Әкімнің тиісті салаларға жауапты орынбасарлары өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі туралы есеп берді. Бірінші кезекте коронавирустық инфекциямен күрес және аймақтағы шектеу шараларын сақтау мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, күн тәртібінде көктемгі егіс дала жұмыстарының орындалу барысы, карантин режимі жағдайында өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысы, сонымен қатар, дағдарыстан кейінгі кезеңде экономиканы қалпына келтірудің алгоритмдері қаралды.
Өңірде газ және сумен жабдықтау және аумақты абаттандыру бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған. Бердібек Сапарбаев ағымдағы жылға жоспарланған және өңір экономикасының дамуына әсер ететін негізгі жобаларды бақылауда ұстау және іске асыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттің халықты осындай қиын уақытта қолдауының нәтижесінде 200 мыңнан астам жамбылдық тұрғындар 42500 теңге көлемінде көмек алған. Ал, халықтың әлеуметтік осал топтарынан тұратын жеті санаттағы азаматтарға 15 мың теңге көлемінде коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу тетігі пысықталуда. Облыс бойынша оған 119 мыңға жуық адам үміткер болып отыр.
Жамбыл облысы