Саясат • 14 Сәуір, 2020

Талаптыға жұмыс табылады

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тосыннан келген індет қоғамның сан салалы жұмысына кедергісін келтіріп, едәуір шығынға ұшыратып отыр. Төтенше жағдай кезінде мемлекет азаматтарды жан-жақты қолдау үшін нақты іс-шаралар қабылдады. Соның ішінде уақытша жұмыстан шеттетіліп, табыссыз қалғандар назардан тыс қалмайды. Осы бағыттағы бастамалардың жүзеге асуына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да үлес қосып жатыр.

Талаптыға жұмыс табылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 сәуірде төтенше жағдай режімі айдың аяғына дейін ұзартылғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы жұмыссыз отырғандарды қолдауға ерекше мән беріп, төтенше жағдайда тағайындалған әлеуметтік төлемнің тиімді әрі қауіпсіз үлестірілуін нақтылап тапсырды. Бұған қоса індеттен кейінгі кезеңнің жоспарлы істерін қаперде ұстап, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының сапалы орындалуын сөз етті.

Көптеген жұмыс орнын құрып, біраз азаматты жұмыспен қамтуға септігін тигізетін бұл бағдарламаның қысылтаяң шақта маңызы арта түсті. Игілігі мол бағдарламаны іске асыруға 1 млрд теңге бөлінді. Бұл уақытша және тұрақты 242 мыңнан аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Біз өз тарапымыздан бағдарламаның талай тиімді кәсіптің көзін ашып, одан әрі тұрақты дамуға ықпал етуіне мүдделіміз. Бизнеске бастау болатын жобалар тиімділігін көрсетіп, жұмыс орындарының аясын кеңейтуге үлес қосуы үшін жағдай жасау керек.

Өз кезегінде «Атамекен» Ұлттық кə­сіпкерлер палатасының мобильді жұмыс­пен қамту орталықтары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде жұ­мыс­сыз тұлғаларға пайдалы ақпараттарды уақтылы жеткізіп, жұмысқа орналастыруға көмектесуге дайын. Соның ішінде онлайн режімде жұмыспен қамту тәжірибесімен бөлісу азаматтарға біраз септігін тигізеді деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда осындай 31 мобильді орталық жұмыс істеп тұр. Оның 8-і – Нұр-Сұлтан, 12-сі – Алматы, 10-ы – Шымкент қаларында және біреуі Қордай ауданында ұйымдастырылды. 2019 жылдан
2020 жылдың 1 сәуіріне дейінгі кезеңде бұл орталықтың қызметіне 143,1 мың адам жүгінді. Жоба іске қосылған сәттен бастап 5362 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 174 адам төтенше жағдай кезінде жұмысты болды.

Осылайша кез келген салада мәселенің шешімін жедел тауып, оның нәтижелі орындалуы үшін жұмыла кіріссек, бұл күрделі кезеңнің ауыртпалығын да артқа тастаймыз деп сенемін.

 

Айдана ТОҒЫЗБАЕВА,

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жұмыспен қамту мәселелері бойынша департаментінің директоры