Қазақстан • 13 Сәуір, 2020

Отандық әуе компаниялар 235 млрд теңге табысынан айырылды

177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемдік авиация индустриясы коронавирус пандемиясынан ең көп зардап шеккен салалардың бірі және авиация тарихындағы ең ауыр дағдарысты бастан кешуде.  Өкінішке орай, инфекцияның жағымсыз салдары Қазақстанның азаматтық авиация саласына да әсер етті. Бұл туралы ИИДМ Баспасөз қызметі хабарлады.

Отандық әуе компаниялар 235 млрд теңге табысынан айырылды

Мемлекеттік комиссияның шешімдеріне сәйкес, Қазақстанда коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында бүгінгі күні 97 халықаралық бағыттар бойынша аптасына 438 рейс (442-ден 4 жиілікке дейін) немесе барлық халықаралық рейстердің 99%-ы қысқартылды. 

Барлық тұрақты ішкі рейстер жабылды. Қазіргі уақытта ел аумағында тұрақты әуе қатынасы жоқ.

Егер 2020 жылдың 22 наурызына дейін 45 ішкі бағытта аптасына 540 рейс (тәулігіне 77 рейс) орындалса, 2020 жылдың 2 сәуірінен бастап Қазақстан қалалары арасындағы барлық ішкі тұрақты рейстер тоқтатылды.

Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының  (ИКАО) болжамына сәйкес, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында әуе компаниялар ұсынатын орындар саны 51% қысқарады, сондай-ақ тасымалданған жолаушылар саны 500 миллионға азаяды.  Сонымен бірге әуе компаниялардың операциялық шығындары 124 млрд АҚШ долларын құрайды.

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) 2020 жылы жолаушылардан түсетін кірістің жоғалуын 252 млрд долларға бағалайды.

2020 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақстанда тасымалданатын жолаушылар саны 70% азайды. Ұшу рейстерінің қысқаруы мен шектелуінен отандық әуе компаниялар 235 млрд теңгені, әуежайлар 24,5 млрд теңгені, «Қазаэронавигация» РМК 28 млрд теңгені жоғалтты.

Қазақстандық тасымалдаушылар жабық әуежайлардан ғана емес, ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен де зардап шегуде.

Басқа салалармен қатар азаматтық авиация азаматтарды эвакуациялауға, гуманитарлық жүктерді тасымалдауға белсенді қатысуда, репатриация рейстерін ұйымдастыру кезінде авиация персоналдың қайсарлығын атап өту қажет.

Бүгінгі таңда әуе тасымалы саласы мемлекеттік қолдау шараларын қажет етеді. Осы бағытта пандемия салдарын азайту және Қазақстанның азаматтық авиация саласын қалпына келтіруге дайындау үшін тиісті шаралар қабылдау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Барлық халықаралық сарапшылар авиация тарихында осындай жағдай болмағанын мәлімдейді.