Аймақтар • 19 Сәуір, 2020

Махамбет Досмұхамбетов: Бізге тәртіп пен төзім керек

534 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырау қаласындағы карантин талабының сақталуын тексерді.

Махамбет Досмұхамбетов: Бізге тәртіп пен төзім керек

–Облыстық бас мемлекеттік  санитарлық дәрігердің қаулысымен  Атырау қаласында карантиннің мезгілі 1 мамырға дейін ұзартылып, жеке автокөлікпен жүруге тыйым салынды. Қазір қала аумағында полицияның жеке құрамы жұмыс істеп жатыр. Атырау облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Әлібек Қайыровтың айтуынша, рұқсатсыз жүретін көліктірдің саны азайған. Кеше 12 құқықбұзушылық тіркелген. Ал, бүгін күшейтілген шектеулерді бұзғандарға 10 әкімшілік  хаттама толтырылған. Қазір тек арнайы рұқсат берілген көліктер ғана жүріп жатыр, -деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаевтың айтуынша, қарттар мен мүгедектерге, жалғызбасты  азаматтарға тамақ, дәрі-дәрмек жеткізіп беру мен қосымша қызмет көрсетілуде. Қалада карантин басталғаннан бері демеушілермен бірлесіп, «BizBirgemiz» акциясы аясында 179 жалғызбасты зейнеткер мен мүгедекке ыстық тамақ жеткізілген. Сондай-ақ, I-II-ші топтағы мүгедектігі бар  балалар, жетім балалар, жалғыз тұратын зейнеткерлер мен 109 сенім телефонына хабарласқан азаматтар азық-түлікпен, гигиеналық өнімдермен қамтамасыз етілген.

–Облыс тұрғындарының жартысынан астамы Атырау қаласында  тұрады. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың басым бөлігі осында тіркелді. Сондықтан, қалада карантин талабы  қатаң сақталуы керек. Карантин мерзімін ұзарту біз үшін де оңай болмады. Ең басты мақсатымыз – адамдардың денсаулығы  мен қауіпсіздігін сақтау. Біз осыны ескеріп, осындай шешім қабылдадық. Бізге тәртіп пен төзім керек. Сонда ғана қауіпті инфекцияны дер кезінде ауыздықтаймыз, -деді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

 

Жұмасат ҒАЗИЗ