Саясат • 20 Сәуір, 2020

Құқық бұзғандар жазадан құтылмайды

155 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күллі жаһан жұртшылығын жаппай дүрліктіріп, аз уақыт ішінде әлем елдерін әбігерге түсірген жұқпалы дерт ширек ғасыр ішінде іргесін бекітіп, өркениет көшіне ілескен еңселі елімізді де айналып өткен жоқ.

Құқық бұзғандар жазадан құтылмайды

Осындай қысылтаяң шақта атадан қалған асыл қасиеттерді азық етіп, сабыр мен сақтықты санамызға терең сіңірсек қана дүрбелең ту­ғыз­­ған қауіпті дерттен арыламыз. Ұлты­мыз­дың ұлы ақыны Абай Құнан­бай­ұлы өзінің Отыз үшінші қара сөзінде «Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолы өнерлі – қазақтың әулиесі сол» деп таза ниетпен жасалған адал еңбек­тің құнын жоғары қойған. Бүгінгі күні төтенше жағдайды қалтасының қамы үшін пайдаланып, базарлар мен дүкен­дерде әлеуметтік маңызы бар та­уар­лар мен азық-түліктердің, дәрі-дәр­­мек пен бетперделердің бағасын не­­гіз­сіз көтеру деректері жиі орын ал­уда. Мұндайда құлқынның құлы бо­луға емес, халыққа адал қызмет қы­­луға ұмтылуымыз аса маңызды бо­­лып отыр.

Төтенше жағдайда қабылданған ше­шімдер мен бастамалардың бар­лы­ғы тек халықтың қамы мен ел аза­мат­та­рының саулығы үшін жасалып жат­қан­дығына сенім білдіруіміз қажет.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бо­йынша департаментінің қызметкерлері «Мейірімділік нұры» науқаны аясында қолға алған игі бастаманы жал­ғас­тырып, ұжым өз қамқорлығына алған Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев ат­ын­дағы отбасылық үлгідегі бала­лар ауылына арнайы барды. Тәрбие­ле­нушілерді жұқпалы індеттен қорғайтын медициналық қорғаныш құрал­дарымен қамтамасыз етті. Мұн­дай игілікті бастамалар алдағы уа­қытта да өз жалғасын табатын болады. Сондықтан қысылтаяң шақта бір-бірімізге қоғам болып қолдау көр­се­туде мейірімділіктің жарқын үлгі­сі болайық.

Ел аумағында жарияланған төтен­ше жағдай талаптарын орындамай, салғырттық танытып, көпшілік орындарды еркін кезіп, басқа аймақта той тойлап жүрген ел азаматтары да баршылық, өкінішке қарай. Бірі сау­да орнын көрер көзден жасырып ашса, енді бірі негізсіз тауар бағасын өсіру­мен әлек. Осындай олқылықтар мен құқық бұзушылықтарға жол бер­меу үшін департамент жанынан арнайы мониторингтік топ құ­рыл­ған болатын. Өңірде тәулік бойы жүр­гі­зі­ліп жатқан сақтану шара­ла­рының қатаңдығын бақылап, блок-бекеттер мен теміржол вокзалына, орталық базарлар мен халық көп шоғырланған орындарға жүргізілген мониторингтік бақылау барысында базарларда көр­ші облыстардың көтерме сатып алу­шы­ларының ірі көлемде азық-түлікті сыртқа әкетуі негізінде әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының бағасы 40-60 пайызға қым­баттап, тауар тапшылығы орын алған­ды­ғы анықталды. Осыған байланыс­ты, бүгінгі күні азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша құрылған жедел мобильді топ нақты шаралар атқаруда.

 

Хаким КӨШҚАЛИЕВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі