Қоғам • 13 Сәуір, 2020

Кез келген сынақ келешектегі қадамды айқындайды

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы өзінің мақаласында Қазақстан халқына қиын кезеңде сенім артып, елді басқаруға мүмкіндік бергеніне алғысын білдірді. Нұрсұлтан Әбішұлы ұлы Абай және басқа да әлемдік ойшылдардың сөздерін келтіріп, осындай жауапты сәтте ауызбірлікті нығайтуға баса мән беріп отыр. Неге десеңіз, жалпықоғамдық үрейден басқа қауіпті жау жоқ.

Кез келген сынақ келешектегі қадамды айқындайды

Қазір халықтың тəн саулығынан бөлек, жан саулығына қауіп төніп тұр. Өкінішке қарай, қоғамдық санаға зиян келтіруді ойлайтындар да кездеседі. Тұңғыш Президент, міне, осыған алаң­даулы.

Жалпы, соңғы 30 жылдың көлемінде еліміз түрлі сыни кезеңді өткерді. Мəселен, 90-жылдары халқымыз бұдан да күрделі əрі жауапты сынақтардан өтті. Егер тəртіпке бағынып, жауапты болсақ коронавирус індетінен де аман-есен өте­тінімізге кəміл сенемін.

Шындығына келсек, осы пандемия бізге үлкен өмірлік сабақ болуға тиіс. Бұрын мəн берген мəселелерге енді басқаша қараудың сəті түсті. Жаһандық тұрғыда қайда бағыт алғанымызды таразылап, экономикадағы олқылықтарды көруге мүмкіндік туды. Əлсіз тұс­тары­мыз нақты айқындала түсті. Мысалы, Үкімет импорттық тауарларды жер­гілікті өнім­мен алмастырудың қам-қаре­кетіне көшті.

Менің ойымша, қазіргі қиын ахуа­л ұзаққа созылмайды. Тағы қайталап айтамын, бұған қарағанда біз 90-жылдардағы кезеңді ұзаққа дейін есте сақтаймыз. Расында да қазіргі жағдайды аса қатты ойлаудың қажеті шамалы. Қазір дұрыс қорытынды шығарып, келешектегі қадамдарымызды ойластырған əлдеқайда тиімді. Бұған дейін не тындырдық? Алдағы уақытта қандай бағытта жұмыс атқарамыз? Осыған көңіл бөлгеніміз дұрыс. Бұл міндет біріншіден, егемен еліміздің төл құрдастары – ордабұзар жастағы азаматтарға жүктелмек. Олар­ға қол­ғабыс еткеніміз абзал. Барлық ре­сурс жет­кілікті. Білікті адамдар бар. Ме­дициналық мекемелермен қамтыл­ғанбыз. Түрлі бағыттағы заманауи клиникалар бүгінге дейін салынды. Тек қана сабырлы болып, кез келген шешімді қабылдамас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кесудің амалын ойластыру қажет. Айталық цифрландыруды алып қарайық. Онлайн оқыту режіміне көшеміз дедік. Бірақ оның өзі оңай шаруа емес екеніне көзіміз жетті. Енді содан ой түйіп, келесі жоспарымыз жүйелі болуға тиіс.

Түйіндей келгенде, əлсіз жəне мықты тұстарымызды бұл індет көрсетті. Сон­дықтан Елбасы мақаласы дер кезінде жарияланды деп ойлаймын. Бұл қазір халықтың көңілінде үміт ұялатады деген сенімдемін.

 

Иван Сауэр,

«Родина» агрофирмасының бас директоры