Медицина • 20 Сәуір, 2020

Кей өңірлерде жұқтыру деңгейі жоғары

250 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жұма күні Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздегі коронавирустық инфекцияның ағымдағы жағдайына арналған баспасөз мәслихатын өткізді.

Кей өңірлерде жұқтыру деңгейі жоғары

«Бүгінде елімізде коронавирус жұқтырғандардың 79 пайы­зының ауруы симптомсыз немесе жеңіл өтуде. 18 пайыз нау­қастың жағдайы орташа болса, 21 адамның халі ауыр, ал 2 адам аса ауыр күйде жатыр. Сон­дай-ақ олардың ішінде бір жас­қа толмаған екі бала бар. Олар клиникалық хаттамаға сәйкес қандай препараттарды қандай мөлшерде беру керектігі бекітілген тәртіпке сай ем алуда. Біреуінің жағдайы қанағаттанарлық, вирус анықталғанымен аурудың белгісі байқалмайды. Екінші бала ауыр халде. Бірақ ол бала туабітті патологиясына байланысты ауыр жағдайда жатыр. Жалпы індетке душар болғандардың барлығының жағдайы бақылауға алынған. Вирус ошақтарымен байланыста болған 31 512 адам анықталды. Оның ішінде 30 850 адам (98 пайызы) оқшауланған. Елде ауруды жұқтыру деңгейі 15 пайыздық мөлшерде. Алайда кейбір өңір­лерде бұл көрсеткіш 20-дан 60 пайызға дейін жетіп отыр. Бұл өңірлерде енгізілген карантин тәртібін қатаң сақтауды талап етеді», деді А.Есмағамбетова.

Бас санитар 14 сәуірде каран­тиндік шараларды күшейту туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Қаулыны таныстырған ол: «Бар­лық ауруханалар күшейтілген эпидемияға қарсы режімге көшеді, онда әр пациент коронавирусқа күмәнді ретінде қабылданады. Науқастарды қабылдауға және диаг­ноз қоюға қатысатын ауруханалар мен емханалардың барлық медициналық қызметкерлері жеке қорғаныш құралдарын пайдалануы керек», деді.

Қаулы бойынша карантиндік және провизорлық ауруханаларда талап күшейтіледі. «Стацио­нар­ларда бейнебақылау камералары орнатылып, тиісті желдету
жүйесі жолға қойылуы тиіс. Меди­циналық ұйымдардың әр ауысымы бір-бірінен оқшаулана жүруі керек. Сондай-ақ дезинфекция режімі қатаң сақталып, барлық қызметкерлердің денсаулығы күнделікті тексеріледі. Осыған байланысты барлық бас дәрігерлер қызметкерлерді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге міндетті, бұған олар жауап береді», деді А.Есмағамбетова.

Еліміздің 13 өңірінде 423 медицина қызметкері COVID-19 вирусын жұқтырған. Бас санитардың хабарлауынша, олардың жартысынан көбі Алматыда анықталған. «Ме­­дицина қызметкерлері ара­сын­­да 423 коронавирустық инфек­ция жағдайы тіркелді. Бұл 13 өңір­­де тіркелді. Жоғары көрсет­кіш Ал­матыда – 53 пайыз. Ал Нұр-Сұлтанда – 33 пайыз, Шым­кент­те 24 пайыз», деді А.Есмағамбетова.

Сондай-ақ коронавируспен күреске тартылған дәрігерлердің жет­кілікті екенін жеткізген ол: «Ме­дициналық ұйымдарда дәрі­гер­лердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында әр өңірде 10 пайыз­дан бастап 20 пайызға дейін резерв қарастырылған. Сондықтан бүгінде медицина қызметкерлері жеткілікті», деді.

Коронавирустың алдын алу­дың бір­ден-бір жолы карантин екенін баса қайталаған еліміздің бас сани­тарлық дәрігері оның ұзаққа созылу, созылмауы да халыққа бай­ланысты екенін атап өтті. «Инфек­цияның таралу өрісіне тал­дау жүргізе отырып, коро­навирус жұқтырған бір адамның 80 адамға дейін жұқтыруы мүмкін екенін біліп отырмыз. Карантин кезінде де көршілер бір-бірімен әңгіме-дүкен құруды доғарар емес. Осылайша бір-біріне вирус жұқтырады. Мұндай жағдайлар кездесті. Орташа есеппен бізде коронавирус жұқтырған 1 адаммен 30 адам байланыста болады екен. Науқастардың 70 пайызының ауру белгісі байқалмайды. Демек сап-сау көрінген адамның өзі ин­фекция таратуы мүмкін. Прези­дент жанындағы Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету бойын­ша мемлекеттік комиссия төтенше жағдайды 30 сәуірге дейін ұзарт­ты. Ал карантиннің әрі қарай созылуы да өзімізге байланысты болмақ. Яғни карантин шараларын қатаң сақтап, оқшаулансақ мәселенің шешілуі де тездейді», деді ол.

 

Соңғы жаңалықтар