Қоғам • 13 Сәуір, 2020

Ұлт болып жұмылатын уақыт келді

205 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін коронавирус ошағы болған Ухань қаласы 76 күнге созылған карантиннен соң ашылды. Дәл осы уақытта Елбасы мақаласы жарияланды.

Ұлт болып жұмылатын уақыт келді

Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген қанатты сөзін мысалға келтірген мақаладан түйгеніміз, біз қазір ұлт болып жұмылып, бірлігімізді арттырып, дүние жүзі бойынша 1,4 миллионнан астам жан сырқатқа шалдыққан дертті жеңіп шығуымыз керек.

Көңілге медеу болатыны – Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті және шеттегі азаматтарын қалдырған жоқ. Арнайы рейстер ұйымдастырылып, түрлі елдерде тарыдай шашылған азаматтарымыз түгел елге оралды.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты ақпарат берді. Ақпарат демекші азаматтарымыз қазір жаңа технологиялар мен түрлі ақпарат көздері туралы толыққанды біліп оны меңгеріп жатқан секілді. Себебі қазіргі заман осыны талап етуде.

Үнді халқының ұлы гуманист қайраткері Махатма Гандидің «Әлемді өзгерту үшін әуелі өзіміз өзгеруіміз керек» деген сөзін мысалға келтірген Елбасы өз мақаласында маңызды мәселені атап көрсетті. «Дәл қазір бүкіл адамзат жолайрықта тұр. Әлемдік геосаясатты, экономиканы, экологияны, қоғам өмірінің сан алуан саласын қамтып, тізбектеле келген, бұрын-сонды болмаған проблемалар әлем мемлекеттерінің қарым-қатынасын да өзгерте бастады» деді Елбасы.

Біз бұл індетті міндетті түрде жеңіп шығамыз. Бірақ Әлем енді бұрынғыдай болмайды.

Олжас БЕРКІНБАЕВ,

саясаттанушы