Саясат • 14 Сәуір, 2020

Маңызды әрі дұрыс шешім

91 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жер жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясының таралу екпіні күннен күнге артып, осы ауру салдарынан туындаған экономикалық, әлеуметтік және саяси жағымсыз салдарларының ауқымы да өсуде.

Маңызды әрі дұрыс шешім

Кеше ғана қатерлі дерттің қаупін мойындамай, міндетті карантин шараларын енгізуге асықпаған көптеген Батыс елінің қазірге жағдайы барлығымызға мәлім. Мәселен, COVID-19 бүгінге дейін АҚШ-та ғана 22 мыңнан астам адамның жанын қиған, осы дертке шал­дыққандардың саны 550 мыңнан асты.

Бүгіндері халықаралық қоғам­дас­тықтың үлкен алаңдаушылығын туғызып отыр­ған тағы бір мәселе – қауіпті дерттің екін­ші толқыны басталу мүмкіндігі. Жақында ғана өз елінде коронавирустың кең етек жайылуына жол бермей, әлем мемлекеттерінің құрмет пен мадақ­тауына бөленген Сингапур өкіметі де қай­тадан COVID-19 қасіретімен айқа­суға мәжбүр. Бастапқыда Сингапур қатаң әрі шұғыл шаралар арқылы коронавирусты бақылауға алған еді. Алайда, кейінірек елге 500-дем астам сингапурлық азамат оралған болатын. Ең маңыздысы, сол азаматтар карантинге жатқызылса да, олармен тұратын жақындарына ешқандай шектеулер қойылмаған. Нәтижесінде, қазір Сингапурда тәулік ішінде осы дертті жұқтырған адам саны үш таңбалы динамикамен өсуде.

Демек, коронавирус жоғары қаупі әлі сақталуда, жауапсыз қалған сұрақтардың саны да көбеюде: вакцина қашан табылады? Таралу екпіні қашан шарықтау шегіне жетеді? Вирустың ұзақмерзімді салдарлары қандай және тағы басқа.

Міне, осы жағдайларды ескерсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде төтенше жағдай режімін 30 сәуірге дейін ұзарту шешімі дұрыс әрі керек шара екеніне көзіміз анық жетеді.

Қазақстанда коронавирус дертінің таралу динамикасы шарықтау шегіне әлі жеткен жоқ. Елімізде карантин шаралары арқасында вирустың жаппай таралуы айтарлықтай бәсеңдесе де, көптеген тәуекел әлі сақталуда. Мәселен, Президент атап өткендей, басшылық қадағалауындағы басты мәселелердің бірі – халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерде қауіпті дерттің таралуына жол бермеу.

Әрине төтенше жағдайдың ұзартылуы бүкіл әлеумет үшін қиын сынақ. Ел экономикасы да үлкен шығындарға батуда, алайда Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, халық денсаулығы – ең маңызды басымдылық. Бұл ел басшылығы ұстанып отырған басты қағида, қоғамда да бұл мәселе бойынша ешқандай дау мен талас, келіспеушілік болмауға тиіс.

 

Ерлан МӘДИЕВ,

Тұңғыш Президент қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы