Аймақтар • 15 Сәуір, 2020

Карантиндегі Қарағандының «қызықтары»

910 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында коронавируспен ауырғандардың саны күн санап көбейе түскен кезде: «Әкім қайда, елдің алдына неге шықпайды?», деп әлеуметтік желіде аттан салып, дабыл қақтық. Обалы нешік, облыстың әкімі Жеңіс Қасымбек сол күні тікелей эфирге шығып, Арқа жұртына сөз арнады. Бірақ, «жаман тұмау» дегеніңіз мұнымен сап тыйыла қалған жоқ. Бүгінде осы індеттің вирусы бойында бар адамдардың саны облыста 55-ке жетті... Карантин карантинмен, дегенмен мұның да өзіндік қызығы мен шыжығы қатар жүреді екен. Өмір бар жерде осылай болуы заңды да. Сары уайымға салынбай, ер көңілдің сабырын жоғалтып алмасақ, бұл сынақ та көрген түстей өте шығар!

Карантиндегі Қарағандының «қызықтары»

Әкім коронавируспен ауырды ма?

Күні кеше WhatsApp желісінде облыстағы Бұқар жырау ауданының әкімі «Жаман тұмау» жұқтырыпты» деген аудиожазба желдей гулеп тарап кетті. Арқа жұрты бұл ақпаратты естіп, абдырап қалған-ды. Әкім де ауырады-ау екен деп емес, бұл індеттің алдында әркімнің де әлсіз екенін ойлап уайымдаған болар...

Көп ұзамай бұл ақпараттың жал­ған екені белгілі болды. Тәртіп сақ­шылары желіде қауесет таратып, жұрт­тың үрейін ұшырған 40 жастағы әйел­ді оп-оңай тауып алды. Күдікті кінәсін мойнына алып, эфирде екі етегі жасқа толып, аудан әкімінен, бар­ша жұрттан кешірім сұрады.

Бұл оқиғаның Бұқар жырау ауданы­ның әкіміне оңай тимегені анық. Коронавируспен күрес, одан кейін көктемгі су тасқыны деп күндіз күлкі­ден, түнде ұйқыдан айырылып жүр­ген әкімнің шашын мына оспадар қылық тіпті де ағартып жіберген шығар...

Жалпы, қылмыстың мұндай түріне, атап айтқанда, телекоммуникация желілерін пайдаланып, қасақана жалған ақпарат таратқанға жаза қатаң – жеті жылға дейін сотталып кету түкке де тұрмайтын шаруа.

 Abadan «картоп жарды»

Жастардың сөздік қорында «картоп жарды» деген заманауи жаргон бар. Жағдайға байланысты сәл-пәл құбылып тұрғанымен, түпкі мағынасы күлкіге қарық қылды дегенге келеді.

Қарағандыда Abadan деген аралас жекпе-жек шеберлерін шыңдайтын  клуб бар. Міне, осы ұжымдағы білек­ті де жүректі жігіттер кеше 600-ге тарта адамға картоп таратты. Клуб пре­зиденті Нұрлан Қалтаев бұл ак­ция­ның BigTayGroup компа­ния­сы­­ның қолдауымен іске асқанын айтты. Картоп – компаниянікі, бәсе дей­міз, үнемі демеуші іздеп жүретін спорт­шыларға 8 тонна картоп сатып алатын ақша қайдан келсін?

Дегенмен, Abadan басшысы­ның осындайда жол тауып, жұрт көзіне жақсы жағынан жарқ етіп көріне білетін өнеріне дән риза боласың. Диванды сықырлатып, сары уайымға салынып жата бергенше, осылайша ебін тауып, мұқтаж жандарға ең құрығанда бір дорбадан картоп үлестірсең, бұл да ортақ іске қосқан аз да болса үлесің ғой. Abadan шынында да жақсы мағынасында «картоп жарды».

  Ресейліктің риза болуы

Қарағандыдағы қарт ата-анасына сонау Петербордан баласы қонаққа келіпті. Негізі, біздің елге төтенше жағдай жарияланғанға дейін жеткен екен. Содан күнде қонақ, сайран салып жүргенінде, жаңа көші-қон ережелеріне сай келу туралы ескертуді үш күн мерзім ішінде тіркетуді есінен шығарып алған ғой.

Ал Теміртауда жүргенінде, екі қала карантинге жабылған да, қыды­рымпаз сабаз үшін облыс орталығына жетіп алудың өзі мұңға айналған.

Петерборлықтың басындағы бұл жағдайдан хабардар болған облыстағы «Жедел әрекет ету орталығы» көмек қолын созды. Ресей азаматының елімізде болуы заңдастырылып, оған са­ни­тарлық блок-бекеттен өтуге рұқ­сат берілді. Осы оқиғаның куәсі бол­ған­дар күліп айтады: айыппұлдан да қ­ұ­тылған ресейліктің риза болғаны сон­ша, иегі кемсеңдеп, жылап та алыпты...

Карантин біткеннен кейін әлгі қонақ еш кедергісіз өзінің сүйікті Санкт-Петербургіне орала алады.

 

Қарағанды облысы