Экономика • 20 Сәуір, 2020

Жеңіл өнеркәсіпке жеңіл қарамайық

346 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен айда Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның төраға­лығымен Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің қазіргі жағдайы және оны дамыту перспективалары талқыланған парламенттік тыңдау өткендігі белгілі. Көп ұзамай Сенат төрағасының әлеуметтік маңызы жоғары сала жайлы салмақты ой-пікірлері республикалық басылымдар бетінде жарық көрді.

Жеңіл өнеркәсіпке жеңіл қарамайық

– Бұл салада мәселе көп, біраз жылдың бедерінде солардың бірқатары айтылып та, жазылып та келеді. Бірақ нәтиже болмай, салымыз суға кеткендей күй кешіп жүрген жайымыз бар еді. Сондықтан Сенатта «Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп: қазіргі жағдайы және өнімділігі жоғары бизнесті дамыту перс-пективалары» тақырыбында өткен парламенттік тыңдау осы саладағы жүздеген кәсіп иесі­нің үзілуге айналған үмітін жал­ға­ғандай жаңалық болды, – дейді облысқа белгілі кәсіпкер Ділмұхаммед Абызов.

Кәсіпкер саланы дамытудың басты шарты – шағын цехтарды көбейту екенін айтады. Бұл үшін шикізат қоры мол болуы қажет. Оның жолы – сырттан матаны кедендік төлемсіз алып келетін жағдай жасау. Соны өңдеп, сыртқа қайта сату. Мы­салы, іргеміздегі Өзбекстан осын­дай жүйе арқылы саланы жолға қойып алды. Біз дәл қазір олармен тайталаса алмаймыз. Дәл қазір Қырғызстан да бізден әлдеқайда алда тұр.

Қазақстанда қазір әуелі мата өндірісін жолға қою талабы бай­қалады.

– Бірақ бұл үйдің іргетасын қаламай жатып, шатырын тұр­ғызуға кіріскендей әрекет, – дей­ді кәсіпкер. Ондай өндіріс орны ашылған күннің өзінде өнімін тұтынатын цехтар керек. Сон­дықтан да әуелі ателье, фабрика­ларды көбейтіп алмай мата өнді­рісі туралы сөз қозғау ерте. Ал ша­­ғын кәсіпорындар көбеюі үшін ал­дымен сырттан шикізатты ке­ден­­дік төлемсіз әкелетін жағ­дай жа­саған жөн. Мысалы, қазір Ресей мемлекеті ТМД еркін сауда ай­­мағы шеңберінде осындай бас­­тамаға әзір. Бұл біздегі жеңіл өнер­­кәсіп саласы үшін өте тиімді болар еді.

Бір анығы, жеңіл өнеркәсіптен көп пайда түсе қоймайды. Салық та кәсіпкерліктің басқа салалары­на қарағанда аз түседі. Бірақ бұл жұмыссыздықты болдыр­маудың бірден-бір амалы. Қазір­гідей дағдарыс кезінде жұртты жұмыспен қамтудың ең тиімді жолы осы.

 Шаруаны шағын өндірістен бастаған Өзбекстан қазір бізден қара үзіп кетті. Былтырдың өзінде бұл елде 90 ірі жоба жүзеге асып, 146 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Алдағы 2 жыл ішінде тағы 248 жоба іске асырып, 421 млн доллар инвестиция әкелу жоспарланған. Оның 196 миллионы шетелден келеді. Осылайша, айналасы 2 жылда ала тақиялы ағайын 21 мың жаңа жұмыс орнын құрып алмақ.

– Осы Өзбекстан тәжіри­бе­сі біз үшін ең тиімдісі. Оларда матаға кедендік төлем жоқ, елде 17 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр. Саладағы мекемелер 7 жылдан 15 жылға дейін салықтан босатылған. Осының бәрі бағаға да әсер етеді. Бұрын кедендік төлем барда бұл елден шыққан тауарлар бізден 20 пайызға қымбат еді, қазір керісінше 10 пайыз арзан. Осы арқылы олар көрші елдер нарығын бағындыруға бет алды, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің тағы бір ұсыны­сы бар: тұтас бір аумақты арнайы экономикалық аймаққа айналдыруды қиынсынсақ, оның шағын үлгісін де жасауға болады. Ол үшін 2-3 гектар жер бөліп, АЭА жүйесінде осы саладағы кәсіпорындарды топтастыру қажет. Сонда әлгі айта беретін кластерді де алыстан іздеп әуре болмайсыз.

Ділмұхаммед Абызов бас­қаратын «Dalatex» компаниясы 2-3 жыл бұрын мектеп оқу­шыларына форма тігуге тапсырыс алыпты. Кәсіпкер өз фаб­ри­касынан бөлек, қаладағы біраз шағын тігін цехтарды осы іске жұмылдырды. Мұндағы мақсат жергілікті тігіншілердің де ешкімнен кем емес екенін дәлелдеу еді. Сондағы өңірде мамандардың жетіспеушілігі байқалды. Оқып жатқан жас­тар жоқ емес, бар. Бірақ олар тәжірибе алатын жер жоқтың қасы. Өзге елдерде бұл мәселе әлдеқашан шешімін тапқан, саланың ұңғыл-шұңғылы әбден зерттелген. Мысалы, көрші Қыр­ғызстанда әрбір бесінші әйелдің осы салада еңбек ететіні белгілі. Ал біз ондай статистика түгілі елде қанша маманның бары­нан бейхабармыз.

– Жасыратыны жоқ, аты дардай, ісі қылдай жобалар­дың біразын көрдік қой. Оның үстіне қазіргі дағдарыс ондай бастамаларды көтермейді. Енді осы жеңіл өнеркәсіпке мо­йын бұруымыз керек. Мысалы, елдегі компаниялардың жұмыс және қызмет түрлерiн сатып алу келiсiмшарттарында қазақ­стандық үлесті ұлғайту үрдісі бар. Бірақ олардың отандық тауар­ларды сатып алу көлемі әлі мардымсыз. Ол ұлғаюы үшін жергілікті кәсіпкерлер сол келісім­шарттардағы талаптар­мен таныс болуы керек. Өңірлер­дегі әкімдіктер арқылы осы мәселе шешімін тапса, сол компа­ния­лардың керегін өзіміз-ақ өндіре аламыз, – дейді кәсіпкер.

Жалпы әлем экономикасы іркіле бастаған тұста ең алдымен тұтынушы ел қиындыққа ұшы­­райды. Сондықтан да сырт­­тан өзгенің өнімін тасуды қойып, өзіміздікін өндіретін күн туды. Әсіресе пайдалы қаз­ба­­лар қоры сарқыла бастаған біз үшін эко­номиканың осындай жаңа бағыты аса қажет. Жеңіл өнер­кәсіп жел­кенін керсе, жетістіктің де ауылы жақындай түсер еді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА