Айтулы рейтингте Дамир Рысбаев пен Евгений Артюхин арасындағы айқас үшінші орында тұр. Бұл – 2015 жылдың қарашасында Санкт-Петербург қаласында жергілікті СКА мен Нұр-Сұлтанның «Барыс» клубтары арасындағы бәсеке барысында орын алған оқиға. Сол кезде бойы 197 сантиметр, салмағы 120 килолық 32 жастағы еңгезердей ресейлік хоккейшімен қазақтың қайсар ұлы жекпе-жекке шықты. 19 жастағы Дамирдың бойы – 182 сантиметр, салмағы – 90 кило. Қарсыласы әлде қайда еңселі болғанына қарамастан Рысбаев одан еш қаймықпады. Қос дүлей бір-бірін ала алмайтынына анық көз жеткізгеннен соң төрешілер төбелесті тоқтатты. Рысбаев пен Артюхин арасындағы жекпе-жекті 3 миллион 200 мың адам тамашалаған екен.
Ал бұл рейтингте Павел Дацюк (3,5 миллиона) пен Никита Гусевтың (6,1 миллиона) буллит соққан сәттері көш бастап тұр.
Ал ҚХЛ-дағы тек қана төбелестерді есепке алсақ, одан Дамир Рысбаевтың алдын орайтын ешкім жоқ. Айтулы лигада небары 25 кездесу өткізген қандасымыз мұз айдынында небары 42 минут 2 секунд қана өнер көрсеткен екен. Есесіне оның айып уақыты 194 минутты құрайды.