Нұрсұлтан Назарбаевтың «Береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды», деп елімізді бірлікке шақырған сөздері, тек еліміз ғана емес, барша әлем дағдарысқа ұшыраған қиын-қыстау кезеңде бойымызға рухани күш дарытып, жүрегімізге сенім ұялатты. Ұлт көшбасшысының қолдау көрсеткен ақ тілеулі сөздері, өз халқына және оның үздік қадір-қасиеттеріне деген сенімі қазақстандықтарға рухани демеу болып, қуат береді. Осынау қысылтаяң кезеңде бір-бірімізге қамқор болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілік көрсетудің қаншалықты маңызды екеніне көзіміз тағы да жетіп отыр. Егемендікке қол жеткізген жас мемлекетіміздің қалыптасу жолында бірлік пен ынтымақтың арқасында талай биіктерді бағындырдық, қазір, міне қиындықтарды жеңіп шығу үшін бар күш-жігерімізді біріктіру қажет.
Елбасының жүрекжарды үндеуі бізге сенімділік ұялатып, төзімділігімізді нығайтады. Біз өз күшімізге сенеміз және осы ауыртпашылықтардан мойымай өтуге ұмтыламыз. Жаһандық әлемнің ертеңгі күніне үмітпен қараймыз, себебі бәрімізге төнген ортақ қауіпті бірігіп еңсеруге барлық мүмкіндік бар, әлемнің алпауыт мемлекеттері, сайып келгенде бір-бірін жау санамай, сенімді серіктес ретінде танитыны сөзсіз.
Тұңғыш Президенттің мақаласы бейбітшілік пен келісімнің құндылығы, туған еліміздің амандығы мен тыныштығы - осы ұлы сыйды көзіміздің қарашығындай сақтау қажеттілігі туралы ойымызды бекіте түсті.
Үрейге бой алдырып, байбалам салудан аулақ болуымыз керек. Туған халқымызға деген елдігімізді дәлелдеудің сенімді жолы – отандастарымыздың игілігі үшін нақты игі істер атқару.
Кез келген дағдарыс бір сәтке тоқтап, баға жетпес қазына – өз өмірімізді неге жұмсап жүргеніміз туралы ойлануға мүмкіндік береді. Бұл - жаңғыру кезеңі. Елбасының сөздері ойымызды түбегейлі өзгертуге, жаңа сындарға бейімделіп, тығырықтан шығатын жол іздеуге сілтейді.
Өнер қашанда әлемдегі елдерді, әртүрлі ұлттар мен дін өкілдерін біріктіруші күш ретінде әлемді танып білу құралы болып келеді. Шығармашылық өкілдері ретінде, біз болып жатқан оқиғаларды жіті сезініп, өзімізге жүктелген өнердің ізгі міндетін барынша сезінеміз. Әлемдік классикалық балет дәстүрлерін сақтап, халқымыздың ұлттық-мәдени мұрасын негізге алған Қазақ ұлттық хореография академиясының ұжымы, Отанға деген ризашылығы мен сүйіспеншілігін білдіре отырып, қоғамның рухани-эстетикалық дамуы үшін еңбек етеді.
Жас мемлекетіміздің қалыптасу тарихында Қазақстан халқы береке-бірлік пен төзімділіктің арқасында талай дүрбелең кезеңдерді бастан өткерген мысалдар аз емес. Бүгінгі таңда ел басшылығы халқымыздың амандығы мен игілігі үшін жан-жақты шаралар қабылдауда, сонымен бірге әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі де маңызды болып отыр. Елбасы мен Мемлекет басшысының жол көрсетуімен бір-бірімізді өзара қолдап, ауызбіршілік таныту осы ауыр сынақтарды еңсеруге және еліміздің жаңа жетістіктерге жетіп, өсіп өркендеуіне септігін тигізетіні сөзсіз.
Бибігүл Нүсіпжанова,
Қазақ ұлттық хореография академиясының
бірінші проректоры