Аймақтар • 22 Сәуір, 2020

Таразда 100 отбасы карантин біткенше ыстық тамақпен қамтылады

219 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тараз қаласында 100 отбасы карантин біткенше ыстық тамақпен қамтылатын болады. Бұл игілікті істі «NOMAD MMA» федерациясының президенті Гаджи Гаджиев қолға алып отыр. Әрбір отбасына тиесілі ыстық тамақ Тараздағы «Chinara» мейрамханасында дайындалды. Ас мәзірін «Дәмді тағамдар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Ғани Каримов 3 аспазшымен бірге әзірлеген. Сонымен қатар, мұндағы жұмысшылар да ақысыз еңбек етуде. Ал тамақтарды үй-үйге жеткізу үшін тараздық еріктілер тартылған.

Таразда 100 отбасы карантин біткенше ыстық тамақпен қамтылады

«Жалпы бір реттік ыстық тамақпен қамтылатын адамдардың санатына мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнетақысы төмен зейнеткерлер және жағдайы төмен жалғызілікті қарттар еніп отыр. 100 адамды біз арнайы іріктеп алдық. Карантин уақыты біткенше аталған тұрғындар түс мезгілінде бірінші және екінші ас мәзірлік тамақпен қамтылады. Сондай-ақ, оларға сусындар мен өзге де қажетті заттар жеткізіледі. Мүмкіндігі шектеулі және жалғызбасты жандардың үйлеріне тамақтарын жеткізіп беру үшін 10 тараздық ерікті жас ниет білдірді. Осылайша біз қиын кезеңде мұқтаж жандарды назардан тыс қалдырмай, демеушілер есебінен қайырымдылық көрсетудеміз», дейді Тараз қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова.

Жалпы, Тараз қалалық әкімдігі карантин кезеңінде тұрғындарды азық-түлікпен қамтуда да бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, қаладағы екі бірдей тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылғанда да әкімдік тарапынан тұрғындарға тиісті көмек көрсетіліп келген болатын. Бұл бастама қазіргі кезде де жалғасын табуда.

 

Жамбыл облысы