Әлем • 20 Сәуір, 2020

ДДҰ-ға қаржы бөлуді тоқтатпақ

185 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын қаржыландыруды тоқтата тұратынын мәлімдеді. ДДҰ бұл шешімге наразы. Әйтсе де, Ақ үй басшысының шарт кетуі бекер емес.

ДДҰ-ға қаржы бөлуді тоқтатпақ

АҚШ президенті ДДҰ өзіне тап­сырыл­ған негізгі міндетті дұрыс атқармай, COVID-19 вирусының пандемияға айна­луына мүмкіндік беріп, қол қусырып отыр­ды деп есептейді. Д.Трамптың пайым­дау­ынша, вирус Қытайда алғаш пайда бол­ғанда ДДҰ оған жеткілікті мән бермеген.

«Әкімшілігіме коронавирустың тарап кетуін бақылаудағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рөлін анық­тап, қаржыландыруды тоқтата тұруды тап­сы­рамын», деді Д.Трамп Ақ үйде өткен бас­пасөз жиынында.

Сондай-ақ ол Американың «жомарт­тығы» тиімді мақсатта жұмсалуы тиіс деп мәлімдеді. «COVID-19 пандемиясының таралуын ескерсек, Американың мол қара­жаты тиімді жұмсалып жатқанына күмә­німіз бар. Шындығында, ДДҰ ақпаратты уақтылы жинап, сараптап, бөлісе алмады. Егер оларға сенбесек, ДДҰ-ның бар көмегі осы болса, қоғамдық денсаулықты сақтау мақсатында өзге елдермен келісіп, басқа жол іздеуімізге тура келеді», деді Ақ үй басшысы.

АҚШ президенті баспасөз жиынында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын ғана емес, Қытайды да сөзбен түйреп өтті. Д.Трамптың сөзіне сүйенсек, Құрама штаттары ДДҰ-ға шамамен 400-500 миллион доллар көлемінде қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Ал Қытайдың үлесі небәрі 40 миллион долларға жетер-жетпес. Д.Трамп ұйымның басты демеушісі ретінде АҚШ-тың ашықтық талап етуге құқығы бар екенін де ескертті.

АҚШ президентінің шешіміне ДДҰ да, әлем елдерінің басшылары да таңғалып отыр. БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гу­тер­риш қаржыландыруды қазіргі сәтте тоқтату негізсіз деп есептейді.

«Бұған дейін айтып өткенімдей, қазір бірігетін, халықаралық қоғамдастықтың мәміле жасасып, вирустың тарауын тоқтату мен оның салдарымен күресетін уақыт», деді БҰҰ Бас хатшысы.

Бүгінде АҚШ коронавирустың зардабын қатты тартып отыр. Елде COVID-19 жұқтырғандар саны 700 мыңнан асса, 38 мыңға жуық адам бақиға аттанды. Каран­тин салдарынан миллиондаған адам жұ­мыссыз қалып, экономика тоқырап тұр.

Д.Трамп ДДҰ-ны Қытайға жылы қа­бақ танытып, вирустың таралуын дұрыс ба­ғамдай алмады деп кінәлайды. Сондай-ақ ұйымның биылғы қаңтарда вирус адамнан адамға жұқпайды деп айтқанын мысалға келтірді. Дегенмен, АҚШ президентінің дәл осы сөзі шындыққа жанаспайды. ДДҰ биылғы 10 қаңтарда COVID-19-дың адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін ескертті. Бірақ 14 қаңтарда қытайлық ғалымдар вирустың адамнан адамға жұғуын әлі нақты дәлелдемегенін айтты. Ал 23 қаңтарда ресми түрде оны мойындап, коронавирустың маусымдық тұмауға қарағанда анағұрлым тез жұғатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ баспасөз жиынында Д.Трамп ДДҰ-ны Қытай билігін қорғаштап отыр деп айыптаған. Бірақ кезінде Ақ үй бас­шысы да Бейжіңнің вирусты таратпау мақ­сатында атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалағаны есімізде.

«Қытай коронавирусты ауыздықтау үшін бар күш-жігерін жұмсап жатыр. АҚШ олардың ұмтылысы мен ашықтығына разы­лығын білдіреді. Бұл – сәтті қадам. Әсіресе Америка халқы атынан президент Си Цзиньпинге рахмет айтамын», деп жазған еді Д.Трамп туиттердегі парақшасында.

Коронавирус эпидемиялық сипат алып, Қытайдан жан-жаққа тарай бастағанда да Ақ үй басшысы індетке дайындалуға асық­қан жоқ. Тіпті оны маусымдық тұмауға теңеп, ғайыптан тайып жойылып кетеді деп мәлімдеді.

Қалай дегенмен, Д.Трамптың ДДҰ-ны қар­жыландыруды тоқтату туралы мәлім­демесінің әсері зор болмақ. Өйткені Құ­рама штаттар ұйымның басты демеу­шілерінің бірі саналады. Мәселен, былтыр ДДҰ-ның жылдық бюджеті 6 миллиард долларды құрады. Соның 400 миллионын америкалықтар шытырлатып санап берді. Алда-жалда АҚШ қаржылай көмектесуді мүлдем тоқтатса, ұйымға оңай тимейтіні айдан анық.

Дональд Трамп өткен аптада туиттер­дегі жазбасының бірінде ДДҰ неліктен Тайвань дәрігерлерінің жіберген хатына назар аудармағанына екпін берді.

«Тайваньдық денсаулық сақтау қыз­мет­керлері желтоқсанның аяғында жіберген коро­навирустың адамнан адамға жұғуы мүм­кін екені жөніндегі хатына неліктен ДДҰ мән берген жоқ», деп жазды Ақ үй бас­шысы.

АҚШ президентінің Тайваньды тілге тиек етуі бекер емес. Бұл елдің мәселесі – үлкен әңгіме. Коронавирус пандемиясы басталғалы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Тайвань арасында дау туды.

Мәселенің мәнісі мынада. Тайвань – БҰҰ тарапынан ресми мойындалмаған мемлекет. Сондықтан да ДДҰ құрамына енбеген. Алайда 2009-2016 жылдары ұйымға бақылаушы мәртебесін алған-тұғын. Бірақ Қытай бұған қарсылық көрсетіп, Тайвань одан да айырылып қалды. Яғни, ДДҰ-ның кезектен тыс кездесулеріне, маңызды мәселелер талқыланған жиындарынан шет қалып жүр. Биыл коронавирус пандемиясы туралы талқылаулар өткенде де Тайвань тағы қатыстырылған жоқ.

Оның үстіне, өткен жылы 31 желтоқ­санда дәрі­гер­лердің ДДҰ-ға хат жолдап, коронави­рус туралы қолда бар мәліметпен бөлісуді сұ­рағаны рас. Осыған байланыс­ты, Тай­вань билігі вирустың адамнан адамға жұға­тынын ДДҰ-ға ескерткенін, ұйымның дер кезінде әрекет етпегені үшін айыптап отыр. Денсаулық сақтау ұйымы мұның бәрін жоққа шығарды.

Бір жағынан Денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің сөзінің жаны бар секілді көрі­неді. Тайваньдық дәрігерлер жіберген хат­та вирустың адамнан адамға жұғатыны нақ­ты көрсетілмеген. Онда «Тайваньның ауруларды бақылау орталығы онлайн платформалардан Қытайдың Ухань қаласында 7 ати­пиялық пневмония тіркелгенін анық­тады... Осыған қатысты қолда бар ақпара­тыңызбен бөлісуді сұраймын», делінген.

Кейінірек Тайваньның ауруларды бақы­лау орталығы өздері жіберген хатқа ДДҰ мұқият қарамағанын жеткізді. Орталық таратқан ресми мәлімдемеге сүйенсек, ати­пия­лық пневмония негізінен SARS-ты білді­реді. Бұл – адамнан адамға жұғатын коро­навирустың қоздырғышы. Яғни, Тайвань вирустың адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін ресми түрде ескерт­кені анық. Бұл жерде хатқа жете мән бермеген ДДҰ тарапы екені айтпаса да түсінікті.

Ұйым мен Тайваньның түсініспеушілігі мұнымен бітпейді. ДДҰ-ның бас кеңесшісі, доктор Брюс Эйлуард RTHK арнасына видео арқылы берген сұхбаты да сынға ұшырады. Әңгіме барысында журналист ұйым өкілінен Тайваньның вируспен күресуі туралы сұраған еді. Б.Эйлуард «Қы­тай туралы айтып қойдық. Егер Қытай­дың түрлі аймақтары туралы сөз қозғасақ, олар да жақсы жұмыс істеп жатыр», деп жауап берді.

ДДҰ бас кеңесшісінің пікіріне Тай­вань президенті Тсай Инг-вен сыпайы жауап қайтарып, пандемиямен күрестегі өз елінің әрекетін бағалайтын кез келетінін айтты. Ал осы елдің сыртқы істер министрі Джозеф Ву тіпті қатты кетіп, туиттердегі парақ­шасына «ДДҰ-да «Тайвань» сөзін айта ал­майсыңдар ма? Пандемиямен күрес­те саясатты қоя тұру керек», деп жазды.

Бұдан бөлек, ДДҰ-ның Бас директоры Тедрос Адханом Гебреисус тайваньдықтар жеке поштасына намысқа тиетін хат жолдағанына шағымданып, расизмге жол бергенін айтты. Бірақ Тайваньның сыртқы істер министрі өз елінің ешқашан дискри­минацияға жол бермейтінін, Қытайдың қысымы салдарынан көп ұйымнан тыс қалған Тайвань оны жақсы түсінетінін атап өтті.

Коронавирус кезіндегі ДДҰ-ның кемшілігі мұнымен бітпейді. Вирустың адамнан адамға жұғу туралы мәлімдемесі біраз елді шатастырғаны анық. Оған қоса, ДДҰ маскаға қатысты ұстанымын өзгертті. Бастапқыда маска кию вирустан қорғамайтынын айтып, көшеде тақ­пауға кеңес берген. Бірақ кейіннен маска кию қажеттігін мәлімдеді. Осылайша қара­пайым халық та кімге сенерін білмей дал.

Жалпы, кейінгі кезде ДДҰ жиі сын садағына ілініп жүр. «Шошқа тұмауы» кезінде ұйым әсіре сілтеп жіберді деп айыпталса, Эбола эпидемиясында кеш қимылдағаны үшін сынға ұшырады. Сондай-ақ ұйым қызметкерлерінің жол шығыны шектен тыс көп екені де үлкен дау туғызды. Мәселен, 2016 жылы Associated Press агенттігі ДДҰ қызметкерлері жылына 200 миллионнан астам доллар жол шығынын жұмсағанын хабарлады. Бұл – ДДҰ-ның туберкулез, ЖИТС (СПИД), безгек ауруларымен күреске бөлген қар­жысынан көп. Сонымен қатар ұйымның сол кездегі Бас директоры Маргарет Чанның Батыс Африка елдеріне барғанда бір түні 1000 доллар болатын қонақүйде түнегені де баспасөзде қызу талқыланды.

Бұдан бөлек, Зимбабвенің бұрынғы президенті Роберт Мугабенің Денсаулық сақтау ұйымы елшісі атануы да қатты сын­ға алынды. Әсіресе халықаралық қоғам­дастық диктатор Мугабенің адам құқы­ғын сақтамайтынын айтып мәселе көтер­ген. Ақыры ұйым бұл шешімінен бас тартты.

Қорыта айтқанда, АҚШ қаржылай қолдауын тоқтатса, Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымына оңайға соқпайды. ДДҰ кейінгі кезде жиі сынға ұшырап жүргенін ескерсек, соқыр тиынын санап үйренген миллиардер Дональд Трамптың қаржылық қолдауды тоқтату туралы айтуы бекер емес.