Таным • 17 Сәуір, 2020

Ұсталық – киелі кәсіп

933 рет көрсетілді

Ұсталық – көнеден үзілмей келе жатқан киелі кәсіп. «Ұсталы ел озар, ұстасыз ел тозар» деген халқымыз темірден түйін түйіп, ағаш жонған ісмерді «темірші», «дарқан», «ұста» деп төбесіне тұтып қадірлеген. Әйгілі Махмұд Қашқари «ағашты ұзын кес, темірді қысқа кес» деп ұсталық нақылды өсиет етіпті. Бағзыдан жеткен сақ әшекейлері де, мыңдаған жылдар мызғымай тұрған балбал мүсіндер де осы ұсталардың көз майының еңбегі.

Қазақ жерінде осындай он сау­с­ағынан өнер тамған небір ұста­лар мен ғажайып ұста­ха­налардың болғаны белгілі. Архео­л­огиялық қазбалар барысында көне шаһарлар мен қорғандардан ұсталыққа қатысты құрал-бұ­йым­­дар кездесіп жатады. Бұл дерек­тер там-тұмдап болса да көне дәуірдегі теміршілер мен олардың қызметі туралы зерттеулерге өз септігін тигізері анық. Мәселен, 2019 жылы Түлкібас ауда­ны, Абай ауылының тұр­ғы­ны Досжан Қыдырәлінің бақ­шасынан құлпытасы бар ес­керт­кіш (кесене) табылды. Қазба жұмыстары кезінде темірден құйылған көне төс шықты. Төс­тің ұстаханада ұзақ жылдар пай­да­­ланғаны бетіндегі айқыш-ұй­­қыш балға іздерінен анық бай­қалады. Сонымен бірге бұл жерден сүйектен жасалған ұста құ­ралдары, қорытылған темір қал­дықтары, ұршық бастары, керамика сынықтары мен шы­ны қал­дықтары да молынан та­был­ды. Ал ескерткіш басына қойылған құлпытаста куфи сти­лімен «Бұл қабір Мұхаммед Нұран Баба» деп жазылғаны анық­талды. Ғалымдар куфи сти­лі­мен жазылған құлпытастар ортағасырлық дәуірге жатады десе, арте­фак­тілерге жасалған зертханалық талдау нәти­желері де ескерткіштің мерзімін шамамен X-XI ғасырлар деп бел­гі­леу­де.

Сонымен қатар көнекөз қа­рия­­­лардың айтуынша, аталған ескер­­ткіш табылған маңда ер­те­­ректе көне ұстахана орны бол­ған екен. Ал беріге дейін құл­пы­тас табылған аумақта ордалы жыландар мекендепті. Әдетте жы­ландар алтыны бар жерді ме­кен­дейді деген ұғым болушы еді. Мүмкін бұл беймәлім әлем­нің тылсым құдіреті болар. Қалай десе де, Мұхаммед Нұран Баба ескерткішінен та­был­­ған жәдігерлер (ұста төсі, құрал-саймандары) ол қазақ да­ласында өмір сүрген белгілі ұста әрі әулие кісі болған деген пікірге жетелейді. Ғалымдардың пікірінше, оның есіміндегі «нұран» – әулиеліктің ең биік шыңына жеткен тұлғаға қа­тыс­ты теңеуді білдіреді. Ал кие­лі кәсіпті меңгерген темірші ұс­­талар рухани тазалыққа аса мән беріп, бойын таза ұстауға ты­рысқан. Көрік басып, төс соғар сәтте «менің қолым емес, Тәңір­дің қолы» деп ниет етуі осының айғағы. Сондықтан да халық ұстаны «Тәңірдің тарту еткен ісмер адамы» деп оған ерекше ілтипатпен қараған.

Көне фольклорлық деректерге сүйен­сек, теміршілік сақ, ғұн, түркі дәуірін­дегі кен қазу, металл өндіру ісімен, сондай-ақ тәңірлік сенімдегі бақсылық культімен бай­ланысты пайда болған және алғаш ұста­лық кә­сіп­пен бақсылар айналысқан. Мәсе­лен, Бумын қағанның арғы бабасы Надо­лу шад темірші ұста әрі бақсы болған деген деректер бар.

Ұстаның теміршілік пен бақ­сылық қатар дарыған тұлға бол­ған­дығы кейінгі түркі халық­та­рында да сақталған. Қыр­ғыздың әйгілі жырында Манас­тың жо­рық­­қа шығар алдында міндетті түрде те­мірші ұстаға барып батасын алып, қару-жарағын сайлайтындығы айтылады. Қазақ фольклорындағы секілді «Манас» дастанында да темірші өз атымен аталмай, «дархан» деп құр­мет­телген. Ал ертеректе қазақ емші­лері мен бақсылары ауырған адамды төспен ұшықтаса, жүкті әйелдің шошымауы үшін төс соғып, «темірші келді, темірші келді!» деп темірші шақыру ырымын жасайтын болған.

Халық танымында ұста мен оның құ­рал­дары да киелі саналып, түрлі жаман­дық­тан сақ­тай­ды деген сенім пайда бол­ған. Яғни ұстамен бірге оның жұмыс істей­тін ұстаханасы немесе дүкенінде ар­­на­йы рәсімдер өткізілетін болған. Мәселен, ұсталар жыл сайын дүкен құрып, іске кірісер сәтте:

Әуеден көмір түсірген,

От жақпай темір пісірген!

Қау көрігі бақылдап,

Балға төсі шақылдап,

Ер Дәуіт, пірім, сен қолда!

– деп Дәуіт пайғамбарға арнап құр­бан­дық шалып, құран ба­ғыш­тайтын. Мұны «дүкен майлау» рәсімі деп атаған. Бұл рәсім әдетте көктем мезгілінде орындалатын. Яғни наурызда ұстаның саймандары май­ланып, «төс майлар» деп мал сойылып, ақ бүркіліп, ас берілген.

Қазақ қоғамындағы ұста­лық­­қа қа­тыс­­ты «дүкен майлау», «төс майлар» рә­­сім­де­рі­нің көк­темнің наурыз айында атқа­рыл­­уы байырғы түркі дәуі­рін­­дегі «Ергенеқон» дас­танымен байланысты болса керек. Дас­тан­да Ергенеқонды мекендеген түркілер ұзақ жылдардан соң тау қапталын ерітіп, жазыққа шыққандығы баяндалады. Міне, сол күннен бастап әр жылы наурыз айын­­да ұсталықты, темір­ші­лікті ырымдап бал­ға­мен төс соғу дәстүрге айналыпты.

Сонымен қатар темірші ұс­та­ханасына қ­а­тысты халық ара­­сындағы «жылан қа­йыс» рәсі­мі де ұстаның бақсылық куль­ті­мен байланысын көрсетеді. «Жылан қайыс» рәсімі баланың төрт жасқа толған, яғни қоян мүшел жасына келген кезінде орын­далған. Ол үшін ұста мен бала әкесі арнайы бір күнді белгілеп, баланы ұста­ханаға әкелген. Әуелі ұста дүрілдетіп көрік басып, темір соғып ырымын жасай­ды. Ұстахананың іргесіне, сауыт-сайман мен қару-жарақ қояды. Ұста үстіне жылан түстес сұр торқадан тоқылған шек­пен киіп, баланы аяғының арасынан ары бір, бері бір екі рет өткізеді. Бірінші өткізгенде балаға сауыт-сайман кигізіп, екін­шісінде үстіне қару-жарақ тағады. Ға­лым­дардың пікірінше, бұл рәсім жерасты әлемінің патшасы жылан Бапы ханмен байланысты пайда болған. Аңыз бо­йынша, қызын өлімнен құтқарған жігітке риза болған Бапы одан не қалайтынын сұрайды. Сонда жігіт «не берсеңіз де ризамын» депті. Жылан Бапы хан оны бір жұтқанда сауытымен, екінші жұтқанда қару-жарағымен шы­ға­­рыпты. Ұстаның «жылан қайыс» рәсімінде баланы екі аяғы арасынан өткізуінің сыры осын­да жатса керек. Белгілі зерт­теуші Т.Әсемқұлдың айтуын­ша, қазақ мифологиясында Бапы хан ұсталық өнердің, жалпы метал­лур­гияның тәлімгері мен қол­даушысы ре­тін­де қабылданатындықтан, ерте кездер­де оған қазақ ұсталары табынатын болған. Жоғарыда айтылған аңыз дәстүрлі әде­биет­те «Жылан қабықты жігіт» деп те ата­лады. Ал мәдениеттанушы З.Нау­рыз­баеваның пайымдауынша, Бапы хан ба­йыр­­ғы танымдағы темірші ұсталар қасиет тұ­татын, осы өнердің атасы секілді киелі образ. Сондықтан «жылан қайыс» рәсімі ұс­таның қатысуымен арнайы ұстаханада өткізілетін болған.

Ұстаның жерасты патша­лы­ғы­мен байланысы жөнінде саха фольклорында Бақсы Тойон туралы аңыз бар. Ол жерас­ты Тәңірінің ұрпағы болып, адам­дар­ға қатер төндіретін рух екен. Алайда Бақсы Тойонның қауіп-қатерін тек теміршілер ғана сейілте алады-мыс. Сондықтан да ол теміршілерді қолдайтын рух саналыпты. Теміршілер Бақсы Тойонның құрметіне қызыл сиырды құрбан шалып, оның ма­йымен құрал-саймандарын майлайтын болған.

Ұсталыққа қатысты аңыз-әң­гі­­ме­лер мен ырым-жоралғылар мұ­­нымен шек­тел­ме­сі белгілі. Қадым заманнан Тәңірдің тартуы ретінде құрметтелген ұсталық өнер мен оның құралдары әлі де зерттеуді қажет етеді. Ал зерт­теуімізге арқау болған Мұ­хам­­­мед Нұран Бабаның төсі мен құрал-cай­мандары жоға­ры­да айтылғандай, бәл­кім талай рәсім-жоралғыларға куә болған шы­ғар. Мұхаммед Нұ­ран Баба ескерт­кі­ші­нен та­был­ған құлпытасы, қару-жара­ғы, ұсталық құралдары мен бұ­йымдары оның ұста әрі өзі өмір сүрген ортасында белгілі тұлға болғандығын дәлелдейді. Алда­ғы уа­қыттарда ұстаның көне ұс­та­­ханасы та­бы­­лып жатса, түркі ха­лық­тарындағы ұс­т­­а­лық өнерге қатысты тың дерек ретінде тари­хымызға өз үлесін қосар еді.

 

Нұрболат БӨГЕНБАЕВ,

Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар