Қазақстан • 21 Сәуір, 2020

Шертпе күйдің шебері

4175 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Жанғали Жүзбайдың «Қырық буын қосбасар» атты онлайн лекция-концертінде Арқа мен Қаратау өңірі күйшілерінің інжу-маржан туындылары орындалды.

Шертпе күйдің шебері

Қазақтың қасиетті күй өнерінің ежелден қалыптасқан қос арнасы – төкпе және шертпе күйлердің аймақтық ерекшеліктері, сонымен қатар техникалық-орындаушылық мәнері туралы баяндай келіп, күй шебері шертпе күйдің ішіндегі қосбасар күйлерге тоқталды. Бұл күйлердің бастауы күй Тәңірі атанған атақты күйші Тәттімбеттен басталатыны, ал Тәттімбеттің күйлері мен ол өмір сүрген кезең шын мәнінде қазақ күй өнерінің бір өркендеген, өрлеген кезеңі болып саналатыны әңгімеге арқау етілді. «Қазіргі көзқараспен шолып шығатын болсақ, орыс отаршылдығы қазақ даласына енді-енді еніп, бекініс-қалалар салып жатқан кезең еді. Сол алмағайып заманда өмір сүрген Тәттімбет шығармалары еркіндік аңсаған әуен мен азаттық туралы мағына-мәнге толы болды. Тәттімбеттің қосбасар күйлері өте көп екені айтылады. Бірақ соған қарамастан қазіргі күнге тоғыз түрі ғана жеткен. Әр түрлі нұсқаларымен, әрине. Осы тоғыз түрінің алтауын қазақтың жалпы шертпе күй өнері мәнерінің үзілмей бізге жетуіне өмірін арнаған ардагер күйші Әбікен Хасенов алып келді.

Енді осы «Қосбасарлардың» тағдыры қалай болды?

Әбікен Хасенов  ағамыз Тәттімбет күйлерін алғаш шерткенде күйтабаққа тараулатып жаздырған екен. «Қосбасардың» бірінші түрі, екінші түрі, үшінші түрі дегендей. Құрманғазы оркестріне соның әуелі бірінші тарауы түсіріліпті. Қазақтың көрнекті композиторы Латиф Хамиди нотаға түсірген. «Қосбасардың» мағынасын ұғу үшін тағы да Ақселеу Сейдімбек ағамыздың жазбаларына жүгінсек, қосбасар күйлердің көбі ойлы, адамның басынан түрлі пәндауи жағдайлар өткен кезде сабыр шақыратын, керек десеңіз, қажыр-қайрат беретін әуендер, көне сарындар деп айтылады» дей келіп, Әбікен Хасенов жеткізген «Қосбасардың» алтыншы нұсқасын тартып берді.   

Тәттімбетпен замандас болған күйшілердің бірі – Итаяқтың, сонымен бірге Сайдалы Сары Тоқа мен Қыздарбек күйшінің, оның шәкірттері Сембек, Әбди, Мақаштың өнеріне, осылардың үлгісін алып қалып, біздің заманға жеткізген Бегімсал Орынбекұлы мен Әбікен Хасеновтің, одан кейінгі күйшілік өнерді насихаттаған Қазақстанның халық әртісі Мағауия Хамзиннің еңбегіне айрықша  мән бере келе, Арқа өңірінде дарабоз күйшілердің мұрасын сақтап, халыққа жеткізуде ізгі дәстүрлердің берік сақталып келе жатқанын айтты. Мысалы, Итаяқ күйші туралы ел арасында небір аңыз-әңгімелердің сақталып қалуы соның жарқын дәлелі. Солай бола тұра Итаяқтың соңында жалғыз күйі ғана сақталыпты. Өкінішті-ақ!  Мұны таспаға жазып алған этнограф-жазушы ағамыз Кәмел Жүністегі екенін біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Бұл ретте Ж.Жүзбай белгілі қаламгердің Арқа күйлерін зерттеудегі ұшан-теңіз еңбегіне ризашылық білдіріп, арнайы атап өтті.  Әсіресе Ақсу-Аюлы өңіріндегі Итаяқ, Қыздарбек, Сембек, Әбди, Мақаш, Аққыз күйлерінің сирек нұсқаларының кейінгі ұрпаққа жетуіне К.Жүністегінің көп еңбегі сіңді, деді. Лекция-концертте Итаяқ күйшінің қазақ күй өнері мұрасында сақтаулы «Қосбасар» күйі орындалды.

Итаяқ күйшінің өз қолынан үлгі алған тағы бір ірі тұлға – Қыздарбек Төребайұлының туғанына биыл 170 жыл толмақ. «Бұйыртса, осыған орай үлкен күй жәрмеңкесі өтеді деп күтілуде» деген күйші Тәттімбеттің үлгісін жалғастырып қана қоймай, өз жанынан тың күйлер шығарып және осы күйлердің әуені мен сазына өзінше бір жаңашылдық алып келген тұлғаның «Сылқым қыз» күйінің шығу тарихын баяндады. «Қыздарбектің «Қосбасарын» алып қарайтын болсақ, біріне-бірі ұқсамайтын ұзақ-сонар үлкен бір әңгімені қозғайды. Осы ретте мен ұстазым Дәулетбек Сәдуақасов ағадан көп күй үйрендім. Сонда ол кісі Қыздарбектің күйі жалқы орындалмай, екі «Қосбасары» қатар шертілетінін алға тартатын дей келіп, солардың ішіндегі қазақтың «Мәңгілік сарын» күй антологиясына енген нұсқасын орындады.

Шертпе күйдің шебері, Қыздарбек күйлерін орындаушы тағы бір тұлғаның өнерін сүйіспеншілікпен әңгімеледі. Ол – Қарағанды облысы, қазіргі Ақжал кентінің тумасы Орал Исатаев. Дүниеден ерте озғанына қарамастан күйші қыруар мол мұра қалдырған. Әбди, Қыздарбек, Сембек, Аққыз күйлерінің тамаша тарауларын бүгінге алып келген ерекше орындаушы туралы: «О.Исатаев орындаған күйлердің ішінде көпшіліктің құлағында сарыны қалған тамаша бір туынды бар. Ол күйдің аты – «Сылқым қыз». Орал ағамыздан осы күйді үйрене жүріп, күйдің оқиғасын сұраймыз. Сонда сұрапыл күйші: «Бұл асылы бір күйші қызбен күйтартысқа түскен кезде тартылған күйі болса керек» деп әңгімесін қысқа қайыратын. Қалай болғанда да бұл күй кезінде оркестрлер, түрлі фольклорлық ансамбльдер орындап жүрген, халықтың құлағына сіңіп кеткен тамаша күйлердің бірі. Мұнда қазақ қызының көркемдігі, даналығы, далалық тұлғасы мен еркіндігі суреттеледі» деп ой сабақтады. Қазақ ұлттық күй өнерінің інжу-маржандары туралы толғақты әңгіме қос ішекті домбыраның қоңыр әуезіне ауысып, «Сылқым қыз» тартылды.

Арқадағы күй мектебін Тәттімбеттің туған жері Қарқаралыдан бастап, ішінара Ақсу-Аюлыға аялдап, Сайдалы Сары Тоқаның, Ықыластың елі – Жаңаарқа өңірін көктей шолып ой саптаған ғалым-ұстаз күйшілік өнердің қазақтың көшпелі тұрмысына тигізген әсері туралы баяндады. Осы күнгі түсінікпен қарасақ, әрине Қаратау – оңтүстікке, ал Жаңаарқа, Шет, Ақтоғай өңірі Орталық Қазақстанға жатады. Ал бірақ ерте кезде жаз жайлауы мен қыстауы бөлек дала тіршілігінің заңы қазіргі Қазақстан картасын басқаша пайымдатады.  Арқа мен Қаратау өңірі күйшілерінің мәнер-үлгісінің, сарын-дәстүрінің бірдей болып келуі, ұқсастығы, сабақтастығы сондай ой түйіндетеді. Тарихи-жағрапиялық жағ­дай­ларды екшегенде, Арқа, Қаратау, Сыр бойы, Шу бойы, Жетісу жерлерімен іргелес орналасқан ұлы бетпақдала үш жүздің жайлауы да, қыстауы да болған.  Соған байланысты кең даланы мекендеген қазақтың күй өнерінің де жақын, аралас болуы – табиғи заңдылық.  Мұның бір дәлелі – Сүгірдің күйлері, дейді  автор.  «Сүгір Әліұлы – Сайдалы Сары Тоқаның батасын алған,  Ықыластың шәкірті болған адам.  Ықылыстың да, Сайдалы Сары Тоқаның да туған жері – Қарағандының Жаңаарқа өңірі. Сүгір осы екеуінің өнерін, орындау машығын бойына шашаусыз дарытып, төкпе мен шертпе күйдің арнасын қатар толтыра алған тұлға. Мысалы, Сүгірдің «Кертолғаулары» Тәттімбеттен келе жатқан қарапайым, құлаққа сіңімді шертпелі күйлер болса, «Ыңғайтөкпе», «Назқоңыр», «Шалқыма» «Бес жорға» сияқты күйлері желдірмелі, төкпелі, екпінді, қуатты  күйлер қатарына жатады. Сүгір күйлерінің ішінде сирек орындалатын тамаша бір тараулы күйі бар.  Оған үш күй кіреді. Бұл күйлер жалпылама «Қаратау шертпелері» деп аталады. Сүгірдің немере інісі Ботабағар деген кісінің көзін көрдім. Ақсақалдың жасы 90-нан асқанына қарамастан қолы домбырадан қалмапты, ескі әуенді жақсы салатын терең күйші екен. Сол кісінің қолынан күй үйреніп, естігенімді қағып алып, кезінде күйтабаққа да жаздым. Сол кісінің тартатын әдемі бір үлгілерінің бірі – осы «Қаратау шертпесінің» бір тарауы» деп күйдің өзін ұсынды.

Сүгірдің өте бір тараулы күйлерінің бірі – «Кертолғау» күйінің алғашқы нұсқасын күйтабаққа жазған, хатқа түсірген, белгілі қобызшы әрі домбырашы Жаппас Қаламбаев ағамыз туралы да біраз мағлұматқа қанықтық. Күйші   «Кертолғаудың» әдемі бір тарауын Қаратау өңіріндегі атақты күйшілердің бірі – Атабек Асылбековтен үйренгенін айтты. Атабек күйші Сүгірдің көзін көрген, мәнерін үйреніп, шерту машығын алған сырлы күйші ретінде тарихта қалған тұлға екен. Онлайн түріндегі лекция-концертте оның тартуындағы «Кертолғаудың» бір үлгісін ұсынған күйші әрі қарайғы әңгімесін Сүгірдің шәкірті, көрнекті күйші Төлеген Момбековтің өмірі мен өнері туралы ойымен сабақтады. «Ағасы  Жәнібек Төлегеннің бойындағы күйшілік өнерін байқап, Сүгірге апарып, домбыра үйретуге қолқа салған деген дерек бар. Төлегеннің де өмірі оңай болған жоқ. Әкесі атақты Созақ көтерілісіне қатысып, қара тізімге ілікті. Төлегеннің өзі Ресейде шахтада қара жұмыс істеп, ары қарай  екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. Сол соғыстан жараланып туған еліне оралған соң да тағдыр тауқыметін көп тартады. Күйлерінің мұңлы, азалы болып келетіні сондықтан. Мінезі өте қызық адам еді. Әр күйінің шығу тарихына үңіліп отырсаңыз, соған куә боласыз. Жасы елуге келгенде ағамыз: «Біраз күй шығардым, енді маған осы шығарған күйлерім жетеді. Осыған қанағат. Мұнан кейін күй шығармайтын шығармын деп, «Қанағат» деген күй шығарыпты.  Содан кейін ары қарай да тағы біраз күй дүниеге келеді. Ал алпысқа келгенде: «Алпыс деген үлкен асу ғой. Асудан астым. Енді мұнан кейін күй тартпайтын шығармын деп жүргенде, «Асыл» атты күй туады» дейді күйші. Әлеуметтік желіден берілген концертін өнер иесі Төлеген Момбековтің «Асыл», Сүгірдің «Шалқыма» күйлерін орындаумен аяқтады. Қазақтың күй өнері тарихы туралы мағлұмат алғысы келіп жүрген жұртшылық бұл лекция-концертті жылы қабылдап жатыр. Күй орындалып қана қоймай, әр күйші туралы, күйшілік дәстүрдің қыр-сыры хақында тың деректер келтірілген мәдени жобаның жас күйшілер үшін де танымдық-тәрбиелік мәні зор екені сөзсіз.