Руханият • 24 Сәуір, 2020

Корейлер отандасымыздың ерлігіне риза

368 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореяда 10 адамды өрттен құтқарып, жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Корейлер отандасымыздың ерлігіне риза

The Korea Times газетінің хабарла­уынша, оқиға осыдан бір ай бұрын, яғни 2020 жылдың 23 наурызында Гангуон провинциясындағы Янгянг қалашығында болған екен. Әлиакбар Юлдашев есімді отандасымыз түн ортасына қарай үйіне оралғанда түтін иісін сезеді. Пәтерлердің бірінде өрт шыққанын түсінген ол «өрт, өрт» деп айқай салып, ғимараттағы тұрғындарды оятады.

Қарбаласып жүргенде көмек сұрап айғайлаған әйелдің даусын естіген, бірақ пәтердің есігін аша алмапты. Әлиакбар көп ойланбастан пәтерге газ құбыры және кабель арқылы өрмелеп, пәтерге кіріп, әйелді алып шығыпты. Сондай-ақ ғимаратта болған тағы 10 адамды тілсіз жаудың тырнағынан аман алып қалған. Өкінішке қарай, өрт шыққан пәтерде болған әйел кейіннен ауруханада көз жұмады.

4

Ал Әлиакбар мойнын, арқасын және білегін отқа күйдіріп алған. Қазақстандық жігіт ерлігі туралы да, өрт кезінде денесін күйік шалғаны туралы да туыстарына тіс жармапты. Медициналық көмектен де бас тартқан. Алайда көршілері бой бермей, оны ауруханаға жеткізіп, емге кететін шығынды өздері төлепті.

«Мен туралы хабар газетте, интернетте, фейсбукте шыққаннан кейін үйдегілер оны көріп, анам жылап жібереді. Ол білмейтін еді. Көрді. Қолым, құлағым, мойным дәкемен оралған. Жұмыста ондай-ондай болады, құлап түстім дедім», дейді Әлиакбар «Хабар24» арнасына берген сұхбатында.

Әлиакбар Оңтүстік Кореяның Янгянг қалашығына 2017 жылы туристік визамен барған. Негізгі мақсаты жұмыс істеу болған ол сол елде қалып қояды. Сөйтіп, құжатсыз жұмыс істеген.

Оның заңсыз жүргені анықталған соң, ел үкіметі Әлиакбарды 1 мамырға дейін Қазақстанға депортацияламақ. Алайда Оңтүстік Корея тұрғындары бұған келіспейтінін, керісінше Әлиакбардың заңды жұмыс істеуіне рұқсат етіп, сыйлық беру қажет екенін айтып онлайн петиция жариялаған. Қазіргі таңда оған қол қойғандар саны 10 мыңнан асып жығылады.

Янгянг ауданы әкімшілігінің айтуынша, Әлиакбарға заңды жұмыс істеуге рұқсат беру мәселесі қазіргі таңда қаралып жатыр. Бұл мәселе Оңтүстік Кореяның Денсаулық сақтау министрлігінің назарында. Алда-жалда аталған ведомство қолдап жатса, Әлиакбар Оңтүстік Кореяда тұрақты тұруға рұқсат алуы мүмкін.

Korea JoongAng Daily сайтының мәліметіне сүйенсек, Әлиакбардың ерлігін ескерген LG Welfare қоры оған «Гуманитарлық сыйлығын» табыс еткен.