Кешенді шаралар қабылданды
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қаңтар-наурызда елімізде ІЖӨ өсуі 2,7% құрағанын атап өтті. Яғни қимыл баяулады. Жылдық инфляция 6,4%-ды құрады. Экономиканың базалық саласында өсу байқалады. Өнеркәсіптің өсу қарқыны 5,8% деңгейінде сақталды.
«Бұл фармацевтика, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру және жеңіл өнеркәсіптегі қарқынның артуымен негізделеді. Өңдеу өнеркәсібінде барлық өңір оң серпін көрсетті. Жоғары өсу Қостанай, Атырау және Қызылорда облыстарында тіркелді. Инвестициялардың ұлғаюы өңірлердің көбінде байқалады», деді Р.Дәленов.
Жыл басынан бері 2,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2020 жылға жоспар 15 млн шаршы метрді құрайды. Ауыл шаруашылығында өнім 2,5%-ға өсті. Сонымен қатар макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі аспектілерге назар аудару қажеттігін айтты. «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында белсенді құрылыс жұмыстарының маусымын жедел іске қосу; Аванстық төлемдерді барынша төлеу және ішкі өндірісті жүйелі қолдаумен мемлекеттік сатып алуды жылдам өткізу; Нарықты азық-түлікпен белсенді қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына бағаның бекітілген шекті мәндерінен жоғары өсуіне жол бермеу; «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында жеңілдетілген кредит беру үшін жобалар пулын қалыптастыру; Аймақтық және республикалық жобалар бойынша негізгі капиталға инвестициялардың нысаналы деңгейіне қол жеткізуді қамтамасыз ету.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде наурызда жылдық инфляция 2020 жылға белгіленген 4-6% нысаналы дәлізден асып, 6,4%-ға дейін көтерілді. Инфляцияға негізгі үлесті азық-түлік тауарларының қымбаттауы қосты, олардың өсуі 9,3%-ға дейін жылдамдады. Мұндай динамика, бір жағынан, көкөністер бағасының маусымдық өсуінен, ал екінші жағынан карантиннің енгізілуіне байланысты тосын сұраныстан туындады.
Валюта нарығындағы жағдай сыртқы іргелі факторлардың әсерімен қалыптасуда. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және алыпсатарлық мәмілелерді шектеу мақсатында биылғы 10 наурыздан бастап Ұлттық банк интервенция жүргізді. Сонымен қатар, валюта ұсынысының төмендеуі және теңгенің айырбастау бағамына күрт қысым жасау талаптарында валюталық сауда-саттықта алғаш рет франкфурттық аукцион әдісі іске қосылды. Бұл шара бағамға алыпсатарлық қысымды төмендетуге бағытталды. Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін арттыру үшін Үкіметпен бірлесіп шетел валютасы ұсынысын ұлғайту бойынша шаралар қабылданды. Оған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экспорттық валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сатуы және валюталық депозиттерді екінші деңгейдегі банктердегі шоттарға аударуы, заңды тұлғалардың валютаны сатып алуына және сатуына қойылатын талаптарды күшейтуі кіреді.
Сондай-ақ Е.Досаев Мемлекет басшысының бастамасымен дағдарысқа қарсы шаралардың бірінші топтамасы шеңберінде атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Экономиканың басым салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламаларында биылғы 10 сәуірдегі жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 422,2 млрд теңгеге 619 өтінім қабылдады. Ұлттық банк бағдарламаны қаржыландыруды 1 трлн теңгеге дейін жеткізіп, 400 млрд теңгеге ұлғайту туралы шешім қабылдады, бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталады.
Жергілікті бюджет кірістері асыра орындалды
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2020 жылғы І тоқсанда мемлекеттік бюджеттің кірістері есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 89,9%-ға, соның ішінде республикалық кірістер 78,8%-ға, жергілікті бюджеттер 121,4%-ға орындалды. Сыртқы факторлардың экономикаға теріс әсерінен республикалық бюджеттің кірістері 10,5%-ға (89,5%) төмендеді. Жоспар 378 млрд теңгеге орындалмады. Бұл негізінен салықтар есебінен қалыптасты.
«Қалыптасқан экономикалық жағдайға қарамастан, бизнес алдындағы өз міндеттемемізді уақтылы орындадық. Есепті кезеңде оларға 193 млрд теңге көлемінде қосылған құн салығы қайтарылды. Бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 84 млрд теңгеге көп», деді Ә.Смайылов.
8 сәуірде қабылданған нақтыланған республикалық бюджетте кірістер бойынша жылдық жоспар 6,4 трлн теңге сомасында бекітілді. Жергілікті бюджет кірістері 134 млрд теңгеге артығымен орындалып, 759 млрд теңгені құрады. Асыра орындалу негізінен салықтар есебінен қалыптасты – 127 млрд теңге. Барлық өңірде кірістердің жоспары артығымен орындалды. Жергілікті бюджет шығыстары 1,2 трлн теңгеге игерілді.
Машина жасау өндірісі 30,4%-ға өсті
Өнеркәсіптік және энергетика салаларындағы жағдай туралы баяндаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бірінші тоқсан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 105,8%-ды құрағанын айтты. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібі 105%, өңдеуші өнеркәсіп 108,8% болған. Машина жасау саласында өндіріс көлемі 30,4%-ға өсті. Фармацевтикада өндіріс көлемі 32,2%-ға, жеңіл өнеркәсіпте 14,2%-ға, былғары және оған жататын өнімдер 18,9%-ға, киім өндірісі 14,7%-ға өсті. Қазір «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде саланың дамуы бойынша бірқатар нормативтік актілер мен жүйелі шаралар қабылдануда. Көлік қызметі кешенінде І тоқсан бойынша нақты көлем индексі 98,7%-ды құрады. Себебі Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында жолаушылар автобусының тасымалы, жолаушылар пойызы, әуе қатынастары тоқтатылды.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің айтуынша, қазіргі жағдай экономиканың барлық саласына әсерін тигізді.
«Мұнай-газ саласы сыртқы факторлардың ықпалына қарамастан, біршама тұрақты. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өнеркәсіптік көрсеткіштер мұнай өндіру көлемінің 102%-ға асыра орындалуымен қамтамасыз етілді», деді ол.
А.Есімов есепті кезеңде 4,3 млн тонна немесе жоспарлы көрсеткіштен сәл төмен мұнайдың қайта өңделгенін атап өтті, бірақ бұл өткен жылғы деңгейден 30%-ға артық. Газ тасымалдау көлемі 24,4 млрд текше метрді құрады, бұл жоспар деңгейінде, бірақ өткен жылғы көрсеткіштен 10%-ға жоғары.
«Жүк сегменті біршама тұрақты, жүк айналымының орындалмауы 6%-ды құрайды, бірақ былтырғы деңгейде сақталды. Соған қарамастан, көлемін арттыруға нақты перспективалар бар. Біз Қытайдан келетін жүктердің транзиттік жөнелтілуінің жанданғанын байқап отырмыз. Жалпы, компаниялардағы жағдай іскерлік жағдайда, жұмыс тұрақты жүріп жатыр. Өндірістік қызметкерлер қысқартылған жоқ, жалақы төлеу бойынша кідірістер жоқ, кәсіпорындарда қауіпсіздік талаптары мен санитарлық-эпидемиялық бақылау нормалары сақталған», деді қор басшысы.
Бұған дейін тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға алушыға 2,3 млрд теңге сомасына жалдау төлемдерін осы жылдың 1 маусымына дейін кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Жеңілдіктер 37 мың азаматқа қатысты болады. Сонымен қатар Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне 500 млн теңге сомасына қорғаныс маскаларын сатып алуға қаржы бөлінді.
390 мың тонна дизель отыны жеткізіледі
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев I тоқсанда мұнай және конденсат өндіру көлемі 23,6 млн тоннаны құрағанын айтты. Бұл жоспардың 103,1%-ы. Мұнай экспорты 18,9 млн тоннаны немесе 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 102,7%-ды құрады. Жақындағы ОПЕК+ отырысында биыл 1 мамырдан бастап жаһандық мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельге дейін азайту жөнінде шешім қабылданғанына орай, бүгінде 2020 жылдың мұнай өндіру көлемінің жоспарын 90 млн тоннадан 84,5 млн тоннаға төмендету қарастырылуда.
«Президент тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін төменгі бағамен – литріне 165 теңгеге 390 мың тонна дизель отынын жеткізу ұйымдастырылды», деді Н.Ноғаев.
Мемлекеттік материалдық резервте мұнай өнімдерін сақтау көлемі ұлғайды. Бүгінде мұнай өнімдерін жөнелту жүзеге асырылуда. 3,2 мың тонна авиаотын және 11,2 мың тонна бензин тиелді.
Дағдарысқа қарсы шараларды бақылауды тапсырды
Қаралған мәселені Премьер-Министр А.Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, биыл қаңтар-наурыз айларында ІЖӨ өсімі 2019 жылдың сәйкес кезеңінде 2,7%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 5,1%-ға артты. Алтын-валюта қоры 30 млрд долларға жетті, Ұлттық қор активтері 57,5 млрд доллар болды. Еліміздің негізгі салалары жалпы оң динамика көрсетті. Тау-кен өндірісі саласындағы өсім 5%, өңдеу саласында 8,8%, құрылыста 11,7%, машина жасауда 30,4%-ды көрсетті. Дегенмен әлемдегі пандемияға байланысты енгізілген шектеулердің әсері біртіндеп байқала бастады: Осы жылдың бірінші тоқсанында сауданың өсуі 1%-ды, қаржы саласы мен сақтандыру қызметтерінің өсімі 0,7%-ды құрады, ал көлік қызметі 1,3%-ға төмендеп, теріс динамика көрсетті.
Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысында негізгі көрсеткіштер бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың озық қарқыны Ақмола, Батыс Қазақстан, Түркістан, Қостанай, Қарағанды облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында қамтамасыз етіледі, орташа республикалық көрсеткіштерге Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында қол жеткізілді, кейбір көрсеткіштер бойынша республикалық деңгейден төмен деңгейді Атырау, Жамбыл, Қызылорда облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы көрсетті.
Үкімет басшысы орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларына бюджет қаражатының уақтылы әрі сапалы игерілуін, соның ішінде экономиканың нақты секторларына дейін жеткізілуін бақылауда ұстауды тапсырды.
Премьер-Министр әлемдік және өңірлік экономикалардағы қазіргі сын-тегеуріндерге жауап ретінде Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралар кешенін қабылдап, іске асырып жатқанын атап өтті: Жұмыспен қамтудың жол картасы бекітілді, құрылысты кеңейту бойынша бірқатар мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыру ұлғайтылды, ШОБ кәсіпорындарын салықтық ынталандыру енгізілді, «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы кеңейтілді.
«Қажет шаралар қабылданды, енді өңірлер қарқынды жұмыс істеуі керек. Барлығы мемлекеттік органдардың тиімді және үйлесімді жұмысына байланысты» деген А.Мамин, қатаң санитарлық-эпидемиялық шараларды сақтаумен бірге өңірлерде дағдарысқа қарсы шаралардың іске асырылуына бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.