Әлем • 20 Сәуір, 2020

Испания тағдыршешті кезеңде тұр

261 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Испания коронавирус салдарынан құлдыраған экономиканы аяққа тұрғызып, әлеуметтік жағдайды реттеу үшін бүкіл партияның басын біріктірмек. Алайда оппозиция ел премьер-министрі Педро Санчестің жос­парын қолдауға құлықсыз.

Испания тағдыршешті кезеңде тұр

Пиреней түбегіндегі мемлекет қазіргі таңда коронавирустан қатты зиян шеккендер қатарында. Бүгінге дейін Испанияда 185 мыңға жуық адам COVID-19 вирусын жұқтырып, 19 мыңнан астамы қайтыс болды. Бүкіл ел аумағында карантин жарияланып, экономика тұралап қалды.

Дағдарыстың салдарын жеңілдетуге қатысты биліктің қабылдаған шешімдері сын көтерер емес. Сондықтан П.Санчес парламенттегі партиялардың бәрін ортақ мәмілеге келуге шақырып отыр. Премьер-министрдің сөзіне қарағанда, бұл қадам өткен ғасырда қабылданған атақты «Монклоа пактіне» пара-пар болмақ.

«Дәл қазір және келешекте де... вирус­тан басқа жауым болмайды. Ешкім бұл со­ғысты жалғыз жеңе алмайды. Бірік­сек қана вирусты ауыздықтап, оның кел­тір­ген зардаптарын жоя аламыз», деді П.Сан­чес парламенттегі партияларға жасаған үндеуінде.

Премьер-министр Педро Санчестің «Мон­клоа пактін» мысалға келтіруі бекер емес. Өткен ғасырдың бел ортасын­да Испанияда генералиссимус Франциско Франко билік құрғаны белгілі. Испания каудильосы (көсем) кезінде Пиреней түбегінде диктаторлық  жүйе орнады. Алайда 1975 жылы Франко қайтыс болғаннан кейін таққа Хуан Карлос отырды. Дәл осы кезең­де Испанияның демократиялық жо­лы ретінде конституциялық монархия таң­далды.

«Монклоа пакті» – сол дәуірде қабыл­­данған, тағдыршешті құжат. 1977 жылы парламентке сайланған бүкіл партия ортақ мәмілеге келіп, 40 жыл бойғы дик­таторлық жүйені бұзуға, елді демокра­тиялық бағытта дамытуға шешім қабыл­дады. Осылайша елдегі цензура жойылып, баспасөз еркіндігіне жол беріліп, оппо­зи­ция түрлі артықшылық иеленді. Келі­сімге премьер-министрдің ресми резиденциясында қол қойылғандықтан, «Монклоа пакті» деп аталды.

Бір жағынан, Испания премьер-министрі­нің әрекеті «суға кеткен тал қармай­дының» әрекеті іспетті. Қазіргі таңда П.Санчестің Испания социалистік жұмыс­шылар партиясы Сенатта – 115, ал Конгресте – 120-орынға ие. 2019 жылы өткен парламенттік сайлауда социалистер басым дауыс иеленгенімен, көпшілікті құрау үшін Халықтар партиясымен(ХП) бірлесіп, үкімет құрған. Алайда ХП өзінің оппозициялық көзқарасын сақтап қалды. Испания парламентінің ерекшелігі – Кон­­гресс көпшілік дауыспен жоғарғы пала­та – Сенаттың кез келген шешімін қайтара алады. Сондықтан П.Санчес үшін Кон­гресте көпшіліктің қолдауы өте маңызды.

Енді экономикалық дағдарыс пен панде­мияның салдарымен күресіп, бірлесе жұмыс атқару үшін П.Санчес Халық­тар партиясымен және Vox партиясымен келісімге келуі тиіс. Бұл екі партия был­тырғы сайлауда тиісінше екінші және үшінші орындарға тұрақтаған-ды. Бірақ П.Санчес үшін олармен тіл табысу оңай соқпайтын сыңайлы.

Халықтар партиясының жетекшісі Пабло Касадо премьер-министрдің ұсы­ны­сын қабылдамайтынын, П.Санчес коро­­навируспен күресте жіберген кемші­ліктерін бүкіл партияға артып қоймақ деп есептейтінін жеткізді.

«Бізге сценарий мен актерлерін білмей­тін қуыршақтар қойылымын ұсын­баңыз. Сізге белгілісі – шымылдық түсіріл­генде қателеріңізге бәрімізді жауапты ет­пексіз», деді П.Касадо премьер-министрге.

Сонымен қатар П.Касадо жаңа «Мон­клоа пактіне» қол қою үшін телефонмен сөй­лесу немесе екіжақты кездесу жеткі­ліксіз деп есептейді. Оның айтуынша, үкімет денсаулық сақтау саласындағы олқы­лық­тарды реттеуге, пандемиядан кейін­гі экономикалық дағдарысқа әзірле­нуі керек.

П.Санчестің ұсынысы биліктің дәмін татқандарға ұнай қоймайтыны түсінікті. Өйткені партиялар ортақ мәмілеге келсе, қазіргі премьердің саяси салмағы арта түспек. Мәселен, бұған дейін премьер-министр лауазымын атқарған Хосе Мария Азнардың пайымдауынша, социалистер коалиция құрған солшыл Podemos партия­сы өз ықпалын күшейтуді көздейді.

Ал Vox партиясы П.Санчестің ұсыны­сына үзілді-кесілді қарсы болып, үкімет тарағанда ғана келіссөз үстеліне отыратынын мәлімдеді.

Азаматтар партиясының жетекшісі Иньес Арримадас партиялардың ортақ келісімін қолдайтынын жеткізді. Оның пайымдауынша, жаңа пакт үш бөліктен тұруы тиіс. Біріншісі – ауруханалар мен орталықтарды қорғаныш маскасымен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Екіншісі – пандемиядан қатты зардап шеккен өндіріс ошақтарын қолдайтын экономикалық стратегия әзірлеу. Үшіншісі – қоғамның әлсіз топтарына әлеуметтік көмек көрсету.

Каталония аймағының президенті Куим Торра премьер-министрдің ұсыны­сына қатысты пікір білдіруден бас тартты. Оның айтуынша, Санчестің бастамасында нақты ештеңе көрсетілмеген.

Оппозицияның қарсылығына қара­мастан, Испания халқының басым бөлігі парламенттің ортақ мәмілеге келіп, коронавирус салдарымен бірге күресуді қалайды. Әлеуметтік зерттеулер орталығы (CIS) жүргізген зерттеуге сүйенсек, сауалдамаға қатысқандардың 91,4 пайызы үкі­меттің ұсынысын қолдайтынын айтқан.

Бірақ П.Санчес ұсынған жаңа «Мон­клоа пактін» партиялар бірауыздан қол­дай­тынына сену қиын. Әрі жаңа құжат кезінде қабылдаған құжаттан мүлдем бөлек. Біріншіден, «Монклоа пактін» Конгреске мүше бүкіл партияның бәрі қолдады. Екіншіден, ол құжатта атқарылатын жұмыс жоспары ғана көрсетілген жоқ. Онда күн тәртібіндегі мәселелер анықталып, оларды шешу жолдары келісілді. Үшіншіден, үкімет бүгінге дейін пандемиямен күрес үшін бірқатар нақты шешім қабылдады. Мәселен, оның қатарында баланы жалғыз тәрбиелеп отырған отбасыларға қаржылай көмек көрсету бар. Алайда 1977 жылы қабылданған пактіде алдын ала ешқандай іс-әрекет жасалған жоқ. Әуелі келісім жүргізіліп, содан кейін ғана нақты шаралар атқарылды.

Қысқасы, Испания парламенті тағдыр­шешті кезеңде тұр. Әлбетте, жаңа құжат кезіндегі «Монклоа пактіне» тең кел­мейтіні белгілі. Премьер-министр­дің ұсынысын партиялардың бірі қолда­ғанымен, келесісі мүлдем қарсы екенін ескерсек, П.Санчестің бастамасының келешегі бұлыңғыр болып тұр.