Қоғам • 15 Сәуір, 2020

Қашықтан оқу: Сабаққа қатысатын студенттер саны артты

497 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүниежүзінде 2 миллион адам жұқтырған коронавирус пандемиясы білім саласына да әсер етпей қоймады. Қазақстанда жүзден астам жоғары оқу орны онлайн білім беруге көшті, мектеп оқушылары төртінші тоқсанды қашықтан оқып жатыр. Білім министрлігі жаңа оқу форматын енгізгеннен бері бір ай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында білім беру процесі қалай өзгерді?

Қашықтан оқу: Сабаққа қатысатын студенттер саны артты

Шешім жарияланған сәтте мұндай форматқа дайын емес секілді көрінген ұстаздар мен білім алушылар қауымы бір ай уақытта бейімделіп, алғашқы нәтижелерін де шығара бастады.

Осы ретте елордадағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, Саясаттану кафедрасының меңгерушісі, ректор кеңесшісі Индира Рыстинадан өз тәжірибесін бөлісуді сұрадық.

Ол жалпы оқу орнының және кафедраның онлайн оқу туралы шешім шыққанда бастап кетуге толық дайын болғанын айтады. Себебі мұндай тәжірибе алғаш емес екен.

Қаңтар айында елордалық жоғары оқу орнында магистратурада оқитын Қытай азаматы Ван Лулу еліне барып, шекара жабылғанда сабаққа қайта келе алмай қалған. Оның жағдайын түсінген ұстаздары сабақты онлайн бере бастайды. Осылайша, қашықтан оқыту білім ордасында жыл басында-ақ басталып кеткен.

Ван Лулудың өзімен сөйлескенде ұстаздарына алғыс айтуды ұмытпады. Қытайда жағдай тұрақтағанымен, шекара әлі де жабық. Бірақ ол сабағын уайымдамайтынын айтады. Себебі, оқу процесі жолға қойылған, оқытушылар да үлкен көмек көрсетіп жатыр екен.

Саясаттану кафедрасының меңгерушісі Индира Рыстина қашықтан оқыту басталғалы сабаққа қатысатын студенттердің көбейгенін айтады. Бұрын түрлі себептермен сабаққа келмей қалатындардың айтар сылтауы жоқ болса керек.

Оқу процесінде тапсырмалар Platonus платформасында беріледі, өткізетін күні белгіленген. Одан кешіксе, бағасы төмендейді. Одан бөлек оқытушылар дәріс өткізу үшін онлайн видео тарататын Microsoft teams, Zoom, Webex секілді бағдарламаларды меңгерген.

e

Өткен аптада Еуразия ұлттық университетінде дәстүрлі ғылыми конференция да онлайн өткен. Бакалавр, магистратура, докторантурада білім алушылар ғылыми еңбектерін алдын ала жіберіп, онлайн конференцияда әр жұмысты оқытушылармен талқылаған.

Осы бір ай ішінде жаңа жүйеге бейімделген оқытушылар мен студенттер сабақ сапасының еш өзгермегенін айтады.

Ендігі міндет – қорытынды мемлекеттік аттестация мен сессияны қашықтан алу. Университет оған да дайындығын пысықтап жатқан көрінеді.

Саясаттанудан сабақ беретін оқытушы студенттердің қызығушылы жоғары екенін айтты. Тіпті, студенттердің сабаққа қатысу көрсеткіші 100%-ға жақын екенін қуана жеткізді. Әдетте түрлі себептермен сабаққа келмей қалатын олар онлайн сабаққа түгел қатысады екен.

Студенттер осы оқу форматында оқытушыларға кез келген уақытта хабарласуға, түсінбеген нәрсені жылдам сұрап алуға мүмкіндік алса, оқытушылардың жұмысы ауырлай түскені сөзсіз. Дегенмен, жүйенің олқылықтары қазір болғанымен, болашақта жұмыс жолға қойылады деп сенеміз.

Қайта оффлайн оқуға оралғанымен, көп оқытушы мен студент онлайн білім беруде үйренген тиімді әдістерді қолдана берер. Осылайша елдегі жоғары оқу орындарын цифрландыру жылдам жүзеге аспақ.