендей, «жығылып тұрса болғандайын» жұқпалы ауруларға айналмағай. Айналайындар, Абайыңызды абайлап айтқан абзал-ау. Абай туралы, Абайдың асыл жауһарлары жайында, жұмбақтары жөнінде жеңіл-желпілікке жол бермеген жөн-ау.
Жасыратын несі бар, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!» дегендейін, қанатты қағидаларды балабақшада да, мектепте де, колледждер мен университеттерде де, кештер мен тойларда да, жиын-жиналыстарда да орынды-орынсыз, жөнді-жөнсіз шектен тыс көп қайталап, сәулесіз, сезімсіз тықпалап, жас өскіндеріміздің құлақтарын қажап, ықыластарын ығыр ғып жібереміз-ау. Деуге мәжбүрсіз. Кім білсін-ай, кім білсін. Абайыңыздан үзіп-жұлқыған үзінділерді көп кірістіргенімізбен, «кірпіш» болып қаланбақтың кілтипандарын келістіріп мәністей алмай, көңілдері мен кеуделері керексінер кілттерді таба алмай, тайқымаңдайлық танытып жүрген жоқпыз ба? Деп қиналасыз-ай.
Биыл туғанына 1150 жыл толғалы отырған, адамзаттың екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби парасат дейтұғын шіркініңізді «Бәйекшіл парасат», «Әрекетшіл парасат», «Тәрменді парасат» деп, тамылжыта, таңдандыра, терең талдайды. Абайға бетбұрысымызда, Абайдың асыл мұраларын айналымға түсірер тірліктерімізде әл-Фарабидің осынау парасат сапалары басшылыққа алынбағы ләзім-дүр. Түркілердің текті төрі, мәдени-рухани орталығы болмаққа талпынған Түркістаныңыздың топырағы асыл сүйегін, ардақ рухын тербетіп тұрған шандоз шайыр, ұлы ойшыл Ахмет Ясауи: «Іштерінде қулық толғандардың, көкірегінде ар-ұят солғандардың жүректері тебіренбейді», деген. Әл-Фараби, Ахмет Ясауи және Абай. Рухани тыныс-тіршілігіміздің үш ұстыны. Қайнарлары. Қазыналары. Қасиеттері.
Абайды зейіндей оқымақ пен зерделей тоқымақ – Алаш баласының, қазақ ұл-қыздарының ең басты, парасатты, перзенттік парызы екенін Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов сынды ардақтыларымыз бен жан-жақтыларымыз, күні кешегі Қайым Мұқаметханов пен Тәкен Әлімқұловтар, бүгінде көздері тірі Мекемтас Мырзахметұлы, Мырзатай Жолдасбеков, Тұрсын Жұртбай, Тұрсынжан Шапайларға дейін толғап-ақ, қозғап-ақ, тағылымдап-ақ келе жатыпты. Ал Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі әлем, заманауи заңғар талаптар тұрғысынан таразылап, Абай аманаттарына орай қайран қазағының ындын-ықыласы оңалса екен, оңғарылса екен, пейіл-пиғылы мен нысай-ниеті ізгілікке негізделсе екен, Қазақстан аталатын атамекеніміз құт-берекеге кенелсе екен деп отыр. Сол мақсаттардың асқаралы асуларын анықтап беріп отыр. Сондықтан «жығылып тұрса болғаныдан» абай болмақ керек. Абай айтқандай.
Соңғы жылдары мына біз пақырыңыз, әлімізге қарамай, бір бастаманы қайта-қайта көтеріп-ақ келеміз. Осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын қазақ поэзиясының сұлтаны атанған Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Абайды оқы, таңырқа!» деп жар салған еді. Енді біз: «Абайды оқы, орында!» деген мәніске шақырып жүрміз. Осындай тақырыпты бір үлкен басылымда бипаздадық. Кітапша да шығардық. Түркістан облыстық Пушкин атындағы кітапхана бастап, қалғандары қостап, қолдап жатыр. Бірқатар мектеп пен колледжде, университетте де үнқатысулар үйлесім табуда.
Иә, мына заман, қазіргі қазақ қоғамы мен қауымының хал-ахуалы Абайды оқып, орындауды қажетсінері түсінікті деп ойлаймыз.
Мархабат Байғұт,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері