Эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын медицина қызметкерлеріне қаржылық қолдау көрсету мақсатында денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысына үстемеақы белгілеу ережесі әзірленгені белгілі, онда тәуекел топтары, алушылардың тізімін қалыптастыру тәртібі және төлем мөлшері анықталған болатын.
А.Жұмағұловтың ақпараты бойынша, Денсаулық сақтау министрінің 4 сәуірдегі бұйрығына сәйкес 3 тәуекел тобы анықталып, медициналық қызметкерлердің тізімін қалыптастыру тәртібі және төлем мөлшері бекітілген.
«Мысалы, бірінші топқа коронавирусы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін анықталған реанимация бөлімшелері мен басқа да стационарларды қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медициналық қызметкерлері кіреді. Үстеме жұмыс істеген кезеңге тепе-тең айына 20 есе ең төменгі жалақы мөлшерінен (850 мың теңге) аспайды, екінші топқа провизорлық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медициналық қызметкерлері, сондай-ақ жедел медициналық жәрдемнің дәрігерлері мен фельдшерлері, оның ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар жанындағы (шұғыл шақырудың 4 санаты туралы сөз болып отыр), сондай-ақ олар тартылған жағдайда санитарлық авиацияның дәрігерлері мен орта медициналық қызметкерлері, оларға үстеме айына 10 есе ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайды (425 мың теңге), ал үшінші топқа дәрігерлер, карантиндік стационарлардың орта және кіші медициналық қызметкерлері, жедел медициналық көмек бригадаларының жүргізушілері, сондай-ақ эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тікелей қатысатын зертханалардың мамандары, СЭС қызметкерлері, эпидемияға қарсы іс-шараларға байланысты биологиялық материалды алу үшін ЖРВИ, пневмониясы бар пациенттерді қабылдауға белгіленген шұғыл стационарлардың және жедел-жәрдем медициналық емханалары ұйымдарының қабылдау бөлімшелерінің қызметкерлері, жедел штабтардың мүшелері, блок-бекеттерде карантиндік режімді қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлері кіреді, үстемеақы айына 5 есе ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайды (212 мың теңге). Үстемеақы алушылардың тізімдерін өңірлік комиссиялардың жедел штабтары қалыптастырады, олардың төрағалары болып өңірлер әкімдерінің орынбасарлары тағайындалады. Комиссиялардың құрамына денсаулық сақтау басқармаларының, өңірлік, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Үстемеақы республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Қор төлемдерді комиссиялар беретін тізімдер бойынша жүргізеді», деді ол.
Сонымен қатар А.Жұмағұлов өз сөзінде атап өткендей, жалпы эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медициналық қызметкерлерді қаржылай қолдауға 35,7 млрд теңге бөлінген. Наурыз айында 17,4 мыңнан астам медицина қызметкерлеріне 3,3 млрд теңгеден астам қаржы аударылған. Ең үлкен сома Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының медицина қызметкерлеріне (шамамен 1,9 млрд теңге) төленген.
«Ең көп үстемеақы үшінші санат бойынша төленді – шамамен 9 мың қызметкерге 846 млн теңге. Екінші тәуекел тобы бойынша 1,8 млрд теңгені 7 мың медицина қызметкері алды. Бірінші санаттағы 1 400 медицина қызметкері 717 млн теңге алды. Оның ішінде 2,5 мың емхана қызметкерлері жалпы сомасы 185 млн теңгеге, сондай-ақ «Жедел жәрдем» бригадаларының 4 мың қызметкері жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге ынталандырылды», деді А.Жұмағұлов.