Қоғам • 20 Сәуір, 2020

210 мың отбасы қаржылай көмек алады

254 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің отырысында төтенше жағдай кезінде тұрғындардың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына одан әрі көмек көрсету тетіктері талқыланды. Жиынға облыс әкімдерінің орынбасарлары, партия филиалы төрағаларының бірінші орынбасарлары және «Birgemiz» аймақтық қорларының басшылары онлайн-режімінде қатысты.

210 мың отбасы қаржылай көмек алады

Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған ау­қым­ды қолдау шараларына қосымша бүгінге дейін 152 мыңнан астам отба­сыға 50 мың теңгеден біржолғы көмек көрсетілгенін атап өтті.

«Партия Төрағасы осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырып, қолдау шараларының екінші кезеңін мамыр айының басында өткізуді тап­сырды. 23 қалада 50 000 теңге көле­міндегі біржолғы төлем бұрын көмек алмаған 210 мың мұқтаж отбасына қол­дау ретінде беріледі. Отбасылық коэф­фициентті ескерсек, осы жолы бері­летін көмек 1 миллионға жуық адамды қамтымақ. Біз мұны жүзеге асыру алго­ритмін жасап қойдық. Өңірлерде қажетті инфрақұрылым – жедел штаб және аймақтық қорлар құрылды. Жауапты басшылар мен атқарушы менеджерлер бекітілді. Екінші деңгейдегі банктермен өзара іс-қимыл жолға қойылды. Қазіргі таңда кәсіпкерлер Қордың ашық та айқын қызметіне көз жеткізіп, Қор­ға қайырымдылық көмек аударуға ниет­ті­лердің қатары артып келеді», деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жиынға қатысушыларға бірінші кезең барысында анықталған кемшіліктерге, оның ішінде бірқатар өңірлерде мұқтаж адамдардың тізімдерін жасауда кеткен олқылықтарға осы жолы баса мән беруді тапсырды.

«Тізімге шынында көмекке мұқтаж, материалдық жағдайы төмен  азаматтар ғана енуі керек. Қордың ресурстары шектеулі. Сондай-ақ біз азаматтар «Birgemiz» қорынан 50 мың теңге аударылғаны туралы SMS-хабарлама алып, бірақ іс жүзінде карталарына ақша түспеген жағдайды да анықтадық. Темір­тауда осындай 11, Қызылордада – 10, Қостанайда – 9, Көкшетауда – 7, Се­мейде 2 жағдай орын алған. Партия­ның аймақтық филиалдарының жетек­шілері азаматтарға қаржының түсуіне мониторинг жүргізіп, туындаған мәселелерді тез арада шешуі қажет. Жал­пы, көмек алушылардың тізімін әкім­діктер жасайтынын тағы да бір рет баса айтып өткім келеді. Бұл – сіздер­дің жауапкершіліктеріңіздегі жұмыс. Егер азаматтар сіздерге өтініш жасаса, бастарыңызды алып қашпай, олардың мәселелерін жергілікті жерде шешіңіз­дер. Осындай фактілер анықтал­ған жағдайда, Партиялық бақылау комитеті тексеріп, партияның мұндай мүшелеріне қолданылатын тиісті шаралар жөнінде ұсыныстар әзірлеуі керек. Жауапкершілік алып, қарапайым адамдардың мәселелеріне «құлақ асуға» және шешуге дайын емес шенеуніктерге қатысты Мемлекет басшысының тиісті нұсқауы бар», деді Бауыржан
Байбек.

Айта кетейік, «Birgemiz» қорының аясында кеше Jas Otan волонтерлерді Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қала­ларындағы 100 мыңнан астам әлеу­меттік осал отбасыға 5 миллион қорғаныш маскаларын тегін жеткізуді бастады. Қазірдің өзінде бүкіл ел бо­йынша 60 мыңнан астам мұқтаж отбасы азық-түлік себеттері мен бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Індетке қарсы іс-шараларға жұмылдырылған 2 мыңнан астам медицина қызметкері қордан 50 мың теңгеден алды.