Руханият • 15 Сәуір, 2020

Бабадан мирас бай мұра

563 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның даму белестерінде ұлттық өнердің алатын орыны орасан. Жалпы айтқанда, адамзат тарихының бүгінгі сәтке дейінгі жеткен деректері әрбір ұлттың өзіндік ерекшеліктерін аңғартады. Бұл тұста қазақ ұлтының нағыз ұландары ата-бабалар қалыптастырған ұлы қазыналарды, салт-дәстүрлерді, рухани құндылықтарды көзінің қарашағындай сақтап, ұрпақтардың жадына сіңіріп, кейінгілерге аманат етумен келеді.

Бабадан мирас бай мұра

Қазақтың ұлттық тарихындағы рухани құндылықтарды ұлықтау дәстүрін дамыта жалғастырып келе жатқан жанашырларды біз қай кезде де құрмет тұтуымыз тиіс. Қазақстанды көпұлтты ел ретінде әлем біледі. Сондықтан әрбір ұлттың тарихи мұрасы мен салт-дәстүріне терең бойлау қазіргі кезде аса маңызды болып отыр.

Біздің халқымыздың арасында талантымен дараланған тұлғалар жетерлік. Алайда сол халықтың жан-дүниесін тебіренткен, әр дәуірден терең сыр шерткен асыл мұралардың барлығын түгендеп, сол қалпында сақтап, келер ұрпақтарға жеткізу әлі де іргелі істерді талап етеді. Әсіресе фольклорлық-музыкалық мұра­лар, эпикалық жыр-дастандар бүтін ха­лық­тың тарихи шежіресі ретінде саналады.

Ұшса құстың қанаты талатын Ұлы даланың тарихында таңбаланған әрбір деректі білу бүгінгі ұрпақтың басты парызы саналады. Мәселен, ержүрек Күлтегін мен Тоныкөктің жырларынан сол кездегі жаугершілік заманның келбеті мен болмысын көркем тіл, астарлы ой, философиялық асқан тереңдікті байқаймыз. Сондықтан тарихымыздағы жыраулық дәстүр – ұлт болып қалыптасуымызға дейінгі түркі дәуірінің, сондай-ақ оған дейінгі ара­лық­ты қамтыған адамзат ақыл-ойының ең жоғары биік өлшемінің көрінісі дер едік. Әйгілі Сыпыра жырау, одан берірек тарихи кезеңдердегі Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Қазтуған, Үмбетей және Бұқар бабамызға дейінгі өрлік пен ерлікті қатар ұстаған данагөй жыраулардың жолы сайрап жатыр.

Бүтіндей далалық мәдениеттің философиясы жыраудың ішкі жан діліндегі поэзиялық қуатымен айшықталады. Бұқар бабамыздан кейін де далалық өркениеттің үлгісі атанған даңғайыр жыраулар өмір сүрді. XIX-XX ғасырлардың өзінде Базар, Жиембай жырау, бір Маңғыстау түбегінде Абыл, Нұрым, Қашаған аталарымыз ғұмыр кешті. Олардың ізін Мұрын жырау жалғады. Мұрын жыраудың кешегі екінші дүниежүзілік соғыс уақытында Қырымның қырық батырын алты ай жырлап, елдің еңсесін тіктеп, рухын оятты. Ол бізге мың жылдық мұра, жүз жылдық мәдениеттің адамзат баласына ортақ екендігін айғақтап кетті.

Бүгінгі таңда Орхон-Енисей жазба ескерткіштері мен Қорқыттан қалған жәді­гер­лерді адамзаттың ортақ мәдени мұрасы деп бағалаймыз. Сонымен бірге, баршаға ежелгі дәуірден танымал болған қаншама өнер иелері бар десеңізші?! Ендеше жыраулық өнердің бүгінгі ізба­сар­ларын сол әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі деп бағалаған абзал болар.

Жалпы әлемде әр халықтың көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан бай мұрасы бар. Соны біз ұқыппен сақтап, әлі де зерттеулерді қажет ететіндерін терең­дей қаузап, келер ұрпаққа аманаттап тапсыруымыз қажет. Осы тұста Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында осы аталып өткен мәдени мұраларды ұлықтауды әрі оларды терең зерттеуді баршамызға тапсырған еді. Осы мін­дет­ті жүзеге асыру мақсатымен Нұр-Сұл­тан қаласындағы Достық үйінен бел­­гілі жырау Алмас Алматов Жыр орта­­лы­ғын ашуға бастама көтеріп отыр. Елба­­сы­ның өзі қолдау білдірген іске жа­на­шыр қауым түсіністік танытар деп ой­лай­мыз. Өйткені елорданың Достық үйіне әлем мемлекеттерінен мәртебелі қо­нақ­тар ат басын жиі бұруда. Олар осы ар­қы­лы Қазақстанды мекен еткен бар­лық ұлттардың төл мәдениетімен етене та­ны­су­ға мүмкіндік алатыны шүбәсіз.

 

Әмірхан АЛМАҒАМБЕТОВ,

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз бөлімінің бас маманы