Әлем • 23 Сәуір, 2020

Түркия Ұлттық мәжілісіне - 100 жыл

724 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бауырлас Түркия жұрты биыл ел парламентінің жүз жылдық мерейтойын тойлайды. Мұстафа Кемал Ататүріктің бастамасымен құрылған «Ұлы ұлттық мәжіліс» Анадолыны мекендеген түріктердің жарқын жетістіктерінің кепілі.

Түркия Ұлттық мәжілісіне - 100 жыл

Бір ғасырды бағындырған «Ұлы ұлттық мәжілістің» құрылу тарихы тағылымды танымға толы. Адамзат үшін өткен ғасыр қанқұйлы қырғынмен есте қалғаны белгілі. Әсіресе, Бірінші дүниежүзілік соғыс пен оның салдары жер жаһанның картасына өз қолтаңбасын қалдырып, әлемнің келбеті мен келешегін түбегейлі өзгертті.

XX ғасырға дейін Анадолыда алпауыт Осман империясы билік құрып, жарты әлемде жаулады. Түрік янычарларының атын естігеннен-ақ «қарт құрлық» сарбаздарының жігеріне құм құйылатын. Алайда Бірінші дүниежүзілік соғыс Еуропа мен Азияны жалғап, Африканы уысында ұстаған алып империяның тамырына балта шапты. Осылайша, Осман мемлекетінің дәурені өтіп, дәрмені бітіп, тежеусіз құлдырап, еңсесін жимай ыдырай бастады.

Жаһандық соғыста жеңілгендермен бірге Осман империясының билігі 1918 жылы «Мондрос» келісімшартына қол қоюға мәжбүр болды. Аталған құжатқа сәйкес, «Антантаға» мүше мемлекеттер Анадолының стратегиялық маңызы бар кез келген аймағын жаулап алуға құқылы еді. Көп ұзамай алып империяның территориясына көз алартып жүргендер қолды кеңінен салып, Түркияның қалаларын бірінен кейін бірін жаулап ала бастаған.

Әлем картасы өзгеріп жатқанда ел зиялылары империяны сақтап қалудың амалын іздегенде, Мұстафа Кемал Ататүрік көрегендігінің арқасында қысылтаяң кезеңде қожыраған халқының еңсесін тіктеп, елін егемендікке жеткізді. Түркияның арда туған асыл ері бұл шешімін «Османлы сұлтандығын сақтап қалуға тырысу, әрине түрік ұлтына қарсы ең үлкен қастандық болар еді» деп тұжырымдап, бабалардың дара жолын жалғайтын жаңа бағыт ұстануға шешім қабылдады.

1920 жылғы 16 наурызда «Антантаға» мүше мемлекеттері Ыстанбұлды басып алды. 1920 жылғы 19 наурызда Мұстафа Кемал шұғыл кеңес өткізіп, Анкарада жаңа парламент құрылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ биліктің жаңа тармағына берілетін құзыреттерді атап көрсетті.

Бір айдан кейін, 1920 жылғы 23 сәуірде Анкарада Түркия «Ұлы Ұлттық мәжілісі» ашылып, өз қызметіне кірісті. Мұстафа Кемал Ататүрік бірауыздан Мәжіліске төраға болып сайланды. Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісі мен оның 2 мамырда құрылған үкіметі Анадолыдағы азаттық соғысына басшылық жасады. Ұлттық күрестің нәтижесінде Антеп, Мараш және Урфа азат етілді. Ұлт-азаттық күрес барысында шығыс аймақтарда армяндарға, оңтүстік аймақтарда француздарға, батыс аймақтарда гректерге тойтарыс берілді.

Мұстафа Кемал Ататүріктің шеберлігі арқасында ең әуелі гректерге тойтарыс берілді. Кейіннен француздар мен итальялықтарды ығыстырып шығарылды. Ақырында ағылшындар да Түркия жерінен кетті.

«Ұлы ұлттық мәжіліс» құрылғаннан кейін үш жыл өткен соң, 1923 жылғы 24 шілдеде Лозанна келісімшарты жасалып, Түркия аңсаған азаттыққа қол жеткізді. Ал 29 қазанда Түркия Ұлы ұлттық мәжілісі Анкарада ресми түрде Түркия Республикасын жариялап, Мұстафа Кемал Ататүрік Түркияның тұңғыш президенті болып сайланды.

Бір ғасыр ішінде Түркия парламенті бірнеше рет жаңартылды. 1923 жылдан 1945 жылға дейін Анадолыда бір партиялық жүйеқалыптасып, Республикашыл халық партиясы билік құрды.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін «Ұлы ұлттық мәжіліс» көппартиялы жүйеге ауысты. Бұл үрдіс 1960 жылғы әскери көтеріліске дейін жалғасқан-ды. Бірақ билікке Ұлттық билік комитетінің келуімен Парламент екі палатадан құралып, Сенат – жоғарғы палата саналды.

Ал 1982 жылғы қабылданған Конституцияға сәйкес, «Ұлы ұлттық мәжіліс» құрылымдық өзгеріске ұшырап, заманауи сипат иеленді. Осылайша, елді басқару бір палаталы парламенттік жүйеге ауысты.

Қорыта айтқанда, «Ұлы ұлттық мәжіліс» қай тұрғыдан алып қарағанда да Түркия тәуелсіздігінің темірқазығына айналды. Ататүріктен басталған сара жолды бүгінде әлем халқы аузының суы құрып әңгімелейді. Бауырлас түркі халқын мерейлі мерекесі – «Ұлы ұлттық мәжілістің» жүз жылдық жылнамасымен шын жүректен құттықтаймыз.