Саясат • 20 Сәуір, 2020

Азаматтық қоғамды дамытамыз десек...

326 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның тәуелсіздік алып, демо­кратия­лық даму мен нарық экономикасына көшуі елдің бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құруды талап етті. 1995 жылғы Конституция бойынша бұрынғы халық депутаттары Кеңесінің орнына өкілетті орган ретінде мәслихаттар құрылды.

Азаматтық қоғамды дамытамыз десек...

Облыстық өкілетті және атқарушы органдар жергілікті мемлекеттік басқаруға жатқызылып, өкінішке қарай, жергілікті өзін өзі басқарудың мәртебесі шешілмей, белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды. 2000-жылдары қабылданған жергілікті мемлекеттік басқару туралы заңдардан кейін де ол мәселе сол баяғы шешілмеген күйінде қалып қойды.

Жергілікті басқарудың тиімді құрылымын қалыптастыру мемлекеттік саясаттың өзекті мәселесіне айналды. Осылай бола тұра, жергілікті мемлекеттік басқарудың жергілікті өзін өзі басқаруды дамытпайынша нәтиже бермейтінін түсінуге өреміз жетпеді. Қалай болғанда да, мемлекет тарапынан іске асырылған әрекеттер жергілікті өзін өзі басқаруды емес, тек мемлекеттік басқару мәселелерін реттеуге ғана бағытталып келді. Қазіргі кезде жергілікті өзін өзі басқарудың рөлін, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қатарына жататын мәслихаттар атқаруда. Әрине бұл оғаш нәрсе. Дегенмен, ғалымдар мәслихаттардың жергілікті өзін өзі басқаруды өз мойнына алуы үшін оны жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінен шығарған дұрыс деген пікір айтуда. Өйткені мәслихаттарды тұрғындар тікелей сайлайды. Ендеше, мәслихаттардың сайланатындығы мен әкімдердің де болашақта сайлану мүмкіндігін ескерсек, келешекте оларды жергілікті өзін өзі басқару органына айналдыруға жағдай туар еді.

Дамыған елдердің мемлекеттік басқару жүйесінде мемлекеттік басқарудың ауқымы мен ресурсының үлесі, мемлекеттік органдар мен азаматтардың арасындағы қарым-қатынас сипаты түбегейлі өзгеріс тапқан. Ал біз болсақ, осы күнге дейін мемлекеттік басқару жүйесіндегі қақ ортаны таба алмай отырмыз. Яғни, мемлекеттік органдардың өкілеттіліктерінің жетіспеуі олардың шалыс басуына және керісінше, шамадан тыс өкілеттікке ие болуы қызмет бабын теріс пайдалануға әкеліп соғатындығын әлі түсінер емеспіз. Ендеше, мәселе мемлекеттің рөлін қысқартуда емес, мемлекетті шебер және сауатты басқаруда болып отыр. Сонда ғана әкімшілік реформасына қатысты үнемі айтылып жауыр болған көшіп жүретін әкімдер, көрер көзге және алға жылжуды көрсетуге ғана бағытталған көз бояушылық, мемлекеттік биліктің жауап бермейтін жауапкершілігі мен сабақтастығының жоқтығы, орталық пен аймақтардың арасындағы алшақтық, жазасыз әрекет сияқты әңгімелер тоқтар еді.

Бұл тақырыптың маңыздылығы оның азаматтық қоғам құру және саяси реформаларды тиянақты жүргізу мәселесімен тікелей байланыстылығында. Біздегі реформалар мен бастамаларымыздың көпшілігінің нәтижелері облыстық деңгейден асып, ауылдағы бұқа­ра халыққа жетпей жататыны жасырын емес. Арагідік атқарылатын жұмыстар тек үгіт-насихат шеңберінде қалып жатады. Рефор­малар нәтижелі болу үшін Қазақстан тұрғын­да­рының өздерінің сол жұмысқа тікелей араласуы керек. Ол үшін жергілікті әлеуметтің, жұрт­шылықтың әлеуеті іске қосылғаны дұрыс. Шын мәнінде, қазір азаматтық қоғамды дамыту үдерісі төменнен жоғары қарай емес, кері­сін­ше, жоғарыдан төмен қарай жүріп жатыр. Яғни, жоғарыдан «таңылып» жатыр деуге де болады. Орталық жергілікті жерлердегі өріс­сіз мәселелер мен мүдделерді әдетте біле бер­мейді. Оның шешімдерінің тиімсіз болып жататындығы да сондықтан. Оны нақты жағ­дайды бастарынан кешіріп, оның ащысы мен тұщысының дәмін татып, соған уа­йым жеп отырған сол жерлердің тұрғындары ғана жақсы білуі мүмкін. Олардың арасында мем­лекеттің жауы жоқ, олардың барлығы өз еліне жақсылық қана тілейтіндер. Ендеше, жергілікті қауымдастықтарға өзінің даму бағыттарының басымдықтарын айқындауға мүмкіндік берген жөн. Олар жергілікті жер­лер­­дің түйткіл мәселелерін талқылауға бел­сенді қатысып, шешім қабылдау және оның нәтижесін бақылау ісіне араласуы қажет. Жергілікті өзін өзі басқарудың ауылға да, қалаға да, яғни бүкіл қоғамға қатысы бар. Өйткені азаматтық бірлестіктер мен тұрғындардың әртүрлі қауымдастықтары барлық салалар мен әкімшілік-территориялық бірліктерде құрылып, барлық қауым болып қоғам игілігі үшін белсене жұмысқа араласқаны тиімді. Ендеше жергілікті өзін өзі басқару ғана демократияның дамуы мен азаматтық қоғамның тамырын тереңге жаюына қажетті құнарлы топырақ бола алады.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

саяси ғылымдар докторы