Саясат • 13 Сәуір, 2020

Бірлік сабақтастығы

193 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы, бүгінгі таңда барша адамзатқа қауіп-қатер төндіріп отырған, коронавирус дертінің таралуына байланысты қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан Қазақстан халқына арналып отыр.

Бірлік сабақтастығы

Елбасымыз пандемия кезінде бұл сынаққа бүкіл ел болып, ұйымдасқан түрде тойтарыс беріп, мемлекет тарапынан жасалып жатқан ауқымды іс- шараларға қолдау көрсетіп, оларға барынша түсіністікпен қарап, бір кісідей шыдамдылық танытсақ қана, әлемде қарқынды таралып бара жатқан індетке қарсы тұрып, одан аман-есен шығуға болатынын айтып, ауызбіршілікке шақырып отыр.

Бұл елімізге келген алғашқы сынақ емес, біз тәуелсіздігіміздің 30 жылға жу­ық мерзімінде бұдан да ауқымды, күрделі қиындықтарды бастан өткеріп, сол кезеңдерде мемлекет тарапынан жүргізілген дұрыс саясаттың нәтижесінде сол дағдарыстардан аман-есен, мол тәжірибелермен шығып, дамудың жаңа сатысына көтерілген болатынбыз.

Ширек ғасырдан астам уақытта, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев әлем мойын­даған мемлекетті қалыптастырып, оның ішкі және сыртқы саясаты мен экономикасын бір ізге түсіріп, халықтың болашаққа үлкен сеніммен қарауына мүмкіндіктер туғызып отыр. Оның елімізді жүйелі түрде дамыту бойынша жүргізіп келе жатқан салиқалы саясаты мен мемлекетті күйзелістен алып шығу бойынша жинақтаған тәжірибесі, халқымызды бұл қиындықтан еңсесін тік ұстап, аман-есен шығуға мүмкіндік берері сөзсіз.

Нұрсұлтан Әбішұлы пандемияның салдарынан туындаған дағдарыстан шығуда, одан сабақ ала отырып, жи­нақталған мол тәжірибені пайдаланып, аймақ және әлем мемлекеттерімен бір­лесе іс-қимыл жасай отырып, осы күнге дейін қалыптасқан достық, өзара сенім мен ынтымақтастыққа сүйе­нуіміздің қа­жеттігін айтуда.

Бұл мерзімінде айтылған өте орынды және дұрыс ұсыныс деп білемін, өйткені бұл жеке бір мемлекеттің мәселесі емес, COVID-19 індеті әлемді шарпыған пандемия, бүгінгі таңда дүние жүзі бойынша ауруға шалдыққандардың саны 1,6 млн-нан асып, қайтыс болғандардың саны 100 мыңға таяған. Жаһандық ін­детпен басқа елдермен бірлесіп, қоян-қолтық күресуге біздің біліктілігіміз бен тәжірибеміз жеткілікті, еліміз тә­уелсіздік жылдары белсенді сыртқы саясат қана жүргізіп қоймай, беделді халықаралық ұйымдарды абыроймен нәтижелі басқарып, аймақтағы және әлемдегі саяси, қауіпсіздік, өр­ке­ниеттік, экономикалық, эколо­гия­лық мәселелерге қатысты бастама кө­теріп, оны шешу жолында жүргізіп келе жатқан табысты саясаты мен бас­тамалары әлем елдері тарапынан оң қабылданып, жаһанның жетекші ел­дерімен стратегиялық әріптестігі жарасып, Қазақстанның экономикалық қуатының қарқынды өсіміне, сыртқы әлеммен сауда-экономикалық, сондай-ақ инвестициялық байланыстарының дамуына негіз болды.

Мемлекетіміз індеттің алғашқы тарала бастаған кезінен оны жіті бақылап, әлем елдерінің бұл дертке қарсы ұстанған саясаттарын саралап, бүгінде оның ел ішінде кең түрде таралып кетпеуі үшін нақты шаралар жүргізуде. Әлеуметтік тұрғыда халыққа жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әлемді жайлаған індеттен аман-есен, мейлінше аз шығынмен шығу біздің өзімізге байланысты екені белгілі, біз тарихтан басымыздың бірік­пеген кезеңдерінде халықтың қан­дай қасіреттерге ұшырағанын жақсы бі­леміз, сол себепті еліміз үшін күрделі ке­зеңде бірлігімізді арттырып, біртұтас, ұйым­шыл болуымыз қажет.

 

Нұрлан СЕЙДІН,

«Ғылым ордасы» РМК бас директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты

 

АЛМАТЫ